Кейбір қазақстандық бизнесмендер саяси ойындарға беріліп кетті – Президент
ҚР Президенті «Түркістан» газетіне берген сұхбатында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және кәсіпкерлердің ел саясатына қатысуы туралы айтты.
«Сіз Республика күні қарсаңында өткен азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімінен кейін кәсіпкерлермен жеке кездесіп, оларға наразылығыңызды ашық айттыңыз деп естідік. Құпия болмаса, әңгіме не туралы болды?» - деп сұралды Президенттен.
Мемлекет басшысының айтуынша, әңгіме қайырымдылық пен жасампаз патриотизм туралы болған.
"Елге өз халқы алдындағы жауапкершілігін сезінетін және мойындайтын ұлттық буржуазия қажет. Олар осы халықтың арқасында жетістікке жеткенін түсінуі керек. Кәсіпкерлерге қоғам үшін игі іс атқару — бұл билік жүктеген міндет емес, құрметті парыз екенін еске салдым. Шетелде табысқа жетсе де, туған жерлеріне көмектесіп жүрген бірқатар ірі кәсіпкерлердің жомарт қайырымдылығын үлгі етіп келтірдім. Олар қалалардың инфрақұрылымын салып, жөндеп, музейлер, емханалар, мектептер сынды ауқымды жобаларды қаржыландырып отыр", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанда көп нәрсенің өзгергенін, қоғамдық сананың дамығанын, мемлекеттік жүйенің трансформацияланғанын, саяси тұлғалардың ауысқанын айтты. Бірақ соған қарамастан, ірі кәсіпкерлер тобы ең консервативті, өзгерістерге баяу бейімделетін топ болып қала беруде.
Сонымен қатар, оның айтуынша, бұл– биліктің оларға деген сақтықпен қарауының белгісі.
"Барлық кәсіпкерлер мемлекет қолдауын дұрыс түсіне бермейді, кейде оны өздеріне тиесілі нәрсе деп ойлайды. Кейбірі ірі жобаларды қолға алып, кейін үкіметтен көмек сұрайды. Олар ауқымды жобаларды бастап алып, қит етсе Үкіметтен көмек сұрайды. Мен оларға «бизнеспен айналысып жатқан сіздер ме, әлде Үкімет пе?» деп сұрақ қойдым. Кәсіпкерлер ел экономикасы үшін еңбек етуі керек. Қитұрқы саяси ойындармен әуестеніп кеткен кейбір кәсіпкерлерді сынауға тура келді. Бизнесмендер ел экономикасын өркендету үшін жұмыс істеуі керек. Тіпті, кәсіптің жілігін шағып, майын ішкен Илон Масктің өзі саясатқа белсенді араласпау туралы шешім қабылдады", - деді ол.
Сонымен қатар Президент қазақстандық кәсіпкерлердің тасқын салдарын жоюға қосқан үлесін оң бағалады.
"Отандық бизнес өкілдері тарихымызда бұрын-соңды болмаған алапат тасқын кезінде елдік істен шет қалған жоқ, апат салдарын жоюға қаржылай көмек көрсетті. Бұл – қуанарлық жағдай.
Мен қайырымдылықпен айналысып жүрген азаматтарды қолдау үшін арнайы «Мейірім» орденін енгіздім. Елге жанашырлық көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпкерлер биылдан бастап осы жоғары наградаға ие болады. Осылайша, олардың қоғам алдындағы абырой-беделі мен мәртебесі айқындалады, - деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, «Turkistan» газеті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас редактор Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбатын жариялады. Президент елдің ішкі және сыртқы саясатына, әлеуметтік-экономикалық дамуына және өзге де өзекті тақырыптарға қатысты сұрақтарға жауап берді.