ҚХА-ның 30 жылдығы. 300-ден астам іс-шараға 40 мыңнан астам адам қатысты

Биыл Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы. Осыған орай Алматы облысында Достық үйлерін салу жоспарланып, 300-ден астам іс-шара жүзеге асырылмақ. Бұл жобалардың да мақсаты ассамблеяның мақсатымен үндес – қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық диалогты дамыту және бірлік құндылықтарын насихаттау.
Қазақстан әртүрлі мәдениет, тіл мен дін өкілдерінің ортақ шаңырағы. Жүзден астам этнос өкілдері бірлікте, әлеуметтік тұрақтылықта өмір сүріп жатыр. Бұл адамгершілікке, құрметке, тең құқықтылық пен өзара түсіністік қағидаттарына негізделген саясаттың жемісі. Ұлтаралық қарым-қатынастың тұрақты дамуы үшін күнделікті түсіністік пен бауырмалдықтан бөлек, мемлекеттің қолдауы да өте маңызды. Қазақстанда бұл тұрғыда бірқатар нақты бағыттар бар. Оларды жүзеге асыратын ресми институттар да дамыған. Соның ішіндегі бәрімізге белгілісі – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Оған биыл 30 жыл. Енді мерейтой қарсаңында өңір-өңірдегі жұмыс қыза түспек. Еске сала кетейік, ҚХА-ның 30 жылдығына орай елімізде және шетелдерде 1,5 млн адамды қамтитын іс-шаралар легі жоспарланып отыр. Олардың алғашқылары наурыздан басталып та кеткен. Мерейтой аяқталғанша түрлі форматтағы 150-ден астам іс-шара ұйымдастырылмақ. Еліміздің түкпір-түкпірінде 400-ден аса танымдық, әдеби-мәдени іс-шара өтеді. Тағы 25 жоғары оқу орны мен сараптамалық орталықтарында 34 ғылыми-тәжірибелік конференция, дөңгелек үстел, семинарлар ұсынылады.
Мәселен, жақында ғана Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында ассамблеяның XXX сессиясы өткен болатын. Жыл басынан бері өңірде 300-ден астам тақырыптық іс-шара өткізілді, оған 40 мыңнан астам адам қатысты. Соның ішінде 34 этномәдени бірлестіктің өкілдері, аналар кеңесі мен ақсақалдар кеңесінің мүшелері, «Ассамблея жастары» жастар қанатының белсенділері, медиаторлар және азаматтық қоғам өкілдері бар.
Мерейтой жылы этносаралық келісім инфрақұрылымын дамытуға да ерекше назар аударылуда. Жоспар бойынша Қонаев қаласы мен Ұйғыр ауданында Достық үйлері салынады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр. Сондай-ақ өзге ұлт өкілдері тығыз орналасқан Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында ҚХА бөлімшелерін ашу жұмыстары басталып кетті. Бұл туралы облыстың баспасөз қызметі хабарлады. Жыл соңына дейін өңірде этносаралық келісім, толеранттылық пен диалог идеяларын насихаттауға бағытталған тағы 8 ірі этномәдени жоба өткізу жоспарланған.
«Алматы облысында келісім, толеранттылық және ашық диалог бұрыннан өмір салтына айналған. Бұл – бізді күшті әрі біртұтас ететін басты құндылықтар. Қазақстан халқы ассамблеясы – бірлігіміздің және көптүрлілікке деген құрметтің нышаны. Мерейтойлық жылы біз мәдени бастамалармен қатар инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөліп отырмыз», – дейді облыс әкімдігінің өкілдері.
Альфия Жәнібекқызы
Алматы облысы