Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:45, 25 Ақпан 2022

«Керісінше жұмыс жасап жатыр»

None
None

Жуырда «Қаңтар оқиғасын» зерттеу жөніндегі тәуелсіз комиссия өкілдері Қызылорда қаласында бас қосып, жауапқа тартылғандар арасындағы кінәсіз азаматтардың босатылуын талап етті.

«Қызылорданың бірде-бір азаматы экстремистік, ланкестік, терроризммен сотталуға, айыпталуға тиісті емес. Халықтың өмірін қор етуге, ата-ананы зарлатып, балаларды жетім етуге ешкімнің хақысы жоқ», – деді комиссия төрағасы Рысбек Сәрсенбаев.

Жергілікті жұртшылықпен кездескен комиссия мүшелеріне тұрғындар әрбір тергеу мен қиянат мұқият зерттелсе деген өтінішін айтты.

«11 қаңтар күні автокөлігімен кетіп бара жатқан жолдасымды полиция қызметкерлері тоқтатып, көліктен схемалар табылды деп айыптайды. Жолдасымды 72 сағат тергеу уақытында қинап, азаптаған. Оған байланысты іс әділ жүріп жатқан жоқ. Осы жағдайға байланысты шағымдануға келіп отырмын», –  деп мұңың шағады Жанна Бедембаева есімді тұрғын.

«Қаңтардағы оқиғаға қатысы бар» деп қамалғандардың арасында жазығы жоқ жандар жетерлік. Жиынға осы азаматтардың туыстары, соққыға жығылған  жақындарының суреттерін көрсетіп, оларды босатуын талап етті.

«Балам Магнумның қасындағы кондитерлікте жұмыс жасайды. Сол күні жұмыстан шығар уақытында митинг басталып, үйге қайтар кезінде бейнежазбаға түсіп қалған. Сол іс бойынша түнгі 1-де үйге адамдар келіп, баламды алып кетті, –  дейді наразы ана Ағима Балымбетова.

Зерттеу комиссиясы прокурорлар мен полицейлердің жұмысына қанағаттанбайды. Олар құзырлы органдар өкілдерімен кездесіп, темірторда жатқан кінәсіз қызылордалықтардың босатылуын талап етсе де, еш өзгерістің жоқтығын айтады.

«Шындықты айтқан азаматтарды қайтадан қамап жатыр. Талғат деген жігіт кеше шындықты айтып еді, бүгін қайтадан қамап тастаған. Бұл не деген сұмдық? Біз комиссияның осындай жиналыстарын Талдықорғанда, Таразда, Алматы қаласында, Шымкентте өткіздік. Бәрінде нәтиже бар! Өзге облыс, қалаларда прокуратура жұмыс істей бастады. Ал Қызылорда керісінше жұмыс жасап жатыр. Облыстық прокуратура мен ДВД басшыларын босатып, басқа жақтан адамгершілігі бар басшыларды әкелу керек. Қызылорда облысының прокуроры мен орынбасарлары егер абақтыда отырғандарды босатпайтын болса, әрмен қарай үтіктейтін болса, үстерін қыздырған үтікпен бәрібір біз шындыққа жетеміз!» – дейді Қаңтар оқиғасын зерттеу жөніндегі тәуелсіз комиссияның мүшесі Балташ Тұрсынбаев.

Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары Мақсат Қазиевтің айтуы бойынша, қаңтар айында өткен заңсыз митингке қатысқаны үшін 131 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 252 адам ұсталған екен. Оның – 256-і әкімшілік қамаққа алынып, 59-на айыппұл, 68-не ескерту берілген. Тергеу құпиясына байланысты прокурорлар басқа ақпараттарды жарияламай отыр.

Тәуелсіз комиссия өкілдері құзырлы органдарға өз талаптарын қойды.

«Егер біздің талабымызды, комиссияның шешімін шешпейтін болса, жергілікті прокуратурасы бар, антикоры мен ДВД-сына сенімсіздік танытып, басшыларына хабар береміз. Біздің аузымызды ешкім жаба алмайды. Егер мына жердегі жазықсыз азаматтарды босатпайтын болса, біз шындықты айтамыз», –  деді Балташ Тұрсынбаев.

Тегтер: