Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:35

«Кездейсоқ король» немесе вице-президент кім болады?

Вице-президент
Фото: Ғалым Смағұлұлының карикатурасы

ХІХ ғасырдың басында Швеция мен Норвегияның Карл Юхан XIV деген королі болған. Император Наполеон Бонапарттың көп маршалдарының бірі Жан-Батист Жюль Бернадоттың (Карл Юхан) король атану түсіне де кірмеген ғой, бірақ «тағдырдың жазуымен» екі елге бірдей патша болды.

Сол Карл Юхан қанша жерден король болса да, жейдесін ешқашан шешпеген көрінеді. Тіпті сүйікті кәнизактарына да кеудесін көрсетпейді екен. Неге? Мұның құпиясын сөз соңында айтамыз.

Қызылордада өткен соңғы Ұлттық құрылтайда президент Қ.Тоқаевтың мына сөзін бәрі естіді: «Ұлттық құрылтайдың бүгінгі қорытынды отырысында осындай сәт туып тұр деп санаймын. Сол себепті жаңадан маңызды ұсыныс айтқым келеді. Мен ұсынатын жаңашылдықты біз бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні деуге болады. Әңгіме ҚазақстанРеспубликасының Вице-президенті институтын құру, тиісінше оны Конституцияда бекіту туралы болып отыр. Вице-президентті мемлекет басшысы Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімін ала отырып тағайындайды. Оның құзырет аясын мемлекет басшысы өзі белгілейді.

Вице-президент президенттің тапсырмасы бойынша:

– Халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делегацияларымен өткізілетін келіссөздерде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді;

– Парламентте президенттің атынан өкілдік етеді;

– Еліміздің және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады;

– Президенттің басқа да тапсырмаларын орындайды.

Вице-президенттің қызметтік міндеттеріне қатысты осы негізгі ережелерді де Конституция мәтінінде көрсеткен жөн болар еді».

Бір қызығы, президент ұсынысын айтып болғанша, әркім «өз вице-президентін» ұсынып үлгерді. Біреулер Иманғали Тасмағамбетовті Ресейден «сүйреп әкеп», Ақордаға «итеріп» кіргізбек болып жанталасуда. Ол кісінің қазір уақыты да, көңіл күйі де жоқ шығар. Біріншіден, жұмысы жоқ. Жұмыссыз адамда қандай көңіл күй болсын? Екіншіден, бар ақшасын апарып салған «КамАЗ-дың» банкрот боп қалғаны тағы бар...

Енді біреулер вице-президент тағынан Мұрат Нұртілеуді көргісі келеді. «Халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делегацияларымен өткізілетін келіссөздерде отыру – біздің дипломат Мұратқа ғана жарасады» деп біледі. Нұртілеуге қатысты абың-күбің әңгіменің қызуы басылғанымен, «ошаққа» жақындай алмайды, тағы күйіп қалуы мүмкін.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевты, премьер-министр Олжас Бектеновті немесе мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді вице-президенттікке лайық көретіндер де өз уәжіне сенімді. Онысын әр-әр жерде дәлелдеп те жүр. Бұл үшеуінің де өздеріне тән артықшылықтары бар екені рас, сонымен қатар кемшіліктері де аз емес. Бірінің «саяси салмағы» кемшін, тағы бірі – «тартпайды», келесісі «әлі дайын емес» дегендей. Сондықтан да әркім өз ісімен айналысқаны дұрыс шығар.

Анаған бір, мынаған бір «танабау» тағып жатқан «саяси жауырыншылар» бір нәрсені ескермеген сыңайлы. Президент Тоқаев «Вице-президентті Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімін ала отырып өзі тағайындайтынын» айтты ғой. Олай болса, «менікі жөн», «менікі барады» деп, қызылкеңірдек боп керілдесудің не қажеті бар? Уақыты келеді – кімнің вице-президент болатынын көреміз. Әзірге бәріміз өз шаруамызбен айналысайық.

...Император Наполеон Бонапарттың әскербасыларының бірі Жан-Батист Жюль Бернадот 1810 жылы лютерандық дінді қабылдап, күтпеген жерден Швеция мен Норвегияның королі боп шыға келді. Таққа отырып алған соң ол Ресеймен одақ құрып, әлсірей бастаған Наполеонға қарсы соғысқан. Сол Карл Юхан өле-өлгенше жейдесін шешпей өтіпті. Өйткені Наполеонның қатардағы солдаты боп жүргенде кеудесіне «Корольдерге өлім келсін!» деп өшпестей етіп жаздырып алған екен.

Ерік РАХЫМ