Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:30, 11 Наурыз 2022

Кешір, бізді Шыңғыс бабам!

None
None

Мына өмірде міндетті түрде басқа шаруаңның бәрін жиып қойып, айтуға, жазуға, атқаруға тура келетін де шаруалар кездеседі екен.

Мен де жақында сондай бір мүдде мен үддеге тап болдым. Ол – белгілі ғалым, тарих ғылымының кандидаты қадірлі Әлімғазы Дәулетхан ағамның «Жас Алаш» газетінің үстіміздегі жылғы 1 маусым күнгі №44 санында жарияланған «Әуейі, жолбике «тарихшылар» ұлы қаған рухы алдында күнәһар бола бермеңіздер!» деген мақаласы.

Жалпы, ол қызықты, қоғамымыздағы белгілі бір көзқарасты білдіретін, сондықтан қажет те жақсы дүние. Біздің мұны білуіміз жөн, керек-ақ.

Алайда ол қаншалықты тарихи шындыққа сәйкес, дәлелді, дұрыс. Міне, бұл басқа мәселе. Мақаланың жазылу ауаны, айту мәнері маған ұнамады. Яғни, тарихқа төрелік «айт­тым-бітті, кестім-үзілді» деген бірбеткейлік, советтік тәсілі де көңілге қонбады. Рас, Әлімғазы Дәулетхан кәсіби тарихшы, қабілетті ғалым, мұны мойындау керек, оның бұрын-соңды жазылған мақалаларын оқи жүріп бұған талай рет көз жеткізгенбіз. Бірақ бұл жолы… Әлімғазы ағам өзгелерді: Оңғар Нақыпты, Бексұлтан Нұржекеұлын тағы басқаларды «Әуейі, жолбике тарихшылар» деп айыптай отырып, өзі де сол жолға түсіп кеткен. Өткен ғасырлардағы Түрік қағанаты тақырыбын терең игергенін, жақсы білетін шығарсыз, бұған дауымыз жоқ. Алайда Шыңғыс ханға келгенде сіз жолбике болып қалғансыз, сәуегейілік танытқансыз. Басқа біреу айтты, зерттеді екен деп, бұлай қолдауға, шалықтауға бола ма? «Ау, бұл басқа біреуміз – әйтеуір біреу емес, кәсіби тарихшы, абзал азамат Зардыхан Қинаятұлы ғой» дерсіз. Жөн. Зардыхан Қинаятұлы көптің бірі емес, жолбике де емес. Оның «Шыңғыс хан және қазақ хандығы» деген қос том кітаптар жазып, қайнар көздерге 2080 сілтеме жасап, ерен еңбек бітіргені рас та шығар.

Қор болған еңбек демей-ақ қояйын, көп мәселелердің басын ашып, көп жайларды парықтаған да болар. Нақ осылай болса да, осы қос томдықтың түйінінде: «Шыңғыс хан – моңғол, ол моңғол перзенті, ал оны әлемдік даңққа жеткізген түріктер» дегенге қосыла алмаймын.

Неге? Дейсіз ғой, әрине.

Мұның себебі – мен кәсіби тарихшы болмасам да, кәсіби оқырманмын. Яғни, бала кезден оқыған-тоқығаныма, білгендеріме сүйене отырып және текті де тарихшыл туған халқының Шыңғыс ханға қатысты қарым-қатынастарына, парасатына сүйене отырмын.

Мен, рас З. Қиянатұлының аталмыш қос томдығын оқыған жоқпын. Әдейі оқымайын деген жоқпын, қолыма түспеді. Ал қазір кітаптар халық үшін емес, жекелеген адамдар, топтар үшін жазылады. Бұлай дейтінім – халық үшін, оқырман үшін жазылса, көп таралыммен шығарылып, таратылуға тиісті емес пе? Және бір мақаласында талантты жазушы ағамыз Бексұлтан Нұржекеұлы: «Тарих тарих үшін жазыла ма, жоқ халық үшін жазыла ма?» деп үлкен сұрақ қойғандай, егер тарихшылар жаңалықтары бұрынғы тарихты анықтау, жақсарту, жаңарту, түзету үшін жазылса, онда олар Қайрат Зәкірия­нов жазса, Оңғар Нақып араласып ой салып жатса, қуануға тиіс емеспіз бе? Жоқ, сіздер кәсіби тарихшылар өздеріңіз жазбайсыздар немесе жаза алмайсыздар, ал жазушылар, басқа сала мамандары жазса, қабылдамайсыздар. Және қуану, рақмет айту орнына, жаңылысу бар болса, соны көрсетіп, дәлелдеп, түзету орнына тарихты кәсіби тарихшылар жазуы керек деп мардамсисыздар. Шынтуайына келгенде әбден дұрыс. Алайда қайда сол кәсіби тарихшыларымыз? Өздері бар ма, қаншау?! Ал біздіңше олар  жоқтың қасы. Әсіресе Шыңғыс хан заманына келгенде.

Надан баласына тән азығы сияқты қазір жан азығы да күнбе-күн керек. Ол – әлемдік тартылыс заңы емес. Ньютон ашпаса, Найманбаев ашатын. Ол – «Мәңгілік ел» қақпасы емес, кеше салынбаса, ертең тұрғызылады. Бүгінгі күні тәуелсіздігіміз неге әлсіз? Қазақ ұлты неге өз бітім-білігіне сай, әлемдегі озық, мықты, ұлтқа айнала алмай отыр? Мұның басты себебі – қазіргі таңда халқымыздың басым бөлігі адам емес, надан. Енді мұндай жағдайға жеткізген жер жүзілік жаһандану қожайындары тапсырмасын қалтқысыз орындап жатқан билігіміз екені айғақ тілемейді.

Бірақ осыған сеніп, көніп отырған халық та  кінәдан сау еместігі күмәнсіз. Жеке ел болғанда мұндай бейшара, дүниеқоңыздықты бірінші орынға шығарған надан қалыпқа түсуімізде ақын-жазушыларымызға қоса тарихшы ғалымдардың күнәсі көп екені ақиқат. Өйткені адамды да, наданды да адам еткен – еңбек емес, материалдық байлық емес, тіпті білім, ақыл-ой да емес, басты күш-қуат-тәрбие деп білеміз, оның егізі ғана емес, негізі – көркем сөз (әдебиет) өнер мен тарих. Тарих – адамның өткені, тамыры, басып тұрар топырағы, ол әдебиет пен өнермен бірге адамның жан-жүрегінің жарық-сәулесі. Бұлай болса біздің еліміздегі басты апат – рухани-мәдени қайыршылықты, саналы хайуан қалпында қалушылықтан құтқаратын қос құдіреттің бірі тарих болса, Қазақ­станда кәсіби тарихшылар пайда бол­уын қашанға дейін күте аламыз? Осы тұрғыдан келгенде біздің қазақ – миы ауыратын, жады үзік-үзік науқастан айнымайды. Енді осы үзіктерді жалғамай сана тарихымыздағы ақтаңдақтарды толықтырмай, қалай сауықпақпыз?

Айтпақшы Шыңғыс ханға келгенде көп тарихтың басы ашық. Оның ат жалын тартып мініп, қол бастап, әуелі өз аймағындағы халықтардың басын құрағаны мықты мемлекет құрып, содан кейін ұлы жорықтар жасап, тарихтағы ең байтақ, ең ұлы, қағанат қалыптастырғаны баршамызға белгілі. Басты дау, күрделі шие – Шыңғыс ханның тегі кім екендігінде ашық мәселе. Жалпы бұл да  баяғыдан белгілі, басы ашық мәселе. Бірақ араға саясат, әдейі бұрмалау, тарихқа қиянат жасау араласып, шамамен ХVII ғасырға дейінгі мәлім, басы ашық ақиқатты қасақана «өзгертіп» жазып, бұрмалап әсіресе бұлдыратқан да орыс отаршылдары.

Оның ХVII ғасырда билікке келген І Петрден басталатын патшалары. Әсіресе, бұған аса зор үлес қосқан – ІІ Екатерина. Бұлар Алтын Орда хандарының қамқорлығын, Батыс басқыншыларынан қорғап, әуелі жеке Мәскеу княздігін, артынан шынында да ұлы Орыс мемлекетін құрып бергенін ұмытып, өздеріне аға-жаға болған, ұстаз болған қазақтарға опасыздық жасап, тарихтың иесі, Еуразия құрылғының «киесі» болуға керісті. Алдымен жаңадан ұлы орыс халқын жасады. Содан соң ағалары украиндардың тарихын тартып алып, Киев Русьін жасақтап, ұлы Россия­ны құрастыруға кірісті. Жазықсыз халықтардың қанын суша төгіп, біздің бабаларымызды аңша қырып отырды. Мұндай сөздерді ақ қағазға жазуға қаламымыз қиналғанмен, ащы шындық. Өздері адам емес айуан, жауыз болғандықтан мұнымен мақтану үшін әрине себеп сылтау керек. Сөйтіп «моңғол-татар езгісі» дегенді ойлап тауып жауыз Шыңғыс хан, жабайы қазақтар бейнесін қалыптастырды. ІІ Екатерина саясатын кейінгі орыс патшалары дамытып, Орал асып, Алтайды басып, Қиыр Шығыс Жапон теңізге дейін жетіп табан тіреді. Мұны орыс большевиктері жалғастырды. Діни семинарияны ғана бітірген христианин Сталин бұлардың бірінен де асып түсті. Еуропа орталықтық, ұлы орысшылдық идеология ең жауыз жаһангер ретінде бейнелеген Шыңғыс хан бұлардың: І Петр, ІІ Екатерина, І Павел, Жүсіп Сталиннің қасында жіп есе алмай қалды. Біздің бабамыз болғандықтан жақтағанымыз емес, Шыңғыс хан – тарихтағы ең ұлы, ең әділетті жаулау­шы. Оның қандай қиындық, қудалау көріп өскенін білеміз, ол бар болғаны бабаларымыздың тарихтағы тиесілі орнын алып берді. Ол замандар күштілер дәуірлеген заман екенін ескерсек те, Шыңғыс хан жауларына да, қарсыластарына да, тіпті сарбаздарына да адамдар деп қарағаны шындық. Ол кезде иілген басты қылыш кеспейтін, жатқан кісіні ұрмайтын, бейбіт халықты қырмайтын. Әрине, қорқақтықты, әсіресе сатқындықты, екіжүзділікті – сайтандықты кешірмегені де белгілі. Ал мыналар ше? Орыс басқыншыларының бейбіт қазақтарды қырып қана қоймай әйелдердің ауылдарын шауып, бауырларын өлтірген соң ғана, Кенесарының көтеріліске шыққанын, билеуші малғұндардың Алматыдағы Губернаторлық саябаққа: «Иттер мен қырғыздарға (қазақтарға) кіруге болмайды» деп жазып қойғанын, Сталиннің ашаршылықты қолдан ұйымдастыру арқылы 4 миллион қазақты өлтіргенін айтсақ та жеткілікті.

Сонымен айналадағы елдер өздерінің Алтын Орда арқылы ел, билеушілерінің Ұлы Ұлыс, хандарының аяғын айтпағанда, сазбалшық тақтаға түсірілген табанын сүйіп княздікке бекігендіктерін біздің бабаларымыздың жақсылығының қарымтасы ретінде Шыңғыс қағанды Моңғолияға сыйлағаны айдай анық ақиқат. Ал Моңғол Халық Республикасы тек 1924 жылы большевиктер көмегімен құрылғаны мәлім.

Осы жерден бастап кәсіби тарихшымызға әлі басы ашылмаған  сұрақтарымызды қоя бастасақ орынды.

Сонымен құрметті әріптестер, тарихта «моңғол» сөзі алғаш рет қашан хатқа түсті? Төре текті парсы елінің билеушісі Газан хан тапсырмасымен жазылған Рашид-ад-диннің «Жамиғат тарихында» ма? Әлде, Марко Поло, Плано Карпинидің  сапар жазбаларында ма? Жоқ, көне Қытай деректерінен табыла ма? Бұларда жоқ болса, Шыңғыс ханды тануға ғасырлар бойы негізгі дереккөздер болып келе жатқан шынайы тарих шежіресі 3-4 құнды еңбектерде «моңғол» сөзі жоқ болса, кездеспесе, Шыңғыс хан туғанда моңғол екені айтылмаса біз неліктен оны моңғол деп шаршап жүрміз?  Бұл не әурешілік, не әуейілік?!

Ал кәсіби оқырман менің білуімше, алғаш моңғол сөзі жаңылыспасам тарлан тарихшы Мұхтар Мағауиннің кейінгі жылдары жазылып біткен төрт томдық «Шыңғыс хан» эпопея шежіресінің 1-томынан оқысам керек, Теміршін айналасын түгел меңгеріп, Керей мемлекетін құлатып, үлкен Найман мемлекетін талқандап, алты арыс туыс-қандастары басып, түгел бір ту астына қосып, мызғымас мемлекет құрғанда – біздер моңғолдармыз дегенді қолданысқа енгізген. Бейнебір Кеңес Одағы дегендей. Жаңа ұлы мемлекет азаматтары өздерін енді керейміз, қоңыратпыз демей, ортақ атаумен моңғолдармыз дей бастаса керек.

Ал мұның бүгінгі моңғолдарға құрметті Әлімғазы аға қандай қатысы бар?!

Кәсіби тарихшылардан да білімдірек Қойшығара Салғараұлы ағамыз пайымдауынша, бұл моңғолдар – таза түріктер. Бүгінгі үш арыс қазаққа бөлінгеніміз секілді бұлар Шыңғыс хан қағанатындағы бір бөлек қалың елдің атауы. Осылай жазғандықтан Қойшығара ағамызды Шыңғыс ханды моңғол деушілердің қатарына қоса көрмеңіз.

Бәлкім бүгінгі моңғолдардың бабалары Шыңғыс хан мемлекетінің құрамында болған да шығар. Бірақ олар кейіннен қосылған және қалың орман арасында бүгінгі Бурятия аймағын мекендеп жатты.

Қош, бүгінге дейін оқып-білгенімізге жүгініп, Шыңғыс хан өз мемлекетін қазіргі Моңғол жерінде құрды делік. Құратындай да жөні бар-ау. Өйткені, өңірде бұған дейін де түріктер мекендеді. Біздің дәуіріміздің V-VII ғасырларында салтанат құрған Түрік қағанаты жазба тас ескерткіштер мұны тайға таңба басқандай айғақтайды. Сонда – қазіргі қалқалар (қуба қалмақтар) бұл аймаққа қашан көшіп келген. Көптеген тарихи деректерге сілтесек, XV ғасыр деп куәлік береді.

Содан соң Моңғолдардың сары нәсілдері ішінде бізге жақын екені тұрмыс-салты, кәсіп-нәсібі ортақ дерлік екені мәлім. Сонда оларың кейіннен моңғол деп аталатындығын бізге келген орыс білді ме, жоқ біз білеміз бе! Неге біз бұларды моңғол демей, қара қалмақ, қуба қалмақ деп атап келдік?! Сонда Шыңғыс хан енді қалмақ болып шыға ма?

Енді осы айтылғандардың өзін бір қайырып тастасақ, Зардыхан Кинаят­ұлының ұлы бабамыздың моңғолға телуінде қаншалықты мән бар? Айтпақшы Әлімғазы аға, Бексұлтан Нұржекеұлы, Оңғар Нақыпқа оралып ґуре болғанша З. Қинаятұлының қос ұлы кітабынан «Міне, мынадай, міне мынадай» деп нақты деректер келтірсек, мәселеге нүкте қоймайсыз ба? Бүкілге, дәлелге тоқтамайды деген не сөз, шындыққа кім тоқтамайды. «Ал орыс айтты, Қытай былай деді, Еуропалықтар анадай деді» деген көбінесе көп сөз ғана. Орыс айтса, еуропа орталықтық көзқарастың оқымыстылары айтса, олардың бағыты теріс, ауыздары қисық екені белгілі. Олар біздің сақ бабаларымызды Иранға сыйлайды. Бүгінгі күні КСРО күйреп, шаңырағы ортасына түсіп орыстардың славяндар еместігі фин угор халықтары екені анықталды. Сондықтан қазір не істерлерін білмей, түріктердің тарихына жармаса, ортақтаса, Бату хан – Александр Невский деп айтуға көшті. Әрине, жазба деректі жазған кім, адал адам ба, арам адам ба, соған орай дұрыс, шынайы деректерге де сенгеніміз  шындық. Қытай деректеріне келсек, оларда да түзу айна көп екені күмәнді. Десек те бұлардың 5 мың жылдық тарихы негізінен ханзу халықтарының тарихы емес, оларды билеген патшалар, әулеттер тарихы екенін ескеру керек-ақ. Біздің дәуірімізге дейін де, бұларды түрік тектілер билегені –  факт. Құбылай хан – белгілі билеуші, Шыңғыс ханның шөбересі. Сондықтан да Қытай тарихы  алақұла: Ханзуларға қоса түрік мәнжүр т.б. халықтардың тарихы. Осыған орай бұларда да бұрмалау, яғни өз көзқарастарынан, мүдделерінен келіп хатқа түсіру баяғыдан-ақ орын алған десек әділеттіліктен ауытқымаймыз. Кішкене бір мысал келтірумен шектелейік. Бұлар біздің бабаларымызды ертеректе хұндар, ғұндар деп атаған. Кейін біз хұндармыз, гундармыз деп мақтанамыз. Бұнымыз өрескел, ұяттау. Өйткені бұл сөз қытайлар «кекшіл құл» деген сөз. Сонда біз кекшіл құлмыз деп масаттанамыз ба? Әрине, Мағжан ақынша біз – күндерміз деп аударып алсақ, жарасымды.

Мен бұл тараптағы кәсіби оқырман ретіндегі пайымдауларымды осымен доғарып, халық өкілі ретінде дәлелдеріме ауысайын.

Біздің қазақ қазіргі уақытта тәуелсіздігінің жемісін көре алмай жаппай надан халық болып отырса да, әлі де «текті құл» (күн) текті  ұлдары бар халық. Басқасын қойып, әлемдегі қазіргі ең ұлы қағанаттар байқағандарыңыздай олар – кім билесе, соның әулеті, дәулеті. Ал біздер орыс қол астында 250 жыл болдық, коммунистік идеологияның пәрменділігі соншалық Ленинге күн көсем деп сенсек те, Ильич соңынан ерсек те, Кеңес патшаларын қазақ деп қабылдамадық. Сонда қалайша ат жалын тартып мінгенге, таққа отырғанда моңғол Шыңғыс ханды қалайша небәрі 25 жыл ішінде қоңырат ханы, жалайырлар қағаны деп қабылдаған­быз. Демек, шындық басқада, Шыңғыс хан – қият, керей, қазақ түрік моғол, ол бір кез жайбарақат заманға ұқсайды. Бабаларымыз байтақ Ұлы даланы меңгеріп, илеп «Ресейді» билеп тұрған заман делік. Одан бері де небір замандар өтті. Бірақ Шыңғыс ханның бабамыз екенін ұмытпадық. Жә, бұл дәуірлерді қойып, еңіреп етегімізді басып, есімізден танып жүрген замандарда Шыңғыс ханды ұмытқанымыз қалай? Мұнда не сыр бар? Ешқандай сыр жоқ. Шыңғыс хан – төре. Ал төре – нағыз алаш перзенттері. Міне, осы себептен де ұлдарымызға Шыңғыс деп ат қойып келдік. Баяғы замандардағы мыңдаған Шыңғыстарды былай қойғанда Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс төрені алға тартайын. Шыңғыс Айтматовты айтсам қырғыз дейміз бе? Онда Шыңғыс Қонысбай – журналист. Шыңғыс Ергөбек – жас ғалым қайраткер. Әлімғазы аға, бәлкім қарамағында болғандықтан, орыс орманының аттарын біраз иеленсек те, бірақ моңғол аттарына құда түсіп көрмеппіз. Әрине, біз бұл жерде тікелей 150 жыл көрші қолаң болып отырған Баянауыл қазақтарындағы ауыс-түйісті ескермедік. Қалай десек те осының өзі-ақ Шыңғыс ханның түрік, оның ішінде де қазақ екенін байқатса керек. Қалай десек те 2000 жыл көрші, аралас-құралас болып келген Қытай патшалары 250 жыл ағамыз, «бауырымыз» болған орыс, кеңес көсемдерін елеп ескермей, алақандай моңғолдың адамын ардақтап, аялауымыз мүмкін емес. Ғасырлар бойы қазақ қанында болған, сүйегіне сіңген бұл мінез, ұстаным қатардағы фактор, жәй дәлел бола алмайды.

Мәселеге енді тілдік тұрғыдан, діндік ұғым бітімнен келсек Шыңғыс хан – қазақ тіліндегі көп сұлу да сөздердің бірі ғана емес, тарихи қырлы да нұрлы сөздердің бірі. Шыңғыс ханды моңғолға сыйлаушы ағайын, мынаны айтыңыздаршы: моңғол тілінде Шыңғыс хан, Теміршін, қаған, қапан, қағанат деген сөздердің өзі бар ма? Біздің білуімізше жоқ. Төре, Қият, Бөрте, Жошы, Бату, Боржіген, Керей, Жалайыр, т.б. сөздер де жоқ. Онда Шыңғыс ханды моңғолға теліп несіне шаршап жүрміз. Әлде бұл ұғым – сөздердің қасиетті түрік, қазақ ат-атаулары екеніне сґл болса да күдік-күмән бар ма? Моңғолда темір деген сөздің өзі кездеспесе, Батыс пен Орыс ғасырлар бойы Тимучин, Теміжүн деп жүрген хаттан, жаттап келген атының өзі негізгі жазба дерек көзі болып Қытай бұлақ-ормандарында әліпбилерінде «р» әрпі жоқ болғандықтан оны түсіріп тастап Темішін деп таңбалауынан шыққан ат ныспы емес пе?! Мұны мойындамасаңыз, XII ғасырда моңғолдар өз балаларына қазақ аттарын қоятын болып шыға ма?

Рас, моңғолшыл тарихшылары­мыздың XII-XIII ғасырлардағы моңғол қазіргілерден мүлдем басқа еді, тіпті олардың тілдері де «ортақ», егіз, түсінікті еді деп шыға келетіні бар? Мен мұны жалған байлам, қиянат пайымдау деп түсінемін. Моңғолдар – будда дінін ұстанғандар, ал найман, керейлер христиан дінінің бір тармағы несториан ағымына мүліген еді деудің қисыны шамалы, өйткені, басты наным-сенімі Көк тәңірге табыну.

Олай болса найман, қоңыраттар басында моңғол тектес тайпалар еді, кейіннен түріктенді деген қылаң беретін пайымдауларға да  бұлар  қарманған тал деп ойлаймыз. Рас, арада өткен VII ғасырда талай нәрсе қатты өзгеруі мүмкін. Десек те, XIII ғасырда түрік моңғол бар болса, тұрмыс-салт­тары ұқсас, ортақ екеніне дауымыз жоқ, нақ бүгінгідей «танымастай» өзгеруі мүмкін емес. Мәселен, мен 1990 жылдар аяғы мен 2000 жыл аралығында Моңғолияда үш рет болдым. Қалқалармен тілдестім. Елдің атты бәйгеге қосқан, садақ тартқан, балуан күрескен мерекесінде болдым. Осындай көрген-білгенімнен кейін Шыңғыс хан моңғол еді дегенге тағы сене алмадым. Олармен сөйлесуге аудармашы керек. Орыстар қандай бізге алыс болса, мына моңғолдар да сондай алыс.

Осы арада өз басымның Шыңғыс ханды алғаш қашан білгенімді алға тарта кетсем артық емес. Әрине, ол В.Я.Янның үш томдық романын оқуымнан басталды. Автор Қажымұраттың жылнамасына сүйеніп отырады. Міне, осы кітаптар «Шыңғыс хан – біздің де бабамыз» деген ойға жетеледі. Бұдан кейін Шыңғыс ханды бізден бөлек, шеттеткен уақыттар үстемдік алса керек. Бірақ ұмытпасам, 1974 жылы (1976) Қазақстанға «Моңғолдың құпия жешіресі» жетті. Тәржімелеген – баянөлгейлік қазақ ақыны Мағауия Сұлтания. Тамсанудан бұрын таңдана оқыдық. Іші тұнып тұрған қазақ. Дәлірегі – қазақ рулары: керей, қоңырат, найман, жалайыр, меркет, татар… (басқа түріктерде де бұл рулар бар, ґрине). Рас, боржіген, тайшуыт, жажират, қысқасы, Шыңғыс ханның үш тармаққа бөлінген тайпаластарын «моңғол» деп таныстырады. Бірақ не жерінде, не елінде моңғолдың заты түгіл, аты да жоқ. Рас, қазақ деген де сөз ұшыраспайды. Бірақ қазақ эпосы сарыны желдей есіп тұр:

Көлеңкеден басқа ес жоқта,

Аруақтан басқа дос жоқта...

Ол кезде нанбауға мұршаң жоқ болғанмен, «Мынаның қай жері моңғол шежіресі» деген күдік бас көтерді. Шамасы, түпнұсқада моңғол деген сөз жоқ, саясат әсерінен кейін қосылған. Тіпті ол кезде қазақ, өзбек, башқұрт, ноғай деген халықтар болмағаны тґрізді моңғол деген сөз де әлі дүниеге келмеген болуы мүмкін. Мұның өзі де түріктердің атын атағысы  келмейтін орысқа қоса Шыңғыс ханның түрік болуына мүдделі емес, Қытай да моңғол атануына қалауы мүмкін ғана емес.

Жә, Әлімғазы аға, ілгері кеттік. Сіздердің Мұхтар Мағауинді әдейі атамайтындарыңыз, мойындамайтындарыңыз түсінікті. Алайда, Алаштың ақиық ақыны ғана емес, адамзаттың ақыны атанған Мағжан Жұмабаевқа қарсылықтарыңыз жоқ шығар. Оны, әуейі, жолбике ақын, тарихты білмейді, түсінбейді Шыңғыс ханшыларға бүйрегі бұрған деп айта алмассыздар.

Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,

Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер.

Шыңғыстай арыстанның құр аты да,

 Адамның жүрегіне жігер берер.

Шыңғыстан Шағатай, Үкітай, Жошы, Төле,

 Атаға тартып туған бәрі бөрі.

Шыңғыстың қол бастаған екі көзі:

Жолбарыс Сүбітай мен көкжал Жебе...

Тұранда түрік ойнаған ұсап отқа,

Түріктен басқа от боп жан туып па?

Көп түрік енші алысып  тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?!

Сонда Мағжан да моңғол ханын иеленіп отыр дейміз бе? Жоқ. Бұлай айтқанның, Мағжан Шыңғысқа жарамасып отыр дегеннің аузы қисайып кетері кәміл. Алашты жанындай сүйген, күллі түрікке басын иген ұлы Мағжан кешегі Тұранның, бүгінгі Түркістанның төлқұжаты, қысқа да нұсқа тарихын қамтыған бұл тамаша да тау туындысын әдемі жазғаны замандастарына ұран етіп ұсынып кеткені, ұрпағына аманат-құран еткені дәлел тілей қояр ма екен.

Бұдан кейін мен Шыңғыс ханда моңғол деп қос том еңбек жазған Зардыхан ағам мен Бұрқан халдун тау қасиетті мекен жөнінде мақала жазған Қаржаубай Сартқожаұлы қатарласына қайран қалмаймын, шын сенімдері осыған сайып жатса кінәламаймын. Тек олар өздерін алақанға салып өсірген, ғылым мансапта биікке жеткізген жерлес-елдес моңғол ағайындарға «сатқындық» жасауға, басқаша сөйлеу­ге ұялды ма, дәм-тұздарын ақтады ма деп ойлаймын. Егер нақ бұлай болмаса онда олардың ІІ-ІІІ ғасыр бойы орыстар, Еуропаорталықшылар құлаққа сіңірген үстем ағым ұстанымнан шыға алмағандығы шығар. Асылы, бұл теріс, бүгінгі моңғолдарда жақсы, және олардың Шыңғыс ханды иеленуінде кінәсі де жоқ. Әдетте күштілерді, билікте отырғандарды қостаушылар қарақұрын болады. Ең озық ұлт өкілдері орыс отаршылдары, түріктерді төмендетуге Батыс түгілі орыстан, парсыдан ғасырлар бойы арт­та қалған халықтар ретінде көрсетуге аса мүдделі Еуропа орталықшылдар екі жүз пайыз дәлелдеп, сендердің хандарың деп қиылып ұсынып отырса, Шыңғыс ханнан не үшін бас тартпақшы? Алайда Құдайдан қорқатын ар-ұяттан жаралған, ақиқаттан аттамайтын шын ғалымдар мен генетика ғылымының кейінгі жаңалықтары, шындықтары отаршыл орыстар мен Еуропаорталықшыл Батыс саясатшыларына сор болды. Мыналар қаншалықты жауып-жасырғанмен, олар – шын ғалымдар  шындықты өз кездерінде айтып қойған, арттары ашылып жатыр. Шындықты құйрығыңмен жаба алмайсың. Мен сондықтан бүгінгі тақырыбыңызға қатысты оқымыстыларды, «әуесқой» тарихшыларды «моңғолшыл», «Шыңғыс ханшыл» деп бөлуді де орынды дей алмаймын. Дұрысы жалған жаланы, яғни отаршыл орыс­тарды жақтаушылар жґне шындық­шылдар, яғни түрікшілдер деп басып айтқанда көбірек қоңсы қонады.

Кәсіби оқырман ретінде және қазақ халқының өкілі ретінде оның Шыңғыс ханға көзқарасын, қатысын біраз дәйекті дәлел, аймандай айғақтарды алға сала алдым деп қанағаттануың артықтау шығар. Сондықтан салмақты екі-үш факті-деректі тағы ортаға сала кетейік. Біріншісі ХVIII ғасырда өмір сүрген әйгілі француз оқымыстысы Шарль Луи де Монтескье­нің 1721 жылы айтқан лебізі болсын: «Из всех народов мира ни один не взошел татар, славою и великих завоеваний. Этот народ – настоящий повелитель вселенной; все другие как будто созданы чтобы служить, служить ему. Он в равной мере и основатель и разрушитель империй. Татары дважды завоевали Китай и до сих пор еще держат его в повиновении. Они властвуют над обширными пространствами, составляющими империи Великого монгола. Они владыки Персии, они восседают на троне Кира и Гистаспа. Они покорили Московию. Под именем тюрок они произвели огромные завоевания в Европе, Азии и Африке. И господствуют над тремя частями света. А если говорить о временах более отдаленных, то именно от татар произошли некоторые из народов, разгромивших Римскую империю. Что представляют собою завоеванных Александра по сравнению с завоевавших Чингис хана? Этому победоносному народу не хватило только историков, которые бы прославили память о его чудесных подвигах...

Қош, бұл XVIII ғасырдың шындығы. Сонда осы Шарль Луи де Монтескье де жолбике тарихшы ма? Шыңғыс ханның түрік екенін бас ие айтып отырған жоқ па? Біздің бабаларымыз бір кезде хундар, көк түріктер, қыпшақтар атанғаны сияқты енді тек татарлар аталып отыр.

Екінші бір өте керек дерек. Мен осы таяуда ғана интернет желісінен Шыңғыс ханды моңғолға айналдырушылардың аузын аштырмас бір фактіні тыңдап, зердеме тоқыдым. Бұл бойынша 1934 жылы МХР-да халық санағы өткізіліп, халқы басынан бақайшығына дейін түгелденіп, ру-пыруы тиянақталып, тегі мен тепсеңі түгенделіпті.

Сонда төрелер түгіл Теміршіннің түп-тұқияны, бір туысқаны табылмапты. Қият, боржіген түгіл тайшуыттың ізі жоқ болып шығыпты. Мұны сол уақытта жазып, талдап таратып отырған кеңес ғалымы Симаков Оңғар Нақыптың орыс танысы емес. Бұл нені көрсетеді? XI ғасырдан бері жоқ болса, бүгінгі моңғолдардың бабалары арасында Теміршіннің бір тұқымы болмаса, қайдан табады. Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, орысшылдар ұсынған «тапжылтпас» бір дерек – генетиктер байыптаған ДНК дерегі ғой. Бұл бойынша бүгінде Шыңғыс ханның әулет ұрпағы 16 миллионға жетіпті. Солардағы ДНК клеткасы тексерілсе олар моңғол екен. Ау тек моңғолдардың ағзасын ақтарып  анықтаса, олар моңғол немесе қалмақ болып шықпай басқа кімдер болмақ. Біздің төрелерді қамтып па?

Саңлақ сәулеткеріміз Шот Аман Ыдырысұлының бір түйір қанын тексеріп пе? Әйтпесе өзбек ханның ұлысбегі Ноғайдың сүйектерін тауып, зертханадан өткізіп пе? Бұлай етпесе, бұл да Шерімбет шаманың шалығы болып шықпай ма?

Ау, Әлімғазы аға, мен сіздің бастан-ақ Мұхтар Мағауинді мойымдамағаныңыздан – іш жиіп қалып едім, ал бүгінгі таңда Мұхтар Мағауиннің төрт кітаптан түзілген «Шыңғыс хан» еңбегі – ұлы ханымыз туралы ең басты еңбек бұған дейінгі тасқа түскен негізгі шежіре жазбаларды былай қойғанда барлық мәлім қағазға түскен сызба түртпелерді түгендеп сабанын суырып,  дәні мен мәнін түйіндеген қорытынды еңбек. Мейлі  «мойындамасаңыз» патша көңіліңіз білсін. Тек өзіңіз тізімге қосқан Қойшығара Салғараұлының «Ұлы қағанат», «Мұңғындар жґне үш Шыңғыс» деген ерекше еңбектеріне көз қиығын салмағаныңыз қалай? Өз басым осы ағамызды нағыз кәсіби тарихшы деп білемін. Осы кісінің түріктер тарихын, Қытай жазбаларын қопарып, басқа елдер жылнамаларын қотарып, тапқан қазына, ашқан жаңалықтары туралы жазған «Бабамыз – ер түрік, ал біз кімбіз?» деген мақалама жүгінбей ақ (онда сөз  ұзап кетеді) жалғыз ақ жалт қаратар жаңалығын алға тарта кетумен тоқталғым келеді.

Бүгінгі күні танылған, азды-көпті сұлбасы анықталған ұлы тарихымызда үш бірдей Шыңғыс хан бар болып шықты. Алғашқысы – әйгілі Моде (мүмкін Мґди) қаған. Екіншісі – Атилла (Еділ қаған). Үшіншісі – Есукейұлы Теміршін. Бұл жерде осы үшеуінің де «Тәңірқұт» немесе «Чиң цзы», «Бич божий», «Құдайдың қамшысы» атанғандардың негізі ұлық мәртебелері Шыңғыс хан болғандықтарын      Қ.Салғараұлының егініне түсіп, өзім тапқандай, тарқатып жатпай-ақ қоя­йын. Абзал ағамның байыптауларын зердеге тоқи келе менің өз тарапымнан оқи, көңіл аңдағанын бұлардың шамамен – 700 жыл сайын тарих сахнасына шығып отырғаны. Біздің бабаларымыз қандай мықты Мөдені ұмытпай, Атилланы елеп-ескеріп, бұлардан да асқан Теміршін қағанға «Шыңғыс хан» деген ең ұлық мґртебе бергені. Ана екеуі де тұрандық, түрік болғанда, аты – Теміршін, заты – Темір Шың қалайша моңғол болмақшы.

Мұндай шалалығымыз  үшін, жолбикелігіміз үшін бізді кешір, Шыңғыс хан баба!

Мақаламды түйіндеуге көшкенде және бір ойлы оқырманның Жеңіс Темірханның (сәйкестікті қараңыз) «Шыңғыс ханды мазаламай, Жошы ханды тұғырына тұрғызайық!» деген мақаласын («Жас Алаш», 13 мамыр 2021 жыл) елей кеткенді жөн көрдім. Жошы хан – қазақ (ханы). Моңғолдан туған ба? Құрметтесек, әуелі әкесінен бастамаймыз ба? Шыңғыс ханды жазу, жалған ұлт-тегінен арашалау аруағын мазалау бола ма? Тәуелсіз ел кезімізде, есіміз кіргенде Шыңғыс ханды арашалап, өз халқымыз табыс­тырмасақ, оның аруағы тыныштық таба қояр ма? Демек, өлілер қатарына қосылып кеткендіктен Шыңғыс ханды қорғау, қоңыратына, керейіне, жалайырына… қайтару – қастерлі міндет! Екіншіден, мен Әлімғазы ағамның «Қазақстанды Шыңғыс хан елесі кезіп жүр» («Жас Алаш» газеті, 8 сәуір, №27) дегенін мүлдем құптай алмаймын. Немістің қара фашизмінен асып түспесе кем соқпаған коммунизм (қызыл фашизм) елесін Шыңғыс ханға телу ұяттан да асып түседі. Шыңғыс ханға бізді қара Қытай қаупінен төрт-бес ғасырға шегеріп, орыс отаршылдығынан төрт ғасырға құтқарды. Әттең, кейін хандарымыз бос белбеулік танытып, халқымыз Қытай қорқынышын естен шығарып, орыс оспадарсыздығын ұмытып, өз-өзін қыруға кірісіп кетті. Шыңғыс хан өсиетін жадымыздан шығарып, өнегесін жүзеге асырмаған соң, шілдей тоздық. Ақтабан шұбырындыға ұшырап, Жугашвили қырғынынан, өлдік… Алла тағала осыны ескерді ме, тәуелсіздікке қолымыз жетті. Соның арқасында, туған елімізді Шыңғыс ханның рухы кезіп жүр.

Не жасыратыны бар, еркін елдік жалауын желбіреткенімізге отыз жыл толса да, ахуалымыз аса ауыр. Құдай Голощекин заманының бетін әрі қылсын, бірақ Брежнев заманынан кері кеткеніміздің бір мысалы: «Лениншіл жас» газетін 500 мың адам оқитын-да, «Жас Алашты» 5 мың оқырман оқиды. «Алтын Орда» роман трилогиясын 600 мың Алаш азаматы оқып еді «Тәуелсіз Қазақстан» хиқаятын 600 адам ғана парақтайды...

Иә, тап басып айта алмасаң да, шындық осыған жуық. Бұл жаһандық коронавирус қызметкерлерінің жан-жақты да жемісті қам-қаракеті зиян-зардабын ойлағанда ұлы қағанымызды моңғолдандыруға білім-білігін жұмсап жүргендермен жылап көрісесің. Өйткені бізде коронавирус микробтары түгел мерт болатын қатты ыстық жаз айларында ол өршіп кетеді. Тұмаумен ауруханаға түскен науқастар аяқ астынан коронавируске ұшырап өліп кетеді. Жоспарды орындау қажет пе? ДСҰ ұйымы құрғақ есепті қабылдамай ма? Шамасы, вакцина егу – бала сүю жасындағыларға жаппай салмаса, олар ұрпақ әкеле алмай, жұмыр Жер бетіндегі халықтың жуықтағы жылдарда 15 пайызын өлтіруге, жоюға кіріскен тәжвирус иегерінің зұлымдықтарын жүзеге асыратын таптырмас құралы, тґсілі болса керек. Әйтпесе, негізгі заңымыздағы құқықтарымызды аяққа басып, азамат­тарымызға қысым жасау, айыппұл салу, күштеу кімге керек? Міне, осынау арамзалық айла, апатты алдын алу үшін де Шыңғыс хан бабамыз ортамызға оралуы қажет болып тұр-ау.

Мақаламызды түйіндей келгенде хакім Теміршін Шыңғыс ханнан бастап, әкімдердің қам-қаракеті арасында сөз қозғау­ға тұра келіп отыр. Неліктен? Қалайша? Мұның себебі: кешесіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқтықтан. Шыңғыс ханды айтасыз, мөдені де, білгені де, Болатхан түгіл Болат Назарбаевты да білуге тиіспіз. Бұлар бүгінгі күн 2021 жылдың әңгімесі болып отырғанмен, өткеніміз, бастан кешкеніміз ғана емес, тарихымыз, тағдырымыз. Ал сол тағдырың болашаққа ұласқанда бір омыртқаң мен сол оң қолың, бір жадың мен өң жолың кем болса қиын. Ханның кемдігін бірдеңе етерсің, санаң жетіспесе – мәдени рухани сау­лыққа жете аласың ба? Аш болсаң, ол мәуріт өтеді, еңбек етсең, мемлекет экономикасын түзетсе, тойынасың. Ал надан қалпыңда қалып, Адам, Азамат бола алмасаң, қалтаңда миллион долларың қанбаңда мың тонна алтының болса да, тең емессің. Халық емес қалықсың, ұл-қыз емес, құл-күңсің. Өйткені, ұлтты ұмытып тоздыратын да теңестіріп оздыратын да – мәдениет. Тарқатып айтқанда, тарих пен әдебиет (өнер).

Міне, сондықтан да қалың оқырман қауым, ойланайықшы: бізді жеке елдікке, теңдікке жеткізген, қызыл кеңес бодандығы құшағынан босатып, қазаққа тәуелсіздікті әперген кімдер, нелер? Қазақ әдебиеті. Тарихты көңілмен тоқып, Мұхтар Әуезов пен Олжас Сүлейменовті оқып, осыған жеткізген Алаштық рух. Бізді – теңдікке жеткізген, бізге тәуелсіздік әперген кәсіби тарих емес, «Оқжетпестің қиясында», «Құлагер», «Хан Кене», «Мен – қазақпын», «АзиЯ» кітаптары. Абай ескерткіші, Біржан-Сара операсы. Өз басым байыптауларын алға тарта бермей, кезінде шашырап жүрген немісті еңселі ел қылған канцлер Отто Фон Бисмарк көсемсөзіне жүгінелікші: «Төңкерісті дайындайтын – данышпандар (біздің жағдайымызда кімдер болғанын жоғарыда аңғарттық) жүзеге асыратын – жанкештілер (мәселен желтоқсаншылар, «Азат қозғалысы», «Қазақ тілі» қоғамы), ал жемісін көретін –  жексұрындар. Бисмарк айт­қанмен, тарихта төңкерістің жемісін иеленетін жексұрындар болуы шарт емес шығар, бірақ бізде оны тәуелсіз жемісін кімдер пайдаланып отырғаны белгілі. Еркін ел құрғанымызға 30 жыл өтсе де, ахуал осындай...

Бұрында бір айтқанымыздай, бүгінгі таңда бізге тағы да төңкеріс керек емес, жасампаздық қажет. Екінші президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы мұны «Тәуелсіздігіміз тағдыры – тарих таразысында тұр» деп  жақсы тап басып айтты.

Бұл күрес – еңбек қана емес, тарихи, әділеттілік қажет деген сөз.

Мұның өзі қазіргі өмірімізде Шыңғыс ханға өте-мөте қатысты екені  шындық және ешқандай дәлел тілемесе керек. Осы жерде атақты Расул Ғамзатовтың орыс насихатына, «кәсіби» тарихшыларына сеніп, көтерілісші Манап Шәміл бабасын боқтап алып, сөйткеніне қайта-қайта кешірім сұрағаны еске түседі.

Портреттен маған үнсіз қарайды,

«Мұның сенің қалай болды – ұлым!» деп.

Шыңғыс хан – түрік, қият. Тіпті қоңырат десе де қатты қателеспеймін. Қоңырат қызынан туғандығының өзі оның 50  пайыз қоңырат екенін мойындатпай ма? Мен Мұхтар Шахановқа емес, Мұхтар Мағауинге сенемін. Естеріңізге түсірсеңіздер ертеректе М.Мағауиннің «Қазақ әдебиеті» газетінде «Отырарды Қоңыраттардан қорғайық!» деп мақала жазғаны да тегін емес. Ендеше, Теміршін бабам – Отырарды азат етуші. Аса алып түрік қағанатын алдағы Алтын Орда Қазақ хандығын да құрушы қайран Шыңғыс хан бабам, терең тарих қойнауында бұлдырап қалып еді. Түстікте Қытай құтырып, батыста – Орыс жұтынып шыға келді. Ештен кеш жақсы. Сенің рухың өз қара шаңырағыңа оралса, бұдан алда Елбасымыз ойға алса, халқымыз ойланып Абайды, Мағжанды, Әуезовті, Нүрпейісовті, Мағауинді, Серік Ақсұңқарұлын, Шаһизада Әбдікәрімовтерді оқитындар бес жүз болмай 50 мың 500 мың болса, оқи бастаса Алаш атқа қонады… Теңеледі, күллі түрік қана емес, бүгінгі Монтескье, Лев Гумилев, Оңғар Нақыптар да кенеледі.

Бүгінгі бейшара күніміз үшін де кешір бізді, біз қоштаспаймыз, көрісерміз. Шыңғыс хан бабам!

Тегтер: