Киев Трампты Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуге шақырды

Украина президенті Владимир Зеленский Дональд Трампты Ресейге қарсы жаңа, қатаң санкциялар енгізуге шақырды.
Бұл мәлімдеме Украина мен Ресей делегацияларының Стамбұлдағы келіссөздерінен кейін жасалды. Зеленскийдің айтуынша, тек санкциялық қысым арқылы ғана Мәскеуді оқ атуды толық тоқтатуға мәжбүрлеуге болады.
«Олар басқа жолмен түсінбейді. Біз бұл әділетті шешім деп есептейміз», — деді Украина президенті 2 маусымда өткен баспасөз жиынында.
Зеленский АҚШ-тың бұған дейін толық атысты тоқтату талабын жария түрде қолдағанын еске салды және енді жаңа санкциялар пакетін АҚШ Сенаты жақын арада мақұлдайды деген үміт білдірді.
Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак та Telegram-да жариялаған жазбасында Батыс әріптестерін санкциялық қысымды күшейтуге шақырды.
«Ресей атысты тоқтатпау үшін барын салып жатыр. Қазір жаңа санкциялар өте маңызды. Рационалды ойлау — Ресейге тән емес», - деп жазды Ермак.
Түркияда өткен Украина мен Ресей делегациялары арасындағы бір сағаттан астам уақытқа созылған келіссөз барысында тараптар жаңа әскери тұтқындар алмасу бойынша келісімге келді. Бұл алмасу барысында 1000-1200 адам өз еліне оралуы мүмкін.
Сонымен қатар, украин делегациясы Ресей тарабына зорлықпен Украина аумағынан әкетілген жүздеген баланың тізімін тапсырды. Киев бұл балаларды елге қайтаруды талап етіп отыр.
«Украиналық балаларды қайтару — әділетті әрі ұзақ мерзімді бейбітшіліктің ажырамас бөлігі және сенім орнатудың басты тетігі. Бұл — шынайы ниеттің алғашқы сынағы. Біз жауап күтеміз. Енді бастама Ресей жағында», - деді Ермак.
Украина қорғаныс министрі және делегация басшысы Рустем Умеров Киевтің мынадай 4 негізгі талабын жария етті:
-
Алдағы үш айда атысты толық тоқтату;
-
Барлық әскери тұтқындарды босату;
-
Украин балаларының еліне қайтарылуы;
-
Зеленский мен Путин арасындағы жеке кездесу өткізу.
Бұл талаптар Мәскеуге мамыр айының соңында ресми түрде жолданған.
Ал Ресей делегациясы өз жауабын тек Стамбұлдағы кездесу барысында ұсынды. Олар Украина тарапына "меморандум" деп аталатын құжатты табыстады. Бұл құжатта бұрын да айтылған талаптар қайталанып отыр. Атап айтқанда:
-
Ресей Украинаның бейтарап мәртебе қабылдауын,
-
НАТО және басқа әскери одақтарға кірмеуін,
-
Шетелдік әскерлер мен базаларды өз аумағында орналастырмауын,
-
Украина Қарулы күштерінің санына шектеу қойылуын,
-
"Ұлтшыл құрылымдардың таратылуын" талап етеді.
Сонымен қатар Ресей Украинаға қарсы соғысты тоқтатуға дайын екенін білдірді, бірақ тек келесі екі жағдайда ғана:
-
Украиналық әскерлер Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарынан толық шығарылса;
-
немесе Киев Ресейдің "пакеттік ұсынысын" қабылдаса тоқтайды. Бұл ұсыныс мыналарды қамтиды:
-
Украинадағы әскери жағдайды тоқтату,
-
мобилизацияны доғару,
-
және Батыс елдерінен қару-жарақ жеткізуді тоқтату.
-
Алайда бұған дейін Украина тарабы ешқандай аумақтық жеңілдіктерге бармайтынын және территориялық тұтастығын сақтайтынын бірнеше рет нақты мәлімдеген.