Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:02, 06 Қазан 2021

Кесар тілігінің кесірі қандай?

None
None

Әйел баланы өмірге әкелгенде алдымен «Өзі босанып па?» деген сауалдың қойылары заңдылық.

Себебі кесар тілігінен сескеніп, түрлі жайтты жайып салатындар қаншама. Расымен, солай ма? Жалпы, кесар тілігі – ғасырлар бойы жасалып жүрген хирургиялық тәсіл. Бүгінде оны шет мемлекеттер ешқандай медициналық көрсеткіштерсіз-ақ, оп-оңай жасай беретін болды. Ал бізде ше?

Бүгінде кесар тілігінің қызметіне жүгініп, қалыпты өмірге қосылғандар қатары көп. Салдарынан денсаулығына салмақ түскендер де бар. Қауіп неде? Жан-жақты ізденіп көрелік.

Бұл амал – нәресте мен оның жолдасын құрсақ қуысы мен жатырды кесу арқылы шығару. Негізінен, ана денсаулығына, жүктілік және босану кезіндегі ауыртпалықтардан туған қиындықтан құтқаруда қолданылады. Медициналық анықтамаға жүгінсек, кесар тілігі жоспарлы және шұғыл түрде жасалатын болып екіге бөлінеді екен.

– Егер жүктілік жоспарлы түрде болса, жүкті әйелдің айы-күні таяғанда ота жасалатын күн алдын ала белгіленеді. Болашақ ана бірнеше күн бұрын перинаталдық орталыққа келіп жатады. Ал толғақ кезінде ананың денсаулығында асқынулар пайда болса, мәселен, қан қысымы көтеріліп, бүйрек пен бауырында өзгерістер орын алса немесе толғақ кезінде сәбидің жүрек соғысы нашарласа, қағанақ суының түсі өзгерсе, ана мен баланың өмірін сақтап қалу үшін кесар тілігіне жүгінуге тура келеді, – дейді мамандар.

Кесар тілігінен кейін әйелде бұған дейінгі болған созылмалы аурулардың асқынып, өршуі әбден мүмкін. Мәселен, қаназдық, бронхит, пиелонефрит секілді аурулар күшейеді. Әйелдің қан қысымы жоғары болса, қант диабетімен ауырса және көзінің көру қабілеті төмен болған жағдайларда кесар тілігіне жүгінуіне тура келеді.

– Қазір әйелдердің біразының денсаулығы жоқ. Ол рас. Мәселен, бірінің қаны аз, гемоглавині төмен, бірі бүйрек жетіспеушілігіне ұшыраған, екіншісі суықтаған, бірінің көру қабілеті төмен. Бұл жағдай босанатын келіншектерді жасанды жолмен босану қызметіне жүгінуге мәжбүрлейді. Тұңғыш сәбиімді дүниеге әкелерде дәрігерлер «табиғи жолмен босанасың, мүмкіндігің мол» деді. Алайда толғақ кезінде баланы кесар тілігімен алуға тура келді. Бұл ота жалпы жансыздандыру арқылы жүргізілді. Оянған соң, қалыпқа келудің өзі қиын болды. Қызымның салмағы 4,25 келіні құрады. Үш жарым жылдан кейін ұлымды да отамен алуға тура келді. Оның салмағы 4,9 келі болғаннан соң, жатырдың тіккен тұсы жыртылып кету қауіптілігі бар деп, табиғи жолмен босануға рұқсат берілмеді. Екінші ота жергілікті анестезия арқылы жүргізілгенімен, бұл да оңай болмады. Кейін менде ұмытшақтық пайда болды. Жатырдың тіккен тұстары әлі күнге дейін ауырады. Соның салдарынан ауыр көтеруге мүлдем болмайды, – дейді алматылық Әлия.

Ал сегіз баланы дүниеге әкелген Батыр ананың пайымдауынша, қазір азық-түлік құрамында қоспалар көп. Сондай-ақ бүгінгі келіндердің қимыл-қозғалысының азаюы іштегі баланың шамадан тыс өсіп кетуіне әкелетінін айтады. «Қазір бәрі дайын. Кір жуулы, шай қайнаулы, нанды пешке салсаң пісіріп береді. Аяғы ауыр әйел барынша қозғалыста жүргені дұрыс. Оның үстіне бала теріс келсе, киізге салып аунататын, дұға оқып қайтаратын, толғақты жеңілдететін бірнеше әдіс дәстүрімізде бар. Оны жоққа шығаруға болмайды», – деді ол сөз арасында.

Кесар тілігінің тәсілдері екі түрге бөлінеді: интраперитониалды және экстраперитониалды. Қазір дүниежүзі бойынша интраперитониалды түрі (жатырдың төменгі бөлігін көлденең тілу) жиі қолданылады. Бұл операция төрт сатыдан тұрады. Алдымен құрсақ терісін кеседі. Теріні кесудің екі түрі бар: кіндік пен шат арасын тік кесу және шаттан 3 см жоғары көлденең кесу. Оңай емес. Кімді жазғырамыз? 

Айта кеткен жөн, елдегі ана мен бала орталығының статистикасы қазақстандық әйелдердің 30 пайызға жуығы осы жолмен өмірге бала әкелетінін көрсетіп отыр.

Тегтер: