Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:50, 09 Қараша 2023

Кетбұғадан қалған күй

конкурс
Фото: из открытых источников

Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйін тыңдамаған қазақ кемде-кем шығар. Тарихи күйдің маңызы мен терең мағынасы елге аян. Осындай ұлылықты ұлықтау осы жолы Ұлытау облысына бұйырыпты. Облыста «Ақсақ құлан» халықаралық күйшілер байқауы ұйымдастырылды. Күй майталмандары тартысқан жарыста шетелдік күйшілер де өз бақтарын сынады.

Шараны мәдениет және тілдерді дамыту, архив ісі басқармасы мен «Қазақтың Кетбұғасы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақмыс» корпорациясы жанынан құрылған ардагерлер кеңесі ұйымдастырған. Байқау елімізде екінші мәрте өткізіліп отыр. Додаға 19 күйші қатысып, әсем күйлерімен елдің назарын өздеріне аудартты. Олар Қытай Халық Республикасы, Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда қалаларынан ат терлетіп, арнайы бақтарын сынауға келді.

Күйшілердің шеберлігі көрсетілген жарыста Темірхан Бейбіт, Динара Сейдалина, Еділ Тойлан, Бауыржан Сейделі сында күйшілер 3 дәрежелі сертификат алып, 150 мың теңгеден еншіледі. Сырым Шонбаев, Ғазиза Карифуллақызы, Кенжебек Долдаұлы 2 дәрежелі сертификатпен марапатталып, 250 мың теңге ұтыс ұтты. Ал Ілияс Тұрсынбек пен Марғұлан Әлкен 1 дәрежені алып, қос күйші қанжығаларына 300 мың теңгеден байлады. Шарада үздіктердің үздігі деп астаналық Бекзада Достиярова танылды. Ол 500 мың теңге сыйақыға ие болды. Жеңімпаз жарыс өте тартысты өтті дейді.

«Осы конкурсқа сақадай-сай боп келдік. Қарап отырсам, қарсыластарым да өте мықты дайындықпен келген екен. Қазақ «бақ шаба ма, әлде бап шаба ма?» дейді. Бас жүлде маған бұйырып тұрған екен. Өте қатты қуаныштымын. Біз байқауда Кетбұға бабамыздың көптеген ел естімеген күйлерін орындадық. Осы күйлерді насихаттау біздің мойнымызда деп ойлаймын» – дейді Бекзада Достиярова.

Әйгілі «Ақсақ құланнан» бөлек күйшінің «Сауға», «Нараду», «Терісқақпай» күйлері де қазіргі уақытта орындалып жүр. Зерттеушілердің пікірінше, ол кісінің басқа да мұраларын зерттеп ашу қажет. Ал саналы ұрпақ ретінде бабаларымызды құрметтеп, дәріптеу – біздің парыз. Ұйымдастырушылардың да көздеп отырғаны осы. Олар осындай шаралар легін көбейтіп, бабамыздың еңбегін елге танытуды мақсат тұтқан. Алқа алдағы уақытта Кетбұға баба туралы фильм түсіруге ұсыныс та жасаған. «Қазақтың Кетбұғасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, шара ұйымдастырушысы Төлеген Бүкіровтың ойынша, тарихи тұлғаны зерттеу мен дәріптеу аталмыш шарамен шектеліп қалмай, жалғасын тауып отыруы керек.

«Шараның мақсаты – Кетбұға бабамыздың күйлерін, оның ақындығы мен батырлығын халық арасында дәріптеу. Кетбұға баба туралы пьеса бірнеше жылдан бері қойылып келе жатыр. Ақын, жазушы Кенжебай Ахметовтің «Алтын бұғаулы арыстан» атты жаңадан жазылған пьесасын Қазақстанның барлық театрларынан көрсетілсе екен деймін. Жалпы мамандар оны оқыған. Кетбұға биді әлі де зерттеу, дәріптеу керек. Шаң басқан архивтерден тұлға туралы жақсы мәліметтер табылатынына күмәнім жоқ» –дейді ұйымдастырушы.

Күй өнері халқымызбен тағдырлас. Кетбұға бабаның күйлерін түсініп, оның мәні мен мағынасын түйсінген күй саңлақтары байқауда елді өз өнерлерімен тәнті етті. Тартысқа қатысушысы Қытай Халық Республикасынан келген Тайбол Жеңісұлы ұлттық аспаптармен орындалған күйлерден алған әсерім естен кетпестей болды дейді.

«Мен осы Кетбұға бидің топырағынан, Қытай елінен, Іле облысы Таусыр ауданынан келіп отырмын. Сайысқа арнайы дайындалдым. Сайыс өте қиын болды. Неше түрлі консерватория мен академиялардан, Қазақстанның түкпір-түкпіренен, шет елден келген азаматтар көп. Алған әсерім өте керемет!» – дейді қатысушы.

     Шыңғыс Атай 

     Ұлытау облысы