“Кет демейміз”: украин босқындарына Америкада қалуға рұқсат

Трамп украин босқындарының елде соғыс аяқталғанға дейін қалуына рұқсат беруді қарастырып жатқанын мәлімдеді.
Журналистер президенттен: «Сіз соғыстан қашып келген украин азаматтарының АҚШ-та соғыс аяқталғанша қалуына рұқсат етесіз бе?» деп сұрады.
«Иә, біз дәл солай жасаймыз. Украинадан бізге көп адам келді және біз оларға көмектесіп, қолдау көрсетіп жатырмыз», – деп жауап берді Трамп.
2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін АҚШ «Uniting for Ukraine» атты арнайы гуманитарлық бағдарламаны іске қосқан болатын. Бұл бағдарлама аясында АҚШ-қа ресми демеушісі бар украин азаматтарына елге уақытша гуманитарлық мақсатта кіруге рұқсат беріледі.
2025 жылғы маусымда Forbes журналы жариялаған дерекке сүйенсек, осы бағдарлама аясында 236 мыңнан астам демеушілік өтініш мақұлданып, 187 мыңнан астам украин азаматы АҚШ аумағына кірген.
Алайда 2025 жылдың көктемінде кейбір БАҚ ресми дереккөздерге сілтеме жасай отырып, АҚШ билігі елде жүрген 240 мыңға жуық украин босқынының құқықтық мәртебесін алып тастауы мүмкін екенін хабарлаған. Бұл ақпарат қоғамда алаңдаушылық туғызғанымен, кейінірек Ақ үй өкілдері бұл мәліметті жоққа шығарып, босқындардың мәртебесі сақталатынын растады.
Қазіргі таңда АҚШ-тағы украин босқындарына қатысты саясаттың қалай өзгеретіні соғыс барысына және Ақ үйдің алдағы шешімдеріне байланысты болмақ.