КХДР 2026 жылды зымыран сынағымен бастады
2026 жылдың алғашқы күндері-ақ Солтүстік-Шығыс Азияда әскери-саяси ахуал қайта шиеленісті. Солтүстік Корея 4 қаңтар күні таңертең Жапон теңізі бағытына қарай бірнеше баллистикалық зымыран ұшырды.
Оңтүстік Корея әскери құрылымдарының мәліметінше, зымырандар шамамен 900 шақырым қашықтыққа дейін ұшқан. Бұл Пхеньянның 2026 жылғы алғашқы қару сынағы.
Зымыран Пхеньян маңынан жергілікті уақытпен сағат 07:50 шамасында тіркелген. Жапонияның жағалау күзеті кем дегенде бір зымыранның теңізге құлағанын хабарлады. Оқиғадан кейін Сеулде ұлттық қауіпсіздікке жауапты құрылымдар шұғыл жиын өткізді. Ал халықаралық агенттіктер бұл сынақты аймақтағы кезекті қауіп белгісі ретінде бағалады.
Ким Чен Ынның жаңа тактикасы
Бұл зымырандардан бір апта бұрын, 2025 жылдың 29 желтоқсанында, Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын қатысқан жағдайда Сары теңіз бағытына стратегиялық қанатты зымырандар ұшырылған еді. Ал оған дейін, қараша айының басында, баллистикалық зымыран сынақтары өткізілген.
Сарапшылардың пікірінше, бұл уақытша сәйкестік емес. Қарашадағы сынақтар Дональд Трамп Азия аймағына сапары кезінде Ким Чен Ынмен кездесуге мүдделі екенін айтқан тұсқа дәл келген. Алайда Пхеньян бұл ұсынысқа ресми жауап берген жоқ.
«Хвасон-20» және үлкен ойын
2025 жылдың 11 қазанында Пхеньянда өткен ірі әскери парадта КНДР екі жыл үзілістен кейін жаңа Хвасон-20 құрлықаралық баллистикалық зымыранын көрсетті. Мемлекеттік ЦТАК агенттігі оны «ең қуатты ядролық стратегиялық қару» деп атап, АҚШ аумағына дейін жетуге қабілетті екенін мәлімдеген.
Сол парадта гипердыбыстық зымырандар мен өзге де жаңа қару түрлері таныстырылды. Бұл Пхеньянның тек аймақтық емес, жаһандық деңгейде де қысым көрсетуге дайын екенін аңғартады.
Сеул мен Бейжің: үнсіз дипломатия
Осы ахуал аясында Ли Чжэ Мён 4 қаңтар күні Бейжіңге жол тартты. Бұл соңғы алты жылдағы Оңтүстік Корея президентінің Қытайға алғашқы ресми сапары. Қытай Сеулдің ең ірі сауда серіктесі.
AFP агенттігінің болжамынша, Ли Чжэ Мён экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге басымдық беріп, Тайвань маңындағы Қытайдың ауқымды әскери жаттығулары секілді «жарылғыш» тақырыптардан барынша бойын аулақ салмақ. Бұл жаттығуларды ЕО, Ұлыбритания және Жапония ашық сынға алғанымен, Сеул ресми айыптауға барған жоқ.