Киев: Трамп 15 мамырға дейін бейбіт келісімге қол қоюға ұмтылып отыр
АҚШ президенті Доналд Трамп әкімшілігі Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келісім 2026 жылдың 15 мамырынан кешіктірмей жасалуын күтеді.
Бұл туралы 27 қаңтар, сейсенбі күні Украинадағы Ranok.LIVE онлайн-эфирінде өз дереккөздеріне сүйеніп, Жоғарғы Раданың «Еуропалық ынтымақ» партиясынан депутаты Алексей Гончаренко мәлімдеді.
Оның айтуынша, 3 қарашаға АҚШ Конгресіне аралық (midterm) сайлау белгіленген. Егер Трамп мамырға дейін соғысты аяқтау бойынша нақты нәтиже көрсете алмаса, бұл оның саяси ұпайына «плюс» емес, керісінше «минус» болып тиюі мүмкін. Гончаренко АҚШ-та мамыр айы Украина мен Ресей арасындағы келісімге келудің бейресми «дедлайны» ретінде қарастырылатынын, одан кейін Вашингтонның келіссөздер процесінен шығуы да ықтимал екенін айтты.
«Украина мәселесі жоғалып кетпейді, бірақ екінші деңгейге ысырылуы мүмкін», - деді ол.
The Moscow Times басылымы еске салғандай, АҚШ-тың Украинаға қатысты 28 тармақтан тұратын бейбіт жоспарының мазмұнын алғаш болып көпшілікке жария еткен де – осы Алексей Гончаренко.
Өткен демалыс күндері Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде Ресейдің Украинаға басып кіруін тоқтату тақырыбында Ресей, Украина және АҚШ өкілдері қатысқан алғашқы үшжақты келіссөздер өтті. Украина президенті Зеленский кейін бұл келіссөздерге оң баға беріп, делегациялар 1 ақпанда қайта кездесетінін хабарлады.
Келіссөздерге бір күн қалғанда Мәскеуде АҚШ-тың арнайы өкілі Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Ақ үй бұл жүздесуді «өте нәтижелі талқылау» деп атап, онда «соңғы шешілмеген мәселелер» қаралғанын мәлімдеді.
Келіссөздер қарсаңында Мәскеу өз талаптарын тағы да қайталады: Украина армиясы бүкіл Донбасс аумағынан, соның ішінде бұрын Ресей бақылауында болмаған өңірлерден де шығып кетуі тиіс. Киев бұл талапты қабылдамайтынын айтты. Осы тұста Ресей Украина аумағын жаппай атқылауды жалғастырған. Киевтің мәлімдеуінше, ресейлік ракеталардың бір бөлігі бейбіт келіссөздер процесіне қарсы бағытталған.