KGIR-2025: Жетісудағы жаңа жұмыс орындар
Өткен аптада Астанада Қазақстанның негізгі инвестициялық форумына айналған KGIR-2025 – Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел өткен еді.
2017 жылдан бері жыл сайын еліміздің премьер‑министрінің басшылығымен өткізіліп келе жатқан бұл шара – мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен халықаралық бизнес қауымдастығының инвестициялық алаңы болып қалыптасқан. Осы уақыт ішінде форум мемлекет пен халықаралық инвестициялық қауымдастық арасындағы диалогқа арналған беделді алаң ретінде танылып, үкімет өкілдерін, бизнес көшбасшыларын, халықаралық ұйымдар мен даму институттарын біріктіріп келеді. Президент те жыл сайынғы жолдауында елге инвесторлар тартудың маңызы туралы атап өтіп жүр.
KGIR-2025-тің негізгі тақырыбы – «Трансформация дәуіріндегі жаңа шешімдер: Қазақстан – тұрақты экономикалық дамудың орталығы». Қатысушылар жаһандық сын-қатерлер мен инвестициялық мүмкіндіктерді, болашақ тұрақты экономикаларды қалыптастырудағы Қазақстанның рөлін, инфрақұрылым, өнеркәсіп, энергетика, технологиялар және жасыл экономиканың дамуы талқыланды. Форум инвестициялық қоғамдастықтың, бизнестің және мемлекеттік құрылымдардың басын қосқан жиын тәжірибе алмасуға, жобаларды таныстыруға әрі елімізді инновациялардың өңірлік хабы ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған. Форум аясында «Инновациялардан тұрақтылыққа: АХҚО Қазақстанның заманауи инвестициялық климатын қалай қалыптастырады» тақырыбында панельдік сессия өтті. KGIR-2025 аясында Жетісу облысы тағы бір маңызды экономикалық бетбұрыс кезеңін бастан өткерді. Өңір делегациясы облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатовтың жетекшілігімен шетелдік инвесторлармен бірқатар кездесулер өткізіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған нақты қадамдарға барды. Бұл кездесулер нәтижесінде жалпы құны 34 млрд теңгеден асатын, шамамен 800 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін төрт маңызды меморандумға қол қойылды. Мұндай келісімдер өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, Қазақстанның жалпы экономикалық стратегиясында шетелдік капитал мен технологияларды тарту бағытының нәтижелі жүзеге асып жатқанын айқындайды.
Меморандумдар аясында Бельгия, Қытай Халық Республикасы және Пәкістан елдерінің ірі компаниялары Жетісу өңірінде бірқатар өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүдделілік танытты. Атап айтқанда, бельгиялық, қытайлық және пәкістандық инвесторлар қатысатын Envision KKS жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы аумағында жел генераторларын (WTG) және энергия сақтау жүйелерін (BESS) өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба еліміздің жаңартылатын энергия көздері саласындағы жаңа дәуірін айқындамақ. Зауыттың іске қосылуы Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін күшейтіп, экологиялық таза энергияны өндіруде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Сондай-ақ «Каусар-Карго» ЖШС Панфилов ауданында халықаралық деңгейдегі заманауи автовокзал салуды көздейді. Бұл нысан тек көлік қатынасы үшін ғана емес, сонымен қатар өңірлік логистиканың дамуына серпін беретін маңызды инфрақұрылымдық орталыққа айналмақ. Ал STS Jetisu ЖШС компаниясы «Талдықорған» индустриялық аймағында SPC үлгісіндегі еден жабынын өндіретін зауыт салу жобасын қолға алуда. Бұл жоба құрылыс индустриясы үшін жаңа технологиялар мен заманауи материалдарды енгізуге бағытталған. Сонымен бірге Saron Kazakhstan ЖШС компаниясы «Нұр жолы – Қорғас» өткізу пунктінде айналма жол мен көлік-логистикалық орталықтың құрылысын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл бастама транзиттік жүктемені азайтып, өткізу қабілетін 2-3 есеге арттыруға, шекарадағы көлік кептелістерін азайтуға мүмкіндік береді.
Бельгиялық Saron Kazakhstan компаниясының президенті Людо Саренстің айтуынша, олардың жобасы Қазақстан мен Қытай шекарасында жүзеге асырылып, аймақтық көлік инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған. «Қытайдан Қазақстанға, Әзербайжан мен Өзбекстанға жел генераторларын тасымалдау кезінде кейде өткізу бекеттерінде үлкен кептелістер орын алады. Біз ұсынып отырған айналма жол мен көлік-логистикалық орталық бұл мәселелерді шешіп, өткізу пунктінің тиімділігін арттырады. Сонымен қатар бұл жоба жергілікті халыққа жаңа жұмыс орындарын ұсынып, өңірдің экономикалық белсенділігін арттырады», – деді Людо Саренс.
Пәкістандық STS Jetisu компаниясының директоры Афтаб Танвир де өз жобасы туралы ерекше ықыласпен айтты.
«Біз ТМД елдерінде 20 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келеміз. Қазақстанда қолға алып отырған бұл алғашқы жобамыз – қабырға мен еденге арналған SPC панельдерін өндіру зауыты. Бұл өнімдер экологиялық тұрғыда таза әрі төзімділігі жоғары материалдар қатарында. Біз Жетісу облысындағы қолайлы инвестициялық ахуал мен жергілікті биліктің қолдауын жоғары бағалаймыз», – деді ол.
Қытайлық инвесторлар да өңірдің даму әлеуетіне ерекше қызығушылық танытып отыр. «Кәусар-Карго» ЖШС өкілі Лун Шуньцин Панфилов ауданында халықаралық көлік-логистикалық хаб салу жобасын таныстырып, оның құрамында автовокзалмен қатар уақытша сақтау қоймасы, газ-турбиналық станция, сондай-ақ сауда және ойын-сауық орталықтары салынатынын атап өтті. Бұл кешен аймақтың экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымын айтарлықтай жетілдіреді. Сонымен қатар Envision KKS зауытының іске қосылуы жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы аймақтық және ұлттық бастамаларға жаңа серпін бермек.
Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов атап өткендей, өңір қазіргі таңда халықаралық әріптестікті кеңейту бағытын табанды түрде жалғастырып келеді.
«Облыс құрылған сәттен бастап өңір экономикасына 1,2 трлн теңге инвестиция тартылды. Бұл қаражат 135 жобаға бағытталып, 3,8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Мәселен, Германия компаниясымен бірлесіп халықаралық жүк-жолаушы әуежайының құрылысы басталса, Чили компаниясымен бірге тау-кен өнеркәсібіне арналған диірмендік шар өндіретін зауыттың құрылысы қолға алынған. Енді Бельгия, Қытай және Пәкістан инвесторларымен жаңа келісімдер жүзеге аспақ», – деді ол.
Бұл бастамалар өңірдің өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, халықаралық деңгейдегі инновациялық технологияларды енгізуге, жаңа өндірістерді дамытуға, сонымен қатар әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық өсімді қамтамасыз етуге ықпал етеді. Облыстың инвестициялық белсенділігі жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Жетісу облысына тартылған инвестиция көлемі 330,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,7 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш өңірдің экономикалық даму қарқынының жоғары екенін және шетелдік серіктестер үшін сенімді әріптеске айналып келе жатқанын көрсетеді.
Жетісу өңірі бүгінде Орта Азиядағы жаңа индустриялық және логистикалық орталықтардың бірі болуға ұмтылып отыр. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы, табиғи ресурстар мен көлік дәліздерінің молдығы, инвестициялық климаттың ашықтығы өңірдің болашағының жарқын екенінен хабар берсе керек.
С. Бақберген
Жетісу облысы