«Кеудемде дертті болып жүрек қалды...»
Кәмила – Абайдың Ділдәдан туған кенже ұлы Мағауияның қызы. Мағауия екі әйел алған. Бәйбішесі Дәмегөйден туған тұңғыш қызы Уәсиланы әкесі Абай бауырына салып өсіреді. Құтайба, Бабыр есімді ұлдары жас шағында қайтыс болады, Дәмегөйден туған кенжесі Жағыпар. Ал екінші әйелі Мөржаннан қызы Кәмила туады.
Мағауия Абайұлының өмірі көзіқарақты жұртқа мағлұм. 1870 жылы туылған. Әкесі Абайдың нұсқауымен 8 жасынан бастап Мұхаметкәрім деген молдадан ескіше оқып сауатын ашқан, кейіннен Семей қаласындағы Городское училище деп аталатын орысша мектепте білім алады. Мағауия орыс мектебінде үздік оқиды, бұл жөнінде Қайым Мұқамедханов: «Архив документінен Мағауияның он төрт жасында, 1884 жылы Семей мектебінің бірінші класының екінші бөлімінде үздік оқып, мектептегі барлық оқушының алды болып, бір өзі ғана «өте жақсы» – «отлично» деген баға алғанын көреміз» дейді. Алайда Мағауия Семейде екі-үш жыл оқыған соң өкпе дертіне шалдығып, амалсыз ауылға, әкесінің қасына қайтады. Содан 1886 жылдан бастап әкесі Абайдың қасында болады.
Сейітмұхамет Тәбәрікұлының дерегінше, Мағауия қайтыс болғанда Уәсила – 13, Құтайба – 9, Бабыр – 7, Жағыпар – 5, Кәмила – 2 жаста болған.
Әуелі 1904 жылдың басында ұзаққа созылған өкпе дертінен Мөржан қайтыс болады. Онсыз да науқас Мағауияға сүйген жардың қазасы ауыр тиеді, күн сайын дерт меңдетіп, ақыры 1904 жылдың 14 мамырында Мағауияның да демі үзіледі.
Кәмила Мағауияқызы 1902 жылы туылған. Небәрі екі жасында алдымен анасы Мөржаннан, кейіннен әкесі Мағауия мен атасы Абайдан айырылады. Алайда әжесі Ділдә немересін Мағауияның бәйбішесі Дәмегөйге «жетімсірете көрме» деп аманаттап тапсырады. Кең пейіл, балажан Дәмегөй Кәмиланы ешкімнен кем етпей, бағып-қағып өсіреді. Өзі де зерек, зейінді болып бой жетеді, арабша, орысша оқып сауатын ашады.
Кәмила Мағауияқызы небәрі 30 жыл ғұмыр кешті. Аз өмірінің біраз жылын аурумен алысып, сарсаңға түсіп өткізді. Жастайынан зерек, алғыр болып бойжеткен Кәмила атасы Абайдың өлеңдерін оқып, әндерінің қалпын бұзбай айтатын болған. Өзі де өлең жазған. Кәмила тіршіліктің ең бір бақытты, мәнді, мағыналы шағын қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлымен бірге өткізді. Мұхтар мен Кәмилаға қатысты айтылатын естеліктерде екі жастың ертеден бір-біріне көңілдері құлап, ынтық болғаны сөз етіледі. Алайда ынтық көңіл екі жастың тағдыры бірден тоғыса қоймайды. М.Әуезовті ағасы Разақ Самарханұлы мен Абайдың ұлы Тұрағұл 1917 жылы тобықты ішіндегі торғай руының Кәкен деген кісінің Райхан есімді 15 жасар қызына үйлендіреді. Мұхтар мен Райхан Мұғамила есімді қыз, Шоқан есімді ұл сүйеді. Алайда екі жастың некелі ғұмыры тым ұзаққа созылмайды, 1920 жылы ажырасады. Сол жылдың күзінде Мұхтар мамай еліне ұзатылған Кәмиланың некесін бұздырып, оны жар етіп алады. Екі жастың үйлену тойы Ойқұдықта өтеді. Жұрт жиылып, ойын-сауық құрады. Бұл туралы М.Әуезовтің тұңғышы Мұғамила Мұхтарқызы «Тұңғышы едім әкемнің» деп аталатын естелік кітабында былай дейді: «Әкем кейін Кәмила апама үйленді. Әкем Райханнан ажырасқаннан кейін, Кәмила да некесін бұзады. Оны жеке отау етіп әкемнің ауылы Бөрліге алдыртады. Содан кейін әкем оқу, қызмет жайымен Семейге кетіп, Кәмила Разақ ағатайымыздың ауылындағы өз отауында қалады. Мені Кәмиланың бауырына салады». Кәмила Мұғамиланы өз баласындай жақсы көреді. Мұхтар мен Кәмила Мағырипа, Зере есімді екі қыз сүйеді. Алайда екеуі де ерте шетінеп кетеді. Омырауы сыздаған Кәмила Мұғамилаға сүтін еміздіріп, омырауын босаттырып алады екен. Кәмила Мұғамиланы мәпелеп өсіреді. Кейін Кәмила анасын: «Кәмеш шешем Мұхтарға деген көңілінен болар, маған аналық жүрегін ақтарыла ұсынушы еді. Обалы не керек, шеше орнына шеше болды. Өзім де кейінге дейін Кәмиланы туған шешем деп жүріппін» деп тебірене еске алады.
Кәмила біраз жыл қамсыз-қайғысыз, махаббатқа толы күндерді өткізеді. Алайда бұл баяшат тіршілік тым ұзаққа созылмайды. 1923 жылы Мұхтар Әуезов Ленинград мемлекеттік университетіне оқуға түседі, осы жылы болашақ жары Валентина Николаевнамен танысады. Бар кілтипан осыдан туындайды. М.Әуезовтің көңілі Валентина Николаевнаға біржола ауады. Өзі сияқты оқыған, көзі ашық Валентинаны жар етуге бекиді. Бірақ бұл күнде Бөріліде тұрып жатқан Кәмиланы қию да оңай болмайды. Мұны Ә.Марғұланұлының естелігіндегі Мұхтардың: « – Сен өзің көріп жүрсің ғой... аз уақыттан бері В-мен жуықтасып жүргенімді. Сол жуықтасуымды одан әрі тереңдете түсуім керек пе, жоқ па?... Соны қалай шешуін біле алмай жүрмін» деген екіұдай күйінен аңғаруға болады.
Мұхтардың Кәмиладан көңілінің суу себебінің бір ұшығы, оның Ә.Марғұланұлына айтқан мына бір жан сырында жатқан сыңайлы: «...Жақсы жұбаймен қатар кісіге ұрпақ та керек ғой. Кәмиламен 5-6 жыл бірге тұрып, бір бөбек көре алмадым. Бала біткенмен кемеліне келмей жоғала береді. Мені көп ойға түсіріп қорқытатын жері осы».
Енді бірде Әуезов Ә.Марғұланұлынан « – Сенің ойыңша оқыған қыздардың ішіндегі тәуірі кім деп білесің?» деп сұрайды әрі Әлкей айтқан қазақтың оқыған қыздарының ешбірін бойына тоғытпайды. Негізі мұның бәрін Валентинаға әбден көңілі құлаған Әуезовтің өз-өзін ақтауы десек те тым қиыс кете қоймаспыз. Қалай десек те, ендігіде Мұхтар мен Кәмиланы бұрынғыдай ынтық өмір күтіп тұрмағаны анық еді.
Ақыры, 1927 жылдың жазында Әуезов Ә.Марғұланұлымен бірге жоспарлаған экспедициясынан «елге барғым келмейді, оның көп шатқалаң сырлары бар» деп қалып қояды әрі Әлкейден Жебірейілге хат жазып беріп жібереді. Бұл туралы Мәкен Тұрағұлқызының естелігінде (жазып алған Т.Жұртбай) жан-жақты айтылады. Енді естеліктен үзінді келтірейік. «Әлі есімде, 1927 жылы Семейдегі Жебірейілден Тұраш ағама хат келді. Ауыл болып қуанып, бір жерге жиналдық. Хатты ашып жіберіп оқи берген Тұраш ағамның өңі сұрланып, көзінің жиегі қызарып кетті... Сөйтсек, Ленинградтан Мұхаң Жебірейілге сәлем жолдап, онымен қимас достығын білдіре келіп, өзінің үйленетіндігін айтыпты». М.Әуезов хатында жердің шалғайлығынан Шыңғыстауға бара алмағанын, Кәмиладан кешірім өтінетінін, Тұрағұлдың алдынан өткенін жеткізеді. Дәл осы оқиғаны М.Мұхтарқызы да естелік кітабында жазады. М.Тұрағұлқызы бұл хатты Кәмиланың көз-жасын көлдетіп тұрып оқығанын әрі: «Мұхтарға артар өкпе-назым жоқ. Сүйген жүрекке жазық бар ма? Аяғына тұсалғым жоқ еді. Қарғамаймын, қарғамаңдар. Ол өссін, көгерсін» депті.
Осылайша, Мұхтар мен Кәмиланың жолы екіге айырылады. Өмір өз арнасымен жылып аға береді. Бірақ Мұхтар да, Кәмила да бір-бірін ұмыта алмайды. Жастық кезіндегі жалыны қатты ыстық махаббатты жүректегі табы ауық-ауық Мұхтарды да өртеп тұрған сыңайлы. Ғазел Жағыпарқызы өз естелігінде: «Мұхаң маған бірде әкеңнің туған қарындасы Кәмилаға ғашық едім ғой дегені бар» дейді, әрі өзін Әуезовтің КазГУ-ге оқуға түсіріп, Абай атындағы стипендия тағайындатқанын айтады. Мұны да Әуезовтің Абай әулетіне қамқорлығы, Кәмила алдында өтеген қарызы деп түсінген жөн болар. Ал С.Тәбәрікұлы «Тауқымет» деп аталатын кітабында: «1944 жылы Кәмиланың туған апайы Уәсиләні үйіне шақырып алып Мұхтардың айтқаны: «Уәске, Кәмила үшін мені кешір! Кәмилаға қиянат істедім. Кәмила әр уақытта менің жүрегімде сақталған» деген көрінеді» деп жазады. Бұған жалғас Тұрағұлдың қызы Мәкен апаның күйеуі Ұлықбек Мұхаметжановқа айтқан мынадай да сөзі бар: «Менің жатсам да, тұрсам да үш адам есімнен де, түсімнен де шықпайды. Біреуі – Кәмила, екіншісі – Қасымбек, өзімді оқытқан ағам, 27 жасында өлген. Үшіншісі – Жәбірәйіл (Жебеш) Тұрағұлдың ұлы, бірге оқып, бірге өскен өнерпаз жан еді».
Тұрсын Жұртбай «М.Әуезов «Япырай, Кәмеш маған қатты ренжіген-ау, ылғи түсіме ақ киім киіп, салқын қалыпта, теріс қарап тұрады. Сол елестен арыла алмаймын» деп жиі айтады екен» дейді. Кейіннен жанын шабақтаған, жүрегіне тыным бермеген осы ойлар «Қарагөз» пьесасында көрініс табады. (Бұл жөнінде Т.Жұртбай «Бесігіңді түзе» кітабында тәптіштеп жазады).
***
Кәмила Мұхтармен ажырасқан соң, жүрек сырын, көңілдің қапырық өкінішін өлеңге айналдырған. Бірақ ол өлеңдер толық сақталмаған, бізге жеткені – үзік-үзік шумақтары ғана.
Кәмила қайтыс боларында Мұхтарға қоштасу хатын өлеңмен жазған. Тұрсын Жұртбай хаттың үш шумағын Кәмиланың құрбысы Күлән Құндызбаевадан қағазға түсіріп алғанын айтады әрі «Кәмиланың Мұхтарға арнаған өлеңі ұзақ және әрқайсысы көңіл күй ауанына байланысты әр мезгілде жазылған сияқты» дейді. Кәмиланың Мұхтармен қоштасуының бізге жеткен үзігі мынадай:
Сәлемет сау ма денің өмірлесім,
Қосылған махаббатпен көңілдесім.
Сағынып жүргенімде кеттің алыс,
Жүреміз өмір қылып мұның несін.
Тілегім, бар қызығым ауды саған,
Бір сөзің жүрегіме тиді жаман.
«Жолыңа жаным құрбан» деген қалқам,
Көрісер ме екенбіз есен-аман.
Зырқырап басқызбайды аяғым-ай,
Жүрер ме ем зыр жүгіріп баяғыдай.
Қайғымен құсаланып ғашық көңіл,
Уайыммен өтеді-ау заманым-ай.
Үш шумақтың өзінен Кәмиланың аласатқан, сағынған, зарыққан, ақырында өкініштің оты өртеген ақ, адал көңілі сезіледі. Оның сөз саптасынан, өлеңнің ырғақ, ұйқасынан кәдімгі сөзге төселген ақынның белгісі анық сезіледі. Әсіресе ынтық көңілдің сүйген жардан амалсыз суи бастағаны, ыстық жүректі ендігіде суық қайғының кеулей түскені өлеңнің өн бойына сіңген. Бұл тұрғыдан Кәмиланың қоштасу хаты әкесі Мағауияның лирикалық жырларымен үндеседі. Қайым Мұқамедханов Мағауияның шығармашылығы туралы: «Абай төңірегіндегі Мағауия сияқты ақындар да ұлы ақынның өлең түріндегі жаңа үлгілерін өнеге етіп, лирикалық өлең жазды» дейді. Кәмила жоғарыдағы қоштасу хатында ішкі сезім сырын бүкпесіз ақтарады, жан сырын өлеңге жайып салады. Дәл осылай ғашық жанның көңіл толқынысын, ішкі сезімін бүкпесіз жеткізу Мағауия жырларында да жиі кездеседі. Мәселен, ақынның «Түсімде бүгін түнде кірді дұхтар» деген өлеңінде (Қ.Мұқамедханов бұл өлеңдегі дұхтар деген сөзге «фарсы сөзі (дөхтәр) – қыз деген сөз» деп түсініктеме береді) түсіне кірген сүйгені, ғашығын жазғыра сөйлеп:
Белгілі ер емес пе ең сертің мығым,
Білетін жан емес пе ең көңіл ығын.
Кеудемде дертті болып жүрек қалды,
Қайда кетті тазалық, балалығым!...», – дейді. Дәл осы шумақтың ішкі сыры, ырғағы Кәмиланың қоштасу хатымен тамырласып жатқандай. Әрине, біз Кәмиланы сөз ұстаған, өлең қонған кәдімгі ақын еді деуден аулақпыз. Бұлай кесіп айту үшін ең кемінде Кәмиланың бас-аяғы толық бірнеше өлеңі қолымызда болуы тиіс. Біздің емексітіп отырғанымыз – асылдың сынығы, Абайдай алып бәйтеректің бір бұтағы Кәмиланың да өлеңнен қаражаяу емес екенін, там-тұмдап бізге жеткен шумақтарынан оның атасы Абаймен, әкесі Мағауиямен сабақтасып жатқанын айту.
Кәмиланың «Мұхтармен қоштасқаннан кейін жазғаны» делінетін ел аузында сақталған бірлі-жарым шумақтары бар. Бұл өлеңдерде оның ішкі өкінішін, күйінішін дүп басады. Мысалы:
«Ата-анам өлді жасымда,
Тәрбие көрмей қасында.
Теріс те болдым аруаққа,
Білеме адам ашуда», – дейтін жалқы шумағы құрылымы, ойы тұрғысынан басқа өлеңдерінен өзгеше. Жалқылығын, жалғыздығын жыр еткен, өмір жолындағы кейбір істеріне іштей өкінген, өзін қыжыртқан жүректің халін бейнелейтін өлеңнің бір үзігі іспетті.
Кәмила Мұхтардан хабар күтіп, жолына қарап үздігіп жүрген бір үміт пен күдікке арбалған, уайымша шырмалған жан лүпілін мына бір шумақтардан сезе аламыз.
Көзінің сағынамын қарағанын,
Жүрекке махаббат боп тарағанын.
Отырам күндіз-түні қапаланып,
Өмірімді ауру қылып жараладың.
Ей, жарым, жаным сүйген көңілім құлап,
Хат жаздым рахметіңнен етіп талап.
Демесең қар етейін мен ғарыпты,
Жауап бер, шын көңілмен ойың балап.
Өлеңнің ойына қарасақ, бұл шумақтар қоштасу хатынан ертерек жазылғанға ұқсайды. Себебі мұнда қараңғы түнек тұмшалаған жүрек түкпірінен жылт еткен жарық көрінеді. Кәмиланың өзі осы болмашы, жіптіктей сәулеге сүйеніп, соны тіршілігіне таяныш етіп, әлі үмітін үзбей қам көңілмен күн кешіп жатқандай. Ал қоштасу хатынан үміті үзілген, бәріне мойынсал болған, шарасыз, әлсіз, қорғансыз Кәмиланы көреміз.
Мұхтардың біржола өзінен кеткенін білген соң Кәмила қайғыны еңсеріп, тіршілігін жалғастырады. Техникумға оқуға түседі, алайда 1928 жылы Абай ұрпақтары қудалауға ұшырап, Кәмиланың оқуы аяқсыз қалады. Кәмиланың Семейде оқығанын Ишан Жағыпарқызының естелігі де нақтылайды. Онда Кәмиланың Мұхтармен айырылысқаннан кейін Аралтөбедегі Жағыпардың үйінде тұрғаны айтылады. 1930 жылы Жағыпар Семейден мұғалімдік курсты бітіріп, Уба-Форпост селосына жолдама алады. Сонда Кәмила Дәмегөй шешесімен бірге Уба-Форпост селосына көшіп келгені айтылады. «...оның алдында Семейдегі училище ме, техникум ба, әйтеуір бір жеңіл оқу орнына түскен. Өмірін қайта бастағысы келді. Мені қасына алды. Бірақ денсаулығына байланысты жалғастыра алмапты. Ол Семейге келгесін бізбен бірге Белағашқа бармай қалып қойды да, Фрунзеге Уәсиланың үйіне кетті» дейді.
Сүйген жары Мұхтар бейнесі Кәмиланың көзінен тасаланғанымен көңілінен өшпейді. Өзі сырқаттанып жүрсе де үнемі Мұхтарды ойлайды. Бұл жөнінде Ишан Жағыпарқызы былай дейді: «Кейін Уәсила тәтемнің әңгімесінен ұққаным мыналар. Кәмила Ташкентте Мұхтардың қолды болғанын, абақтыға қамалғанын біліпті. Ертелі-кеш соны әңгіме қылып, не істер екен деп сұрап отырады екен». Сейітмұхамет Тәбәрікұлы бұдан кейінгі оқиғаны былай тарқатады. «Өкпеге қиса да, түрмеге қимаған Кәмила ондағы туыс ағайыны Уәсилаға:
– Мұхтарға барсам, жолығып тілдессем, тамақ кіргізсем деп тілегін айтқанда Уәсила бірден тойтарып, күтпеген бұл келісін, мұндай ниетін қош көрмейтіндей тіл қатады». Осыдан соң Кәмиланың уайымы қалыңдап, науқасы меңдей түседі. Осыдан кейін қайтадан Жағыпардың үйіне, шешесі Дәмегөйдің қолына қайтып келеді. Ендігі ғұмырын аурумен алысып, ауыр ойдың тереңіне батып, өткен күндерді жанына медет етіп, сағынып, сарғаюмен өткереді. Осы кезде іштегі шерін өлеңге төгеді.
Ақыры ұзақ уақыт айналдырған ескі дерт, оған қосылған ауыр қайғы Кәмиланы да жалмайды. 1932 жылы ағасы Жағыпардың қолында Убе-Форпоста қайтыс болады. Сондағы зиратқа жерленеді. Кейіннен шешесі Дәмегөй мен ағасы Жағыпарға да осы зираттан топырақ бұйырады. Кейін, 1982 жылы ескі зираттан Абай келіні Дәмегөйдің, Мағауияның ұлы Жағыпар мен қызы Кәмиланың сүйегі мұсылмандық жолмен қазып алынып, Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің зиратына жерленеді.
Абайдың үміт еткен ұлдарының бірі Мағауия еді. Сол Мағаштың бір бұтағы Кәмила. Ол өнерді сүйді, өлеңге жаны үйір болды. Ұлы жазушы М.Әуезовтің жүрегіне шоқ тастады, өзі де оны құлай сүйді. Аз уақыт сүйіктісімен бақытты ғұмыр кешті. Ал тартқан азабы, қыршын қиылған өмірі, тағдырдың маңдайына жазғаны дерміз.
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ