Киевке Patriot қаруын жеткізу НАТО саммитіне дейін шешілуі мүмкін – Reuters

Украинаның батыстағы одақтастары АҚШ-та өндірілген Patriot әуе қорғаныс жүйелерін Киевке қосымша жеткізу мүмкіндігін талқылап жатыр.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл келіссөздер маусымның 24–25 күндері Гаагада өтетін НАТО саммитіне дейін нақты нәтижеге жетуді көздеп отыр.
Patriot жүйесі – АҚШ-тың ұзақ қашықтықтағы зымырандарға қарсы қорғаныс технологиясы. Украина басшылығы бұл жүйелердің өз елін Ресейдің шабуылдарынан қорғауда стратегиялық маңызы бар екенін бірнеше рет мәлімдеген. Атап айтқанда, сәуір айында Украина президенті Владимир Зеленский CBS News телеарнасына берген сұхбатында ел үкіметі АҚШ өндірісіндегі 10 Patriot жүйесін сатып алуға дайын екенін айтқан болатын.
Reuters дереккөзіне сүйенсек, бастапқыда Украинаға қосымша жүйелерді жеткізетін елдер ретінде АҚШ пен Греция аталған. Алайда кейін Афина бұл процесте көмек көрсетуге қатысудан бас тартты.
«Грециядан Украинаға Patriot жүйелерін жеткізу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ», – деді агенттікке пікір білдірген ресми тұлғалардың бірі.
Сонымен қатар, Зеленский бұл мәселені Ватикандағы Рим папасы Францисктің жерлеу рәсімінде АҚШ-тың президенті Дональд Трамппен де талқылағанын нақтылаған.
Киев пен оның одақтастары қазіргі таңда Украина әуе кеңістігін толық қорғау үшін жоғары дәлдіктегі қару-жарақпен қамтамасыз етуге мүдделі. НАТО саммиті бұл тұрғыда шешуші кезеңге айналуы мүмкін.