Киев Сауд Арабиясындағы АҚШпен Ресейдің Украина бойынша келіссөзіне шақырылмағанын мәлімдеді

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ пен Ресей шенеуніктерінің Сауд Арабиясында өтетін Украинаға қатысты келіссөздері туралы хабарларға түсініктеме бере отырып, Киев шақырылмағанын мәлімдеді.
Кейінірек президент кеңсесінің басшысы Михайло Подоляк Украинаның Сауд Арабиясында оның атынан қатысатын келіссөзшілер болмайтынын атап өтті.
«Президент Зеленский Сауд Арабиясында Украинаның атынан шығатын келіссөзшілер жоқ екенін айтты. Келіссөз үстелінде бүгін талқылайтын ештеңе жоқ. Ресей келіссөздерге дайын емес», - деді ол.
Бұған дейін АҚШ пен Ресей шенеуніктерінің Украинаға қатысты келіссөздерді бастау үшін Сауд Арабиясына бет алғаны, кездесудің алдағы күндері өтеді деп болжанғаны хабарланған.
Бұл туралы бірқатар ақпарат құралдары, соның ішінде Politico, Reuters, Bloomberg және т.б БАҚ жазды. шетелдік БАҚ-тың жазуынша, келіссөздер «Мәскеудің Украинаға қарсы үш жылға жуық соғысын тоқтатуға» бағытталған.
Бұған дейін Трамптың өзі Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктерінің қатысуымен келіссөздер өтетінін мәлімдеген болатын. Бұл ретте ол Украина өкілдерінің оларға қатысуы туралы да айтты. Келіссөз Сауд Арабиясының Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшсіі Мусаед әл-Айбанға жүктелген.
АҚШ пен Ресей шенеуніктері биыл наурызда басталатын мұсылмандардың қасиетті Рамазан айы алдында Путин мен Трамптың кездесу күнін келісуге тырысып жатқаны айтылады.
АҚШ конгрессмені Майкл МакКол Reuters агенттігіне АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майк Волц және Ақ үйдің Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Виткоффтың Сауд Арабиясына баратынын мәлімдеді.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, ресейлік келіссөздер тобына Путиннің кеңесшісі Юрий Ушаков, Сыртқы барлау қызметінің басшысы Сергей Нарышкин және Путинге жақын қаржыгер Кирилл Дмитриев кіруі мүмкін.