Кешіккен кодекс: Дүйсеноваға миллион, кедейлерге 70 мың теңге
Біздің елде халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған қилы-қилы жобалар өте көп.
Бұған дейін үкімет «елдің әлеуетін көтереміз» деп қаншама мемлекеттік бағдарламаларды, ұлттық жобаларды, жол карталарын қолға алды. Ендігіде елдің тұрмыс-тіршілігін түзеуге әлеуметтік кодекс көмекке келмек.
Соңғы екі жылдан бері аталмыш кодексті қабылдаудың артықшылықтарын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтудай-ақ айтып жүр. Еңбекминнің айтуынша, бұл кодексті жүзеге асыру арқылы, халықтың жағдайын түзеп, жұмыссыздық атаулыны күзеп, мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай туғызып, зейнеткерлердің де ахуалын жақсартуға болады. Аталған статустағы қауымның бәрі болашақта кодекстің қызығын көрмек. Қазірде әлеуметтік кодекстің нормаларын толық жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен 3 жылға 2,3 трлн теңге бөлініп те қойды.
Мұндай жобалар бұрын да болған
Алайда сала мамандарының пайымдауынша, бізде қандай да бір жоба жүзеге асатын болса, бастапқыда жарнамасы жер жарады. Бюджеттен қаражат алынғанша, министрлердің дені өздері ұсынған реформаларды барынша қолдап, қорғап, шаң жуытпайды. Қомақты қаражат бөлінгеннен кейін сол жобалардың арты сұйылып, нәтижесі ойдағыдай болмай шығады. Әлеуметтанушы Серік Еңсебаевтың айтуынша, бұған дейін халықты жұмыспен қамтитын бірнеше бағдарламалар қабылданды. Бірақ одан қарапайым жұртшылық толыққанды жұмыспен қамтыла қойған жоқ. Артынша, тағы осы бағыттағы кемшіліктерді жоятын жол карталары қабылданды. Дегенмен «сол жол картасы аясында да ілкімді жұмыстарды толыққанды атқардық» деп тағы айта алмаймыз. Маманның пайымдауынша, бізде қай салада болмасын, кемшіліктер өте көп. Әсіресе әлеуметтік салада қордаланып жатқан мәселелер шаш-етектен.
— Осы уақытқа дейін «халықтың тұрмысын жақсартамыз, елдің әлеуетін көтереміз» деп қабылданған бағдарламалардың нәтижесі қайда?! Қазірде халық осы сауалды үкіметке тікелей жолдауға машықтануы керек. Біздің үкімет мүшелерінің жұмысы «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» дегенге қатты ұқсайды. Отыз жылдан астам уақыт бізде осылай жұмыс істелді. Өз басым, қазір үкімет насихаттап отырған «әлеуметтік кодексті дер кезінде қабылданды» деп айта алмаймын. Бұл кодекс осыдан бес жыл бұрын қабылданып, сауатты түрде жұмыс істей бастағанда халық қазіргідей қиналмас еді, – дейді әлеуметтанушы.
Министрлерге миллион, халыққа 70 мың теңге…
Жалпы, мамандардың байыптауынша, бізде кедейдің кем-кетігін түгендейтін жобалар жоқтың қасы. Қазір халық сондай қолдауға сусап отыр. Елді қос өкпеден қысқан қымбатшылық, нарықтағы бағаның мың құбылуы әбден шаршатты. Бұл тұрғыда үкіметтің халыққа берген уәделерінің орындалғаны некен-саяқ. Мәселен, биылдан бері үкімет ең төменгі жалақыны 70 мың теңгеге өсірді. Ал белсенділер бұл туралы үш жыл бұрын дабыл қағып, елдегі ең төменгі жалақының мөлшері өте төмендігіне қынжылған. Бұл ретте «Экономика және Құқық» институтының маманы, экономист-ғалым Жанар Күнтуғанқызы былай дейді:
– Біз елдегі ең төменгі жалақының төмендігін айтып, осыдан үш жыл бұрын дабыл қақтық. Арнайы ұсыныстар да жолдадық. Бірақ сөзімізге құлақ асқандар болмады. Енді келіп, үш жыл өткеннен кейін ең төменгі жалақыны 70 мың теңгеге көтерді. Қазіргі 20,5 пайыздық инфляциямен ең төменгі жалақыны бұлай өсіру өте аз. Ойлап қарасақ, елдегі министрлер миллионнан асырып жалақы алады, ал кедей кепшікке 70 мың теңгені де жеткілікті санайды. Бұл – әділетті бөлініс емес. Сондықтан болашақта әлеуметтік кодекспен жұмыс істеу барысында осының барлығы ескерілуі керек.
Экономист-ғалымның айтуынша, әлеуметтік кодекс расымен де әлеуметке жұмыс істеуі қажет. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты қажеттілік, медициналық көмек, жағдайы төмен отбасыларға берілетін жәрдемақыдан басқа қандай әлеуметтік көмектер көрсетілуі тиіс, осының барлығы кодексте қамтылғаны жөн. Бұған жауапты министрлер бір сәт өздерін халықтың орнына қойып үйрену керек. «Жылы кабинетте отырып алып, халықтың мәселесін шешумен айналысу ақылға қонымсыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғауға тиіс министрлік осыны ескеру қажет» дейді маман.
«МӘМС-тен халықты құтқару керек...»
Бұдан бөлек, әлеуметтік кодекстің орындалуын бір ғана министрлікке жүктеп қоюға болмайды. Оның орындалуына денсаулық сақтау министрлігі де, қаржы министрлігі де, ұлттық экономика миинстрлігі де қызығушылық танытуы керек. Әсіресе осы әлеуметтік кодексті қолданысқа енгізу арқылы медициналық көмектің сапасын арттыра алсақ маңызды болар еді. Қазір халықтың басым бөлігі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) тиімсіздігін жиі қаузап жүр. «Міне, кодексті жүзеге асыру арқылы халықты МӘМС-тен құтқару керек» дейді мамандар.
– Медицинадағы олқылықтар халықты әбден діңкелетті. Ел ауырып, ем іздеп, ауруханаларға барса, жүйкесі жұқарып, тозып шығатын болды. Өйткені біздегі МӘМС жүйесі тиімсіз. Сондықтан халықты әбігер қылған осы бір жүйенің қызметін әлеуметтік кодекстің құрамына енгізу керек пе, әйтеуір тегін медициналық қызмет көрсетуді жетілдіру керек. Денсаулық кодексі бір бөлек, әлеуметтік кодекс екінші жағынан халықты медициналық қызметпен қамтымаса, бұл дені сау ұлт болып қалыптасуына кері әсер етеді, – дейді әлеуметтанушы Серік Еңсебаев.
Зейнеткерлер мен мүгедектердің үрейі сейіле ме?!
Бұдан бөлек мамандар әлеуметтік кодекс арқылы зейнеткерлердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың да әлеуметтік жағдайы түзелуі тиіс екенін алға тартып отыр. Мәселен, «Барометр» талдау және сараптау орталығының мәліметінше, еліміздегі зейнеткердердің 68 пайызының әлеуметтік жағдайы төмен, ал мүмкіндігі шектеулі жандардың да осыншалықты пайызының үкіметтен алатын жәрдемақысына көңілі толмайды. Олар болар-болмашы зейнетақы мен жәрдемақыны не дәрі-дәрмегіне, не коммуналдық төлеміне немесе азық-түлігіне жеткізе алмай қиналып жүр. Міне, осы кодекстің арқасында мұқтаж жандардың қажеттілігі шешіліп жатса қанекей!
Расымен де, әлеуметтің атын жамылған атағы дардай бұл кодекстен күтер үміт зор. Бұған дейін де «кедейді жарылқайды, болашағымызды қамсыздандырады» деп талай-талай дүниелерден нәтиже күттік. Алайда «аспаннан шұға жауса да кедейге ұлтарақ бұйырмаған» сәттер көп болды. Осыдан барып халықтың билікке деген сеніміне селкеу түсті. Енді жаңадан сайланған мәжіліспен орынтағына жайғасар жаңа үкімет, бәлкім, сол сенімнің отын қайта тұтатар?! Үкімет халық үшін жанығып жұмыс істесе, «еңбегіне қарай өнбегі» демекші, бізге де өркендейтін, өнетін күн туар...