Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:41

Киелі жазбаның құпиясы

1
Фото: Әділет Ахмет

Биыл шілде айының басында белгілі этнограф, жазушы Байахмет Жұмабайұлы ағамыз маған хабарласып, бір әулетте көне жазумен жазылған мұралардың бар екенін, сақтаушы иесі «құпия» жазуды оқитын мамандар іздестіріп жүргенін айтты.

Арада көп өтпей жазушы сырлы мұра сақталған үйге мені ертіп барды. Ғасыр бойы киелі саналып, небір қиын-қыстау замана кезеңдерінен аман өтіп, бүгінге жеткен қос қолжазбаны айға жуық зерделей жүріп, сырын ашқандай болдық.

Құнды мұра белгілі шебер, суретші Темір (Теміртай) Әбдіқайымұлы Бегімбетовтің (1951–2022) шаңырағында сақталған. Темір шығармашылығы өзгеше үлгідегі, ерекше қолжазбасымен ерекшеленеді. Сонымен қатар шебер ағаш, сүйек және басқа да материалдарды өңдеудің өзіндік дәстүрлі технологияларын жетік меңгерген. Хакім Абайдың 150 жылдығы кезінде ғұламаның мұражайындағы жәдігерлерді қайта жасап, жабдықтап, Абайдың сүйек төсегін қалпына келтіре отырып құрастырып берген. Темір ақсақалдың жұбайы Күлан Құсайынқызы да белгілі қолөнерші, кестеші.

Қолжазба мұралар бөлек екі нұсқадан тұрады. Түсінікті болу үшін мұраларды бірінші құжат (Қасиетті дұға), екінші құжат (Ғажайып дұға) деп атауды жөн көрдік.

Екі мұра да ұзыншақ көне сары қағазға шағатай жазуымен (қадімше) жазылған. XIX ғасырдың екінші жартысында жазылған бұл мұрада қалам иесі араб жазуларына тән тәлх (сүйкеме) жазу үлгісін пайдаланған. Араб, парсы тілдерінің атауларымен көне түрікшеге тән кітаби тілмен хатталған.

Бірінші құжаттың ені (көлденеңі) 10 см шамасында. Ұзындығы 77 см. Оқып, зерделей келе мәтіннің соңғы бөлегі жоғалғаны байқалады. Яғни мәтінде дұға туралы айтыла келіп, енді сол қасиетті дұғалар жазылған бөлегі жыртылып, жоғалып кеткен. Соған қарағанда, түпнұсқаның ұзындығы кемінде бейне екінші құжаттың ұзындығындай 130 см болуы мүмкін. Сақтаушылардың айтуынша, қиын кезеңде алыс сапарға жолға шыққан әулет ұрпақтарына үлкендер қағазды ұсақтап жыртып, үлестіріп беріп отырған. Осы арқылы жолы ашық, пәле мен жаладан қашық болсын деп сенген болса керек.

Екінші қолжазбаның да ені (көлденеңі) 10 см, ұзындығы 130 см шамасында. Бұл нұсқа да үшке бөлінген. Бірақ бөліктерді біріктіріп, мәтінді оқуға болады.

Қос мұраның сақталу сапасы орташа. Кейбір жерлері жыртылған, бірінші нұсқаның соңғы жағы ұрпақтарға үлестірілген дедік. Екінші нұсқа біршама жақсы сақталған. Алайда ұзақ жылдар бүктеліп, жасырып сақтағандықтан кей жерлері белдеуленіп қырқылған.

Қолжазба құжат адамдарды пәле-жаладан қорғайтын, жолы тығырыққа тірелгендердің жолын ашатын, ойран болған аймақты абаттандыратын, перзент сүюді армандаған жанұяға Хақтың қалауымен бала бұйыратын, Жаратқанның жәрдемі мен мейіріне кенелтетін, мұсылман болған кісінің кемелділігі мен білімін арттыратын қасиетті дұғалардың жиынтығы.

Енді араға жүз алпыс жылға жуық уақыт салып бізге жеткен қолжазбалардың негізгі тұлғасын таныстырып өтелік:

Екі құжаттың да басында ою-өрнектер берілген. Бұл ою-өрнектер де бір қарағанда көркемдік үшін салынғанымен, этнограф мамандардың айтуынша, көшпелі өркениеттен жеткен дүниетаным бойынша бұл оюлардың мағынасы пәледен сақтау және адамзаттың өсіп-өніп, өркен жаю арманын білдіреді.

1

І ШЕЛЕКБАЙ МЫРЗА АТЫНА ЖАЗЫЛҒАН ҚАСИЕТТІ ДҰҒАЛАР ТІЗБЕСІ

Бірінші нұсқадағы мәтінге назар аударалық:

Көркем мүйізді оюдан кейін аманат дұға туралы түсіндірме сөйлемдер былай басталады, мақала көлемінің шектемелігін ескере отырып, тек бірнеше жолын ғана ықшам түрде көрсетелік:

1

Түпнұсқаның қазіргі қазақ жазуымен транскрипциясы:

Аснад до-а «Базо банд » бу тұрур

Бисмиллаһи рахмани рахим деп

Хұданы яд итай я карим -----

Барадарлар сөзимни иштиң хуб

Жаһан ичра хадис бирла до-а көп

Ва ликен бұл до-а аз арше ағзам

-ке яд итаң, билаң валла ала

Киши ким сақласа ушбу до-ани

Хұда даргаһида болғай амани

Кишни болмаса фарзанд жани

Агар виран болса ханмани

Изиб ича агар ушбу до-ани

Хұда фарзанд бергай шол замани

Ке виран малак учон абад болғай

Бу алам ичра дайем шад болғай

Көріп отырғанымыздай, құжаттың түпнұсқасында шеттілдік және діни терминдер көбірек ұшырасады. Осындағы бірнеше атауға тоқтала кетсек:

Аснад – араб. isnād – тірек, негіз, таяныш; діни мәтіндерде – дұғаның немесе хадистің, құжаттардың сенімді тізбегі. Осы деректің жету жолы, яғни хабарды жеткізушілердің дерегі, сілтемесі деген мағынаға жуық келеді.

Базо банд – парсыша bāzu (қол) + band (байлау), яғни «қол байлау», рухани қорғау мағынасында, сондай-ақ мағыналық аудармасы қасиетті, киелі дегенді де меңзейді.

Мәтінде араб тіліндегі «Бисмиллаһи рахмани рахим», «Хұда», «Арш-и ағзам», «валлаһи ала» бар.

Дыбыстық құрылымда қазақ тіліне тән қ [q], ң[ŋ] дыбыстары сақталған, бірақ шағатайлық кейбір дауыстылар да кездеседі.

Енді құжаттың осы бөлегінің қазақ тіліндегі аудармасына назар салайық:

Қазақ тілінде

«Қасиетті» (Базобанд) дұғаның тізбектері (аснад) мыналар:

Бисмиллаһи рахмани рахим деп Құдайды еске алып, Иә, Кәрим (деп), бауырлар, сөзімді ынта қойып тыңдаңыздар, бұл жаһанда хадис пен дұғалар көп-ақ. Алайда (уәләкин) бұл дұға шексіз ғарыштың (аршы) Ұлы патшасы (ағзам), барлық жаралыстан жоғары иесі Алладан екенін есіңде сақта, біл!

Кімде-кім бұл дұғаны сақтаса, Құдай дәргейінде (құзырында) аман болады!

Егер кісіде перзент болмаса, ойран болса үй іші (шаңырағы қаңырап қалса), егер осы дұғаны езіп ішсе, сол кезде (шуол заманы) Құдай перзент береді (бергей)!

Және не ойран болса да, Құдай (Мәлік) үшін абаттанады (абад болғай)!

Бұл әлем ішінде дәйім шат болады (болғай)!

Бірінші нұсқа қолжазбадағы қасиетті дұға туралы түсінік осылай жалғаса береді. Жоғарыда көрсетілгендерден сырт, бұл дұға арқылы, шешек, мерез дертімен ауырғандар, қайғы-мұңға батқандар, сұқ, тіл тигендер, жолдан адасқандар, өмірде жолы болмағандар, т.б. ауыртпалықтарға кіріптар болып, Жаратқанға сиынатындардың бәрінің осы қасиетті дұға арқылы жан рахатын тауып, кесірлерден арылатыны баяндалады. Алайда бірінші нұсқаның соңғы жағы жоғалғандықтан, мәтін де толық аяқталмайды, аталған дұғаның өзі де белгісіз күйінде қала береді.

Ең кереметі, бұл қолжазбаның келесі бетінде аталған дұғаның кімге арналып жазылғаны және кім жазғаны туралы мәлімет бар. Қуанарлығы, ол мәтін бүлінбей сақталған. Көз жүгіртелік.

1

Түпнұсқаның қазақ жазуындағы транскрипциясы:

Бе эсме даранде бу до-аб Члекбай мырзаға

Мүбәрак болғай

Ибн Ақтау ибн Бекболат

Ибн Көбек ибн Хұдайберді

Ибн Қара ибн Малай ибн Қосай

Язучи Хан Хожа Ишан Улади Һазрат Махдум Азам

Түпнұсқаның қазақ тіліндегі аудармасы:

Бұл дұға (арналған) иесі Шелекбай мырзаның атына (бесме дауранде) құтты болғай!

Ақтаудың ұлы, Бекболаттың ұлы, Көбектің ұлы, Құдайбердінің ұлы, Қараның ұлы, Малайдың ұлы, Қосайдың ұлы!

Жазушы Ханқожа Ишанның ұлы қазірет Мақсұм ағзам!

Бірінші жазба нұсқа осылай аяқталады. Жазушының аты Ханқожа Ишанның ұлы қазірет Мақсұм ағзам деп көрсетілген. Жылы берілмеген және бұл құжат соңына ишанның мөрі басылмаған.

Мәтіннен көріп отырғанымыздай, қасиетті дұға Шелекбай мырзаға арнайы жазып, сыйға берілген.

Мәліметте аталған аталардың барлығы осы мұраны сақтап жеткізген, суретші Темір (Теміртай) Бегімбетовтің тікелей аталары болады. Ұлы жүз ыстыдан тарайтын бұл әулеттің шежіресі мен Ханқожа ишанның ұлы Мақсұм атын жазып арнаған аталар есімі тұп-тура келмесе де, ұқсастықтар байқалып, көз қуантып отыр.

Әулеттің шежірелік сызбасында ыстының ойық атасынан Аузыүскен, одан Малай, Одан Қара мен Жантүгел, Қарадан Көбек алты ағайынды (Көбек бек болған жеке мөрі бар – шежіреден), Көбектен Етекбай, одан Шелекбай, одан Бегімбет, одан Әбдіқайым, одан Теміртай (суретші, шебер Темір Бегімбетов), одан Бектемір тарайды. Біз мұнда зерттеуімізге тіке қатысы бар аталарды ғана тараттық.

Ру шежіресінде қолжазбада кездесетін Бекболат, Құдайберді, Қосай аталары кездеспейді. Шежіреде олқылықтар кеткен болуы да әбден мүмкін. Өзге де аздаған айырмашылықтың болуы қазақтың ата баласы атануы, бауырына басып алу дәстүрі негізінде қолжазба мұрада тек елге беделді әулет тұлғалары ғана аманат дұға арналған Шелекбайдың тіке аталары ретінде көрсетілуінен деп жоруға болады.

Қасиетті «Базо банд» дұғасы – түркі-мұсылман жазба дәстүріндегі шағатайлық үлгіде сақталған діни мәтін. Ол тілдік тұрғыдан аралас сипатта: қазақ, өзбек, татар элементтерімен бірге араб-парсы діни лексикасы қолданылған. Мәтіннің негізгі қызметі – рухани қорғаныш, ұрпақ аңсап, береке тілеу, Алланың назарында, тыныштық пен бейбітшілікте өсіп-өну. Мұндай қолжазбалар діни-фольклорлық мұраның маңызды бөлігі саналады, әрі тіл тарихын, жазу мәдениетін зерттеуде құнды дереккөз саналады.

ІІ БОЗША МЫРЗА АТЫНА ЖАЗЫЛҒАН «ҒАЖАЙЫП» ДҰҒАЛАР ЖИЫНТЫҒЫ

Шелекбай мырза атына арналған қасиетті дұғалар тізбегі туралы жоғарыда айттық. Енді екінші дұға Бозша мырза атына жазылған «Ғажайып» дұғалар жиынтығына келейік.

Екінші құжат та әдемі ою-өрнектерімен басталған. Зерттеушілер назарын аударатыны – екі құжаттағы өрнектердің стилі, мағынасы әр басқаша. Дұғалардағы тілек пен арманның сипаты көне түркілік дүниетанымдағы ою-өрнектермен үндес келетінін білген көзіқарақты кісілер арнайылап салдырған болуы да мүмкін. Мұны да зерттеушілер назарына қалдырып, ары қарай кезекті нұсқаның мазмұнына қысқаша үңілейік.

1
1

Өрнектен кейін, Пайғамбар (с.ғ.с) заманында болған оқиғаға байланысты бір хадисті кеңірек баяндайды.

Аснад до-ай ажайеб Әл-истиқфар бу тутор:

Пайғамбар Әлейһи Әлссалам заманында Абдолраһман атлиқ бир камарса бар ирди. Аниң һонари дайым кичаси таңатқунча уғорлиқ қилур ирды. Кундузи юл тосиб адамларини ултуроб маллариниалуб зинаға ва шар асбаға фараж қилур ирды. Ил аңа утса намаз оқимин ва руза тутмиқ ирды. Дайым ялған созласа маслик ва хомарбазилиқ ва боза арақ ичмак ва сохан чинирды. Ол қилмаған

Жаһанда гуна юқ ирды. Бир куни Абдолраһман Аламнан утти деб пайғамбар Әлейһи Әлссаламға хабар келди.

Бұл үзіндінің қазақша аудармасы:

Ғажайып истиғфар (кешірім сұрау) дұғасының тізбегі мынау:

Пайғамбар әлейһиссәләм заманында Әбдурахман атты бір кәмерсе (ер адам) бар еді. Оның өнері үнемі (дәйім) кештен таң атқанша ұрлық қылу еді. Күндіз жол тосып, адамдарды өлтіріп, малдарын алып, зинаға және шарапқа әбден (фараж) берілген еді. Жыл-ай өтсе ел оның жанынан өтсе (Ил аңа утса), намаз оқимын және ораза ұстаймын дейтін-ді. Үнемі жалған сөзге масыл болып, құмарпаздық және боза, арақ ішу соның шені (мақтанышы, атағы) еді. Ол қылмаған жаһанда күнә жоқ еді. Бір күні Әбдурахман дүниеден өтті деп Пайғамбар әлейһиссәләмға хабар келді.

Мәтінде аталған Әбдулрахман атты кісінің тіршілігінде қаншама күнә жасаса да, өлгенде орны жұмақтық болғаны баяндалады. Оның құпиясы көзі тірісінде Әбдулрахман қанша күнә істесе де, Ғажайып истиғфар (кешірім сұрау) дұғасын үйінде сақтап, жиі жаттап жүретінінде болып шығады. Ары қарай бұл сырлы дұғаның мәтіні және қасиетті Құраннан алынған кейбір маңызды сүрелерден аяттар беріледі. Біз екінші нұсқа атап отырған ғажайып дұғалар жиынтығы бір жарым метрге жуық ұзыншақ қағазға ұзағырақ жазылғандықтан, барлық дұғаларды көшіріп көрсету мүмкін болмады.

Дұғалар аяқталғаннан кейін бір бұрышына 1284 деп жазылған. Қазіргі күнтізбе бойынша бұл жәдігердің 1867 жылы жазылғанын білуге болады.

Маңызды мұраның келесі сыртқы бетіне мәліметтер берілген және Ханқожа ишанның мөрі басылған.

1
1

Мәліметтердің қазақша мағынасы:

Бұл дұға иесі Бозша мырзаның атына (бесме дауранде) құтты болғай!

Азбергеннің ұлы, Қондыбайдың ұлы, Жолдының ұлы, Мұздының ұлы Жантүгелдің ұлы, Малайдың ұлы, Досайдың ұлы.

Жазушы Ханқожа Ишанның ұлы қазірет Мақсұм ағзам, ұлы Қарақожа әзиіздер!

(мөр)

Қолжазба дұға атына арналған Бозша мырза да және аты аталған жеті атаның Жантүгел мен Малайдан басқасы мұра сақтаушы Темір Бегімбет әулетінде сақталған «Көбек» (ысты, ойық) шежіресіндегі атабұтар сызбасында кездеспейді. Дегенмен Көбек әулетінің арғы аталарынан барып туысатын Малай мен Жантүгелдердің есімі кездескеніне қарағанда бәрібір де екі дұға да аталас, іргелі, ықпалды әулеттің сол тұстағы (1860) жылдардағы Шелекбай мен Бозша атты екі дуалы ауыз ақсақалдарына арналып жазылғанын байқау қиынға соқпайды.

Енді Ханқожа ишан мөріндегі мәтінге келейік. Мәтінде حانقوجا يشان المتوکل الرحمان деген жазу бар. Тікелей аударсақ, бұл сөздерді кирилл әрпімен былай жазуға болады: «әл-Мәтауаккәл ар-Рахман Ханқожа Ишан». Сөз тіркесі. المتوکل – «тәуекел етуші», «Аллаға сеніп тапсырған» деген мағына береді. Бұл сөз негізінен біреудің Аллаға толық сеніп, ісін Жаратушыға тапсырғанын білдіреді. الرحمان — «Мейірімді» деген Алланың бір есімі. Толық мағынасы: «Мейірімді (Аллаға) тәуекел етуші» немесе «Өз ісін мейірімді Аллаға тапсырған» дегенге саяды. Қысқаша айтқанда, Аллаға тәуекел етуші Ханқожа ишан дегенді білдіреді.

Енді араға бір жарым ғасырдан уақыт тарихты салып, бүгінгі бізге жеткен қасиетті дұғаларды жазып, ысты руының белгілі адамдары Шелекбай мен Бозша мырзаға тарту еткен Ханқожа ишан мен оның балалары Мақсұм қазірет пен Қарақожа әзиз кім? Осы жөнінде шағын мәліметке кезек берелік:

Ханқожа ишан бір деректерде Ханқожа әзиз деп те аталады. Діни қайраткер, ишандық әулет өкілі. Арғы тегі Қараханид дәуіріндегі ақсүйек қожа әулетінен тарайды. Қараханид қожалары ислам дінін Орталық Азияға орнықтыруда және білім-мәдениет ошақтарын қалыптастыруда жетекші рөл атқарған.

Ханқожа ишанның әулетінде ишандық мәртебе ұрпақтан ұрпаққа мұрагерлік дәстүрмен беріліп отырған. Бұл дәстүр Кенесары хан дәуіріне дейін, тіптен онан кейін де үзілмей жалғасқан. Діни қызметі мен рухани беделіне байланысты «Ханқожа әзиз» деген құрметті атпен танылған.

Ханқожа ишаннан мөрі және өзі жазған дұғалық қолжазбалары сақталған. Бұл жазба ескерткіштер оның нақты тарихи тұлға болғанын және исламдық білім жүйесінде жоғары дәрежеге жеткенін дәлелдейді. Ұлдары — Қарақожа әзиз және Мақсұм қазірет те ата мөрі арқылы жазба мұра қалдырғанын осы зерттеуімізде көріп отырмыз. Олардың еңбектері діни-ағартушылық дәстүрдің әулет ішінде жалғасын тапқанын көрсетеді.

Ханқожа ишан – қазақ даласындағы сопылық дәстүр мен қожа әулеттерінің рухани жетекшілік институтының көрнекті өкілдерінің бірі. Оның өмірі мен қызметі Орталық Азиядағы исламдық мәдениеттің сабақтастығын айқындайды. Әбдікәрім Әбдімомыновтың «Қарахан әулеті» атты еңбегінің «Тәліп Ишан шежіресі» атты тарауында біздің зерттеуімізге негіз болып отырған Ханқожа ишанның арғы аталарын дәуірінен бері жалғасқан ата тек тарату жолы арқылы, жазба деректер бойынша таратып көрсетеді. Аталған шежіреде де Ханқожа ишанның (әзиздің) ұлы Қарақожа әзиз бар. Бірақ Ханқожаның тағы бір ұлы, біз зерделеп отырған екі қолжазбаға да аты жазылған Мақсұм қазірет (әзиз) кездеспейді. Дегенмен ауызша және жазба шежірелердің қай-қайсысы да тарихи тұлғаларды түгендеп бере алмасы анық. Бұл тақырып әлі де зерттеле түсетіні, артына өшпес жәдігер мұра қалдырған бабалардың бәрінің аты мен заты тұрақтанары даусыз.

Сонымен, белгілі шебер, суретші, өнерпаз Теміртай Бегімбет әулетінде алты, жеті ұрпақ бойы екі ғасырға жуық сақталған, діни көшбасшы Ханқожа ишанның мөрі басылып, өшпес жәдігерге айналған киелі екі қолжазбадан тұратын рухани қазына табылды. Қолға түсе бермес құнды мұраны зерттеу біз үшін бұйырған керемет бақыт болса да, ұзындығы екі метрден асып жығылатын, сарғайған көне қағаздағы ескі емлемен (шағатай, қадім) жазылған құпия мәтінді оқып, нақты сырын ашу бірден оңайға түсе қойған жоқ. Араб, парсы және ескіше түрік тілінің атаулары көп болғандықтан, бір адам емес, бірнеше маман бірлесе отырып жұмыс істеуге тура келді. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазбалар орталығының бас қор сақтаушысы, парсы тілінің маманы Юсуп Филтан мырзаның түпнұсқа құжатты оқып, шет тілінен кірген атаулардың мағынасын шығаруға көмегі көп тиді. Исламтанушы ғалым Нұрбол Сейілбекұлына дұғалардың транскрипциясын жасауда тигізген қолғабысы үшін алғыс білдіреміз. Сондай-ақ сексеннің сеңгіріне жақындап қалса да, өзі ұзатылып келген әулеттің жас келініндей, бабадан балаға мұра болған құнды жәдігерді көз қарашығындай сақтап, аялай күтіп, қолжазба зерттеуші маман деп танып, бізді ұсыныс етіп, Алаштың ортақ қазынасына айналу алдында тұрған рухани құнды жазбаны зерттеуімізге сеніп тапсырғаны үшін, өнер майталманы, ұстаз Күлан Құсайынқызына ризашылығымызды айтамыз.

Әділет Ахмет

түркітанушы докторант (PhD)

Алматы қаласы музейлер бірлестігі

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері 

Тегтер: