Киберқылмыс сыртқы және ішкі қауіпсіздік
Қазақстан киберқауіпсіздік индексі бойынша әлемде 31-орында. Ал халықтың киберқауіпсіздік жөнінде хабардар болу деңгейі – 78 пайыз.
Бұл жаман көрсеткіш емес. Десек те, күнделікті өмір мен маңызды процестердің бәрі де компьютер мен ақпараттық технологияларға байланған заманда киберқауіпсіздікті арттыру күн тәртібінен түспейтін міндет. Сәйкесінше, IT саланы дамыту және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселелері де маңызды. Өйткені ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуы және оларды пайдалану мәдениетін қалыптастыру азаматтар үшін де, кәсіп пен мемлекет үшін де қажеттілікке айналды.
Әрине, ақпарат пен құжатыңды, жеке деректеріңді тапсырған соң, заман соны талап еткеннен кейін киберқауіпсіздік әрбірімізді алаңдатады. Қарапайым ғана банк транзакциялары мен электронды қызметтер алу, онлайн дүкендерден тапсырыс беру секілді әртүрлі саладағы ақпараттық қызметтердің қауіпсіз болуы осы киберқауіпсіздікке байланысты. Киберқауіпсіздік дегеніміз – қолданушыларды, олардың ақпараттық жүйелерін, желілері мен бағдарламаларын сандық шабуылдардан қорғайтын қызмет жүйесі. Ол хакерлердің жеке ақпаратқа қол жеткізіп, пайдалануына, таратуына кедергі бола алады. Сол секілді жүйелерді бұзу, жеке мақсатта немесе тағы сол сияқты мүдделерде пайдалану жағына да тосқауыл жасайды.
Ал киберқауіпсіздік үшін кімдер жауапты? Әрине, алдымен азаматтар мен ұйымдардың өзі. Ақпараттық сауаттылық пен қарапайым ережелерді сақтау жүйені және деректерді қорғауға көмектеседі. Мәселен, күрделі кілтсөздер қоюда мұқият болу, жеке сәйкестендіру нөмірін, құпия сөздерді, сол секілді маңызды құжаттарды ашық қалдырмау, ондай деректерді сенімсіз көздермен бөліспеу. Бірақ мұндай ауқымды ұғымға келгенде әркім өзі үшін жауапты деуге де болмайды. Мемлекет те кешенді шаралар қабылдап, жүйелі әрекет етуі тиіс. Осы мақсатта Қазақстан 2017 жылы «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасы әзірледі. Сол кездегі ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі: «Ақпараттық технологиялар алдымен әлеуметтік өмірді дамыту үшін маңызды, оның қолданысын кеңейту керек. Демек, киберқауіпсіздікті дамыту жоспары болғаны жөн. Ол үшін ақпараттық-технологиялары дамып келе жатқан, оны қолдану аясын кеңейтуге ұмтылып отырған елдердің тәжірибелерін зерделедік. Негізінен, киберқауіпсіздік мүлдем жаңа түсінік. Оның нақты халықаралық анықтамасы жоқ» деген еді. Артынша, елдегі жағдайға бейімделген, сұраныстарға негізделген тұжырымдама таныстырылды. Оның мақсаты – электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелер мен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды сыртқы және ішкі қауіптерден қорғау. Техника ғылымының кандидаты Айдар Бекахметтің айтуынша, Қазақстан бұл бастаманы нағыз қажет уақытында қолға алды.
«Киберқылмыс қазір әлем бойынша өршіп тұрған мәселе. Осы сәтте арнайы тұжырымдама қабылдағанымыз ұтымды шешім болды. Ақпараттық ресурстарды, жеке адамдардың мәліметін, ұлттық қауіпсіздік жүйесін сақтандыру мақсатында мұндай тұжырымдаманың болуы маңызды. Аталған тұжырымдама негізінде компьютерлік инциденттерге ден қою, мемлекеттік органдарды ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігіне мониторинг, «Электрондық үкімет» ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігі жөніндегі мониторинг, зиянды кодтарды зерттеу, интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзі және «Электрондық үкіметтің» бірыңғай электрондық пошта шлюзі, ҚР аумағында және халықаралық байланыс операторларының интернет-трафик алмасу нүктелерін ұйымдастыру және техникалық сүйемелдеу сынды қадамдар жасалды».
Киберқауіпсіздік мақсатында бұдан бөлек, заңнамалық өзгерістер де орын алып жатыр. Бүгінде дербес деректерді қорғау саласында қоғамдық қатынастарды реттеу үшін «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң күшіне енген. Ал мемлекеттік жүйелердегі дербес деректерді электронды қорғау туралы «Ақпараттандыру туралы» ҚР Заңында айқындалған. Әрі бұл заңнамаларды бұзған жағдайда арнайы жауапкершілік те қарастырылған. Осыған қоса, ақпараттық қауіпсіздік комитетінің жаңа функциялары белгіленді. Енді комитет дербес деректерді қорғау саласын нормативтік-құқықтық реттеуге, дербес дерек иесінің құқықтарын қорғауға, дербес деректерді қорғау жөніндегі талаптардың сақталуын бақылауға жауапты.
Балауса Ділдәбек