Қыдырмаш Нұрбек ғылымды 35 мың теңгемен дамытады

16 мамыр күні Түркістанда Ясауи мұрасына арналған халықаралық симпозиум өтті. 100 шақты ғалым, мемлекеттік кеңесші, бірнеше министр қатысты. Арасында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те бар.
Бірақ министрдің өзі модератор болған жиын туралы Нұрбектің өзі де, министрлігі көп ештеңе айтпады. Тіпті министрліктің ресми сайтында бұл жиын туралы ешқанда й хабарландыру да жоқ. Әйтпесе, бұл анау-мынау емес, Атырауда өткен ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған симпозиум болатын.
Саясат Нұрбектің бұл үнсіздігінің себебін кейін ұқтық. Сөйтсек, Түркістандағы «Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық симпозиум жол-жөнекейгі, шетелге, Лондонға кетіп бара жатып, қатыса салған бір жиыны екен. Министр болғалы шетелшіл болып алған, ректорлармен жағаласып, форумдардан қалмайтын Нұрбек 19 мамыр күні Лондонда өткен Education World Forum 2025-ке қатысып, Қазақстанның білім беруді цифрлық трансформациялау мен оған қатысты ұстанымдары, инклюзия мен академиялық ұтқырлық жайлы сөз сөйлепті (нақты не дегені белгісіз, министрлік сайты мазмұндап өте шығыпты). Біз енді министр шетелдіктерге мақтанып айтып келген осы бастамалар қалай жүріп жатқаны туралы аз-кем тоқталсақ деп отырмыз.
Қыдырмаштың меморандумы бітпейді
Иә, форум мен конференциядан қалмайтын, «анау-мынау» жерге бармайтын,АҚШ-та колледж оқып, магистрлігін Италияда қорғаған министрді елде не болып жатқанына қарағанда, сырттан не келіп жатқаны қаттырақ қызықтыратындай көрінеді кейде. Әрине, ғылым локалды болмауы керек. Десек те, жергілікті жағдайлардың көпшілігі назардан тыс қалып, барлық күш-жігер мен ресурс шетелді аралауға, шетелден университет «филиалдарын» әкелуге, әйтеуір пайдалы-пайдасызы белгісіз келісімдер жасауға жұмсалып жатқандай көрінеді.
Лондон сапарынан екі күн бұрын ғана қазақстандық делегация Иранда болып, ғылым, архив және кітапхана ісі салаларындағы байланыстарды нығайту бойынша меморандумға қол қойылды. Мамырдың ортасында АҚШ-қа барған министр Дэвис атындағы ресейлік және еуразиялық зерттеулер орталығымен тағы бір «түсіністік меморандумын» жасады. Ал сәуірдің аяғында Пәкістанның астанасы Исламабадта ЖОО-лар форумы мен қазақстандық университеттердің көрмесі болды. Онда да бір ынтымақтастық «орнатылды». Айта берсе, өзге ел мен құрлықты аралатқан мұндай меморандумдар жеткілікті. Арасында Астана мен Алматыға келіп кететін қонақтарымыз да бар. Олар да сол баяғы меморандумға қол қояды да қайтады. Мұның бәрі түптеп келгенде бірлескен бағдарлама мен филиал тақырыбына тіреледі.
Нұрбектің өткен жылғы саяхаттарынан Оксфорд есте қалды. «Қазақ тілі», «сөздік», «Оксфордтың деңгейі» деп кеудемізді керіп жүргенде, министр мырза орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымға қатысты пікір білдіріп, ұятқа да қалды. Сол кезде тіл саясатын дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын тоқтатып, жаңадан 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдама қабылдауының себебін де сұраған едік. Тіл саясаты комитетіне тікелей жауапты басшы қанағаттандырарлық ештеңе айта қоймады. Сол сияқты өзге де «саяхаттардың» аты әдемі, қорытындысы тиянақты (!) болғанымен, нәтижесі мен елдегі ғылымға әсері шамалы болып тұр.
Филиал туралы қиял
Бірақ академиялық ұтқырлыққа да, шетелдік ЖОО-ның филиалдарына қатысты да мәселелер баршылық. Бәрі министрліктің жаңалықтары мен фотоларындағыдай керемет емес. Мысалы, ведомство өткен жылы Қазақстанда 23 шетелдік университет филиалы ашылғанын, 2025-те тағы 11-і ашылатынын айтқан. «Жас Алаш» бұл мәселені бірнеше рет көтерді. Тіпті осы шаруалардың біразына бастамашы болған экс-министр мен қазіргі үкіметтің де позициясын келтірді. Алайда ешкім ресми түрде филиал деп атамайтын оқу бағдарламасын министрлік әлі күнге филиал деп айтып жүр. Онымен қоймай, тағы 11-ін саламыз дейді. Саясат Нұрбектің өзі қос диплом бағдарламасын филиал ашудың моделі ретінде түсіндіріп жүр. «Шетелдік ЖОО филиалдарын ашуда үш модель қолданылады: мемлекеттік гранттар; академиялық бірлескен білім бағдарламалары мен қос диплом бағдарламаларын іске асыру; инвесторлар есебінен қаржыландыру және преференциялар пакетін ұсыну», – деген ресми мәлімдемесі де бар. Үкімет болса мұның бәрін «университет базасындағы университет», «халықаралық байланыс» деген орынды атаулармен береді. Олардың «20-дан астам елдің университеттерімен өзара іс-қимылдың түрлі форматтары бар» дегені де 23 филиал жұмысқа кірісті дегенге қарағанда ақылға қонымдырақ. Әйтпесе 110-нан асатын ЖОО-сы бар елдегі шетелдік филиалдар саны биыл 44 болады дегенге кім сенеді?
Әрі ашық дереккөздерде шетелдік филиал ретінде бірнеше оқу орны ғана көрсетіліп жүр. Бірінші төрттікте бұрындары ашылған Санкт-Петербург гуманитарлық кәсіподақтар университеті, Челябі мемлекеттік университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Мәскеу авиациялық институты бар. Ал екінші төрттікте 2021 жылы Алматыда ашылған De Montfort University, 2022 жылы ҚазҰУ-мен серіктестікте ашылған «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті, 2023 жылы Ақтаудағы Есенов университетінен ашылған Қазақ-неміс тұрақты инженерия институты, былтыр Астанада іске кіріскен Coventry University көрсетілген. Демек, 2024-те 23 филиал іске кірісті деу – асыра сілтеу.
Академиялық ұтқырлыққа келгенде де түсініксіз нәрселер көп. Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының есебінше, академиялық ұтқырлық бойынша 2011 жылы 350 студент мемлекеттік бюджет есебінен шетелде білім алып келген. Бұл көрсеткіш белсенді түрде өсіп жатты. Бюджет есебінен де, өз қалтасынан барғандар да. Мәселен, 2015 жылы 909 студент бюджеттен, 1 420 студент өз есебінен оқыған. Бірақ жылдан-жылға бюджет есебінен шетелде оқып келетіндердің саны қысқарып отыр. 2016 жылы – 951, 2017 жылы – 732, 2018 жылы – 621, 2019 жылы – 603 студент. 2020, 2021 жылы карантин әсерінен күрт төмендеп, 2022 жылы – 516 студентті құрады. Демек, қанша жерден шетелдік ЖОО-лармен әріптестік дамып, бағдарламалар аясы кеңейіп жатса да, оған баруға мүмкіндік алып жатқандар көп емес. Әрі бұған елімізде студенттер санының жылдан-жылға артып жатқанын қосыңыз (соңғы жылдардағы статистика мен мәселенің басқа да детальдарын сұрап, ресми сауал жолдадық).
35 мың теңгелік тағылымдама – ғылымды дамытады...
Академиялық ұтқырлықпен қоса, шетелдік тағылымдамадан өту де қиындай бастаған. Мұндай пікірді соңғы жылдары магистратураға түскендер жиі айтып жүр.
«Бізде үш таңдау болды. Алматы, Астана, Түркия. Алматыда үйренетін жаңа нәрсе жоқ. Бәрі де бакалавр кезінде көріп, тәжірибеден өткен жерлер. Ал Түркияға баратын болсаңдар тағылымдама белгіленген екі аптаға 300 мың теңге беріледі деді. Бұл сома тек транспортқа жетеді. Ал тұратын жерің, ары-бері қозғалыс пен тамақтану, бәрі өз есебіңнен. Әрине, бәріміз ақылдастық, тырыстық, есептеп қарадық. Шығын 1–1,2 млн теңге шамасында болып қалады екен. Магистрантта ондай ақша қайдан болсын?
Сөйтіп, Астанаға тоқталдық. Оның өзі қан мен терге толы болды. Біздің алдымызда елордаға барып тағылымдамадан өткендерге 150 мың теңгеден беріліпті. Біздің «уақытымыз» келгенде бірінші семестрдегі лек ректорға барып, шу шығарып, әлеуметтік желілерге жазамыз деген соң ғана тиісті соманы алды. Екінші семестрде тағы сондай шу болмасын деп, 31 желтоқсанда қаулы шығарылыпты. Онда магистранттың тек жол шығындары өтелетіні айтылған. Соның өзінде әуе жолы тек эконом класс, ал пойыз – плацкарт. Оның үстіне, бір студентті қабылдағаны үшін келесі тарапқа екі аптаға 35 мың теңге ғана белгіленген. Сөйтіп, бізді көп университеттер қабылдамай қойды. Өйткені әдеттегі минималды сома – 70 мың теңгенің айналасында.
Тағылымдама өте маңызды кезең. Мұндай мүмкіндікті қаржылай шектеу студентке жасалған қиянат. Барып айтсаң, сөзіңді ешкім тыңдамайды да. Шетел тұрмақ, өз елімізде барып-келу қиынға соғып кетті. Бұған дейін магистранттарды Еуропадағы мықты университеттерге жіберіп жүрді. Әріптестік жылдан-жылға дамыса, қазіргі студенттер неге Алматыдан Астанаға, Астанадан Алматыға барып жүр? Сол жағы түсініксіз», – дейді еліміздегі ұлттық университеттердің бірінде оқитын, атын атамауды сұраған магистрант.
Мұндай назын айтып жүргендер аз емес. Сонда министрлік күндіз-түні тынбай қандай келісімдер жасап, не үшін тырысып жүр? Өз қалтасынан ЖОО-ны да, құжаттарды да, жолын да төлейтін болса, студентке министрлік жасап жатқан меморандумдардың қандай септігі тимек? Түсініксіз. Бұл туралы да сұрақтарымызды электронды үкімет арқылы ғылым және жоғары білім министрлігіне жібердік.
Ведомство қазір жаңа филиалдарды, жаңа серіктестіктерді қойып, жаңа мамандықтар атласын жасап жатыр. Оны кеңінен насихаттауға кірісіп кеткеніне де біраз болды. Аталмыш идеяны танымал ету үшін форумдар өткізіп, жақсы қорытындылар шығару, есептер өткізу туралы нұсқамалар алып, мәжбүрлі түрде кіріскендерін анонимді түрде айтқандар да бар. Әлеуметтік желілерде бұл тақырып та талқыға түскен. Қолданушылар: «Саясат Нұрбекті министр етіп тағайындаған кезде ол туралы өте көп жағымсыз пікірлер айтылғаны есімде. Міне, енді күнде бір қызық көріп отырмыз»; «Бұл министрді сенатор қылып, тыныш таппасақ...»; «Министріміз ректорлардың деңгейіндегі жиындарға көп барады»; «Халықаралық» деген сөзге қатты құмар» деген пікірлер көп айтылады.
Баян Мұратбекқызы