Киберқауіпсіздік – ақпараттық дәуірдің қалқаны

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы адам өмірінің барлық саласын интернетке тәуелді етіп қойғаны жасырын емес. Дәл осындай заманда кибершабуыл мен киберқауіпсіздік мәселелері өзектілігін жоғалтпай отыр.
Ақпараттық жүйелерге негізделген әлемде жеке адамдардың, мемлекеттік құрылымдардың және коммерциялық ұйымдардың қауіпсіздігі енді тек физикалық шекаралармен емес, киберкеңістіктегі қорғанысымен өлшенеді. Кибершабуыл дегеніміздің өзі де ақпараттық жүйелерге, желілерге немесе құрылғыларға бағытталған зиянды әрекет десек, бұл шабуылдардың мақсаты – деректерді ұрлау, бұзу, жою немесе жүйенің жұмысын бұғаттау болуы мүмкін. Олардың түрлері сан алуан: фишинг хаттар, вирус, троян, DDoS шабуылдары, ransomware секілді зиянды бағдарламалар күннен-күнге жетіліп, күрделене түсіп отыр.
Цифрлық шабуылдардың салдары да әдетте мейлі жеке адамға не мекемеге болсын жеңіл тимейді. Кибершабуылдың кесірінен жеке деректердің қолды болып, қаржылық шығын, беделге нұқсан келуі немесе маңызды мемлекеттік ақпараттың сыртқа шығуы сынды қоғам тұрақтылығына тікелей қауіп төндіретін қылмыстар жасалады. Мәселен, соңғы жылдары Қазақстанда да бірнеше ірі кибершабуылдар тіркеліп, мемлекеттік мекемелер мен банктердің жүйесіне қауіп төнгені белгілі. Мұндай шабуылдар тек техникалық ақауларға емес, сонымен қатар қоғамдағы сенім дағдарысына алып келеді. Адамдар цифрлық ортаға сенуден қалады, ал бұл өз кезегінде цифрлық экономиканың дамуын тежейді. Осы орайда Таразда 33 жастағы ер адам облыстық балалар ауруханасының жеке деректер базасын бұзып алған еді. Қылмыс былтыр мамыр айында жүзеге асқанымен, биыл ақпан айында ұсталды. Бас есепшінің компьютеріне қашықтан кибершабуыл жасап, 2 сағатта 350 млн теңгені қолды қылған. Мол қаржыны екіге бөліп өзге шотқа аударып жіберген. Транзакция тарихын тексергенде есепшот иесі Ақтөбеде тіркелгені анықталды. Әзірге күдікті қаржының 305 млн теңгесін қайтарған.
«Мұндай шабуылдан кейін компаниялардың шығыны орта бизнес үшін 100 мың долларға дейін жетсе, ал өнеркәсіпте шамамен миллион долларды құрайды», – деді киберқауіпсіздік сарапшысы Дмитрий Галов.
Шығынның алдын алу жыл өткен сайын қиындап барады. Алаяқтық схемалар күрделене түсті. Себебі бір адам емес, IT тілін меңгерген фишерлердің тұтас экожүйесі әрекет етеді. Дегенмен ел мамандары да осал емес.
«Жыл өткен сайын Қазақстанның киберқауіпсіздік рейтингінде ілгері дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл жан-жақты қолдаудың арқасында жүзеге асады. Яғни заңнамалық база, реттеушінің әрекеті, мемлекет мүддесінің ұштасуы осындай нәтижеге жеткізіп отыр», – деді Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолиядағы «Касперский зертханасының» атқарушы директоры Валерий Зубанов
Қазіргі таңда қауіпсіздік шешімдерінің ауқымы өте кең. Бұрын тек антивирустық бағдарламалар болса, қазір IT зертханаларында арнайы ұсыныстар бар. Мысалы, мобильді қосымшалардың арқасында смартфон иелері кіріс қоңырауларын сүзгіден өткізе алады. Тіпті алаяқтарды анықтап, бұғаттауға қауқарлы. Осы орайда цифрлық технологиялардың дамуы Жамбыл облысында киберқауіпсіздік саласында нақты қадамдар жасауға себеп болып отыр. Соңғы жылдары өңірде интернет-алаяқтықпен күрес және қоғамдық қауіпсіздікті арттыру бағытында бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылды. Мәселен, 2023 жылдың шілдесінен бастап Тараз қаласында CyberPol пилоттық жобасы іске қосылған еді. Жобаның мақсаты – интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейту. Тергеушілерден, жедел уәкілдерден және криминалист-мамандардан құралған CyberPol тобының жұмысы екі бағытта жүргізіледі: халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және әрбір қылмыстық іс бойынша жедел-іздестіру шараларын толық қамту. 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында киберполиция қызметкерлері 28 кәсіби алаяқты ұстады, олардың 16-сы басқа облыстардың тұрғындары болып шыққан. Сонымен қатар алаяқтар қолданған 190 дроппер анықталған екен. Осы кезеңде интернет-алаяқтықтың 90 дерегі тіркеліп, бұрынғы жылдармен салыстырғанда қылмыстардың 40,8%-ға төмендегені байқалған. Бұдан бөлек, облыста қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Цифрлық полицей» жобасы іске қосылды. Бұл жоба аясында Жамбыл облыстық полиция департаментінің барлық бөлімдері 968 бірлік смартфон базасындағы бейнетіркегіштермен жабдықталды. Сонымен қатар Тараз қаласында BriefCam қоғамдық қауіпсіздікті талдау функциясы бар 300 бейнебақылау камерасы орнатылды. Бұл жүйе адамдардың қозғалысын, киімінің түсі мен пішінін, көлік құралдарын анықтауға мүмкіндік береді. «Қауіпсіз қала» жобасы бойынша қала аумағында 1250 бейнебақылау камерасы, 48 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендері жұмыс істеп жатыр.
Киберқауіпсіздік – осы қауіптердің алдын алып, ақпараттық жүйелердің тұтастығын, қолжетімділігін және құпиялығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жиынтығы. Бұл сала тек IT мамандарының жұмысы ғана емес, әрбір интернет қолданушының саналы әрекеті мен білім деңгейіне де байланысты. Парольдерді жиі ауыстырып отыру, белгісіз сілтемелерге өтпеу, антивирус бағдарламаларды қолдану – бұл қарапайым, бірақ тиімді қорғаныс амалдары. Облыста цифрлық инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалмады. Жамбыл облысында 2025 жылға дейін 74 елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етіледі. Бүгінде 367 ауылдық елді мекеннің 150-і жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен қамтылған. Бұл шаралар ауылдық жерлерде де киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Жамбыл облысында киберқауіпсіздікті күшейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар өңірдің цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және интернет-алаяқтықпен күресті тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл бастамалар болашақта да жалғасын тауып, өңірдің қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізеді.
Ақпарат ғасырында киберқауіпсіздік – жай ғана қосымша шара емес, ол – тәуелсіздік пен тұрақтылықтың негізі. Цифрлық кеңістікте еркін, қауіпсіз және сенімді болу үшін әрбір азаматтың, ұйымның және мемлекеттің біріге әрекет етуі қажет. Кибершабуылдар барған сайын күрделеніп келе жатқан бүгінгі таңда ақпараттық сауаттылық пен кибермәдениет қалыптастыру – болашаққа салынған инвестиция екенін ұмытпауымыз керек.
С.Бақберген