Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 12 Қазан 2024

Керекудегі театр керуені. Біздің кеудеміздегі толқулар мен дүмпулер

1
Фото: Есенжол Исабек

Қазақ театр өнерінің бүгінгі келбетін, шығармашылық өсуін немесе өнер ұжымдарындағы кемшін тұстарды айқындап беретін бірден-бір шара – театр фестивалі.

Сондай мақсатта қолға алынған «Ертіс-Баян» атты I Республикалық театр фестивалі қыркүйек айында Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрында өтті. Шығармашылық сайыста керекулік театр У.Шекспирдің «Ричард III» трагедиясын Сергей Левицскийдің режиссурасында ұсынды. Левицский пьесаның мазмұнын психологиялық толғаныстар барысында ашудан гөрі сыртқы формаға мән берген. Мұнда төрт жүз жылдан астам уақыт бұрын жазылған шығарма идеясының бүгінгі күнмен үндескендігіне куә болдық.

Жалпы У.Шекспирдің драмалық туындылары өте жиі сахналанады, бірақ қисынды сахналық шешімдерге өте сирек куә болып жатамыз. Оның стилін әркім тереңнен түсіне бермейді, сондықтан да бойына сіңіре алмайды. Ал У.Шекспир театры – бетінен бір масканы әп-сәтте лақтырып, екіншісін бірден киіп алатын шебер актерлер театры. С.Левицскийдің қойылымында автор суреттеген кейіпкерлердің бейнесі дәл. Яғн сахнадағы актерлік кейіптер пьесаны оқығаннан кейін жеке қиялда пайда болған бейнелермен сәйкес келеді. Авансценадағы бассейн, сонымен бірге әр көріністегі адам өлімінде қолданылатын отбасылық фотосурет тәрізді детальдар кейіпкерлердің мінезін, олардың ішкі жан дүниесін ашуға ықпал еткен. Шығармадағы кейіпкерлерді үнемі өлтіріп жүретін бет перделі адамның көрерменге интрига туғызғаны анық. Соңында оның Ричардтың өзі болып шығуы қойылымның қисынды нүктесі болған. Жалпы біз саяси тақырыпқа негізделмеген, адами құндылықтар мен қарым-қатынастарға құрылған спектакльдің куәсі болдық.

Ал С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық драма театрының репертуарындағы режиссер Азамат Нигманов сахналаған «Сәке-Мәке» деп аталатын (жанры комедия емес) спектакльде қазіргі таңда қоғамда белең алып отырған өзекті мәселелер: жемқорлық, отбасы мүшелерінің бір-бірімен қарым-қатынасы, психологиялық қысым, т.б. қамтылған. Әлішер Рахаттың аудармасындағы А.Н.Островскийдің «Доходное место» пьесасы бойынша қойылған спектакль актерлердің екі қатарға тізіліп тұрып, Олжастың артынан айтқан сөздерін қайталауынан басталады. Қаз-қатар орналасқан әрбір орындаушының бетіне ақ бояумен көңіл күйдің, екіжүзділіктің белгісін көрсету үшін сурет салынған. Алайда актерлердің сол бояуға лайық ойын көрсете алмағандығынан кейіпкерлерінің мінез ерекшеліктері ашылмаған. Актерлік шынайы ойын болмағандықтан беттеріндегі маска, керісінше, олардың барлық эмоциясын жауып тастаған.

Мұнда тек Олжас – Нұрлыхан Файзиевтің бояусыз жүргендігі оның қоғамда өз орнын таба алмағандығын білдірсе, екіншіден, таза, пәк көңілдің лас ортаға жуығысы келмейтіндігін көрсетеді. Н.Файзиевтің физикалық тұрғыдағы жеңіл қозғалысы, қисынды пластикасы жағымсыз ортадан қашып, бар көңілін оқу-білімге бұрған жігіттің эмоциясын барынша ашып көрсетуге бағытталған. Спектакльде Н.Файзиев өзінің осы кейіпкері арқылы таза жолда жүріп адасқан адамның тәубесіне келуін көрсетеді. Алғашқы көріністе алаяқтыққа бармайтын ол жанындағылардың, соның ішінде әйелінің азғыруымен жамандықты бойына жинап алды. Режиссер мұны Олжастың ішін өсіріп көрсету арқылы жеткізген. Біз осы тұста адамның бойындағы психологиялық және физикалық өзгерісін көрдік. Ал жасаған барлық теріс істерін түсініп, қайтадан түзу жолға түскенде Олжас – Н.Файзиев ішіне салып толтырған заттарды шығарып тастап, өзінің жан дүниесін тазартады. Бұл тікелей бағыттағы шешім болғанымен көрермен үшін өте түсінікті.

Дегенмен орындаушының осындай сыртқы қимыл-қозғалыстарымен ғана шектеліп қалғандығын байқадық. Олжастың психологиялық толғанысы ойын барысындағы даму жүйесі арқылы жетпеді. Сонымен қатар актердің өз кейіпкерін түсініп, жетесіне жеткізіп ойнауына сахналық серіктестерінің де көмегі аз болды. Сондықтан біз шығармашылық тандемге негізделген ойын көре алмадық. Мұнда әрбір орындаушы өз алдына тек мәтін айтумен ғана шектелген.

Режиссер А.Нигманов пен суретшілер Элле Ранч, Қ.Дүйсенбектің шешіміндегі екі дөңгелек үстел бірде шаңырақ бейнесінде көрінгенімен, енді бірде – шамадан, келесіде тіпті ішімдік құйылатын бөтелкенің қызметін атқарады. Бұл арқылы қазақтың қасиетті шаңырағының бүгінгі таңда қасиетінен айырылып бара жатқандығын меңзейді. Яғни Мәке мен Сәкелер бар жерде ештеңнің құны жоқ. Келесі көріністегі екі ағайындының сол дөңгелек үстелдерді екі жаққа айналдыра бағыттауы бауырлар арасындағы алауыздықты, шаңырақтың шайқалуын байқатады. Сонымен бірге режиссер мен суретшілер символдық тұрғыда алынған осы детальды әрбір қазақтың қорғаны ретінде де көрсете алған.

Актерлік эмоция мен олардың ойынының бір-біріне қарама-қарсы болуы – бүгінгі қоғамның көрінісі. Біз күнделікті адамның жылтыраған сыртқы түр-кейпін ғана көріп, оның өмірінде шын мәнінде нендей қиындықтар бар екенін немесе болып жатқанын білмеуіміз мүмкін. Өйткені бетперде киген қалпы өмір сүріп жатқан жандар арамызда өте көп. Қызметте өсу жолында Мәке-Сәкелерге жағамын деп адами қасиеттерінен ажыраған адам психологиясы көрініс тапқан. Мұны режиссердің бүгінгі қоғамдағы адам табиғатын ашудағы тәсілі ретінде қабылдадық. А.Нигманов әр кейіпкердің болмысын анық аңғартатындай актерлерге қимыл-қозғалыс берген. Беттеріне салынған суреттер мен іс-әрекеттерінен олардың кім екенін аңғару қиын емес. Олардың бірі – азғырушы, бірі – қызметкер, бірі – сырттан бақылаушы, т.б. Орындаушылар осындай әлеуметтік сипаты бар кейіпкерлерді дауыстарындағы өзгерістермен, жылдам қимылдарымен жеткізеді. Дегенмен біз актерлік ансамбльден психологиялық тұрғыдан өсуін көрудің орнына тек режиссер айтқан қимылдарды қайталайтын, өз бетінше ізденбейтін актерлерді көрдік.

«Сәке-Мәке» деген жағымпаздық бүгінгі күннің ең үлкен ауруы десек қателеспейміз. Бір қызығы және өкініштісі – біздің сол аурумен ауырғымыз келіп тұратыны. А.Нигмановтың айтпағы – «көрерменнің көңілі адам өміріндегі таза жолды ұстанып жүрген Олжасқа бұрады ма, жоқ әлде Мәке-Сәке деп жүрген жағымпаздарды жақтайды ма?» деген сауалға саяды. Бұл қойылым сонысымен құнды.

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрындағы Батыр Коллаевтың режиссурасымен қойылған «Шинель» спектаклінде сахна кеңістігі қара көлеңке бояуда әрленген, оның қақ ортасында төрт орындық, оң жақ шетінде шашылған кітапқа толы үстел тұр. Қойылым бірден Акакий Акакиевичтің дүниеге келуінен басталады. Ислам Жақсылықтың ойынынан бұл кейіпкердің кескін-келбетін, мінез-құлқын, өзіндік ұстанымын, тіпті қимыл-қозғалысына дейін терең ізденгенін байқадық. Ол қоғамдағы кішкентай адамның қорлыққа толы өмірін кеңінен аша білген. Әр сөйлеген сөзінде ерекше тембр, пластика, икемділік жатыр. Оның жалғыз қуанышы – жаңа пальто (шинель) еді. Жаңа киімді көз алдына елестетіп, сол туралы оймен өмір сүріп, ақыры барлық ақшасын шинельге жұмсаған оның сол ақшаны жинағаннан бастап көретін қорлығын актер ынжық күйде береді. Орындаушының кекештеніп сөйлеуінің өзі образға ерекшелік берген.

Н.В.Гогольдің шығармасында Акакий Акакиевич жазу жазғаннан рахат алып, үстелін көргенде өзін бақытты сезінеді. Ал И.Жақсылық режиссердің трактовкасы бойынша, керісінше, Акакийдің одан жиіркенетінін көрсеткен. Яғни мұнда бүгінгі қоғамда өздері жақсы көрмейтін іспен айналысып жүрген адамдардың кейпі бар. Сондай-ақ суыр бейнесіндегі Гүлдана Асқарованың шынайы қозғалысы, жағымсыз күлкісі, бірде – мысық, бірде – жын кейпіне енген сәтіндегі өзгерістері көрерменін сүйсіндірді. Кейіпкердің сахналық сөзі болмағанымен оның шығармадағы орнын пластикалық қимыл-қозғалыстарымен шебер жеткізе білді.

Дегенмен режиссер шығарманың көркемдік мәнін толық аша алмаған. Әдеби нұсқа мен сахналық қойылымның арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Сахналық жүйеде оқиғалар желісі қысқартылғандықтан бірізділіктен ажырап кеткен. Сондықтан Акакийдің дүниеге келуінен өліміне дейінгі аралықтағы оның тағдыры режиссерлік шешім арқылы айқындалмайды. Алайда мұндай кемшіліктерді көпшілік сахнадағы актерлердің ойыны байқатпады. Олардың жалындаған энергиясы, әрбір орындаушының болып жатқан ситуацияларға қарай берілетін өзіндік реакциясы, эмоциясы қойылымның темпоритмін жоғары деңгейде ұстап тұрды. Шығармашылық қарым-қабілеті жоғары, талантты актерлік құрам болғанымен, өтіп жатқан оқиғаларға сай дүмпулер мен толқыныстар жетіспеді.

Жалпы қойылымның жанры – постапокалиптикалық драма. Бұл – планеталық апаттан кейінгі болатын жағдайлар туралы әңгіме. Бірақ бағдарламада жанр «музыкалық фарс» деп берілген. Осы жерде бұлардың бір-біріне сәйкес келмейтін әртүрлі жанрлар екенін айтқымыз келеді. Режиссер постапокалиптикалық драма жасауға талпынған, бірақ сол дүниеге қол жеткізе алмағандықтан жанрын музыкалық фарс деп анықтай салған. Қорыта айтқанда, актерлік ансамбльдің нанымды әрі қызуқанды ойындарымен есте қалған спектакльге режиссер тарапынан әлі де болса ізденіс қажет-ақ.

Аяулым БЕКБАУ

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық

өнер академиясының 4-курс студенті

Тегтер: