Киевті армандаған Ресей Курскіге зар
Киевті үш күнде алмақ болған Ресей өзінің Курск облысын азат ете алмай әлек. Соғыс басталғанына екі жарым жыл болғанда алғаш рет Украина орыс жеріне басып кірді.
Бұған Кремль дайын болмаса керек. Абдырап қалды. Үй-жайын, ауылын тастап тұра қашқан тұрғындарына басу айтып сасқалақтаған президент Владимир Путин 10 мың рубль (шамамен 55 мың теңге) көмек ұсынды.
КУРСКІГЕ ШАБУЫЛ
9 тамыздың таңы. Ресейдің Украинамен шекараласатын Курск облысы Рыльск қалашығын басып өтетін E38 нөмірлі тас жолында жойқын жарылыс болған. Күн әлі шыға қоймаған, алакөлеңке сәт. Жаяу әскер тасымалдайтын әскери көліктер тізбегі (колоннасы – авт.) күл-талқаны шығып, кейбірі жанып жатыр. Видеоны жергілікті тұрғын түсіріп, желіге таратқан. Осы әрекеті үшін тұрғын «отанға опасыздық» және «тыңшылық» күдігімен істі болып жатыр.
Алғашқы дабылды орыстардың соғысты қолдаушы, пропагандист Z-Telegram арналары қақты. Соққы америкалық HIMARS жоғары мобилді артиллериялық жүйесі арқылы жасалғаны, зымырандардың мүлт кетпегені, көп адам өлгені айтылды. Нақты саны белгісіз. Кейін Ұлыбританияның BBC агенттігі 14 көлік өртенгенін, оқиғаның Рыльск қалашығына жақын Октябрьск ауылының дәл іргесінде болғанын растады. Ресей пропагандасы да, оппозициялық сайттары да бұл ақпаратты терістей алмады. Осы кезде әлеуметтік желіде тағы бір видео пайда болды. Онда бағанағыдай емес, күн арқан бойы көтерілген, айнала жап-жарық. Көліктердің көбі өртеніп біткен. Кейбірі жартылай жанып сөнген. Әйтеуір іске алғысыз. Назар аударатыны – жол үстінде қирап, көздеген жеріне жете алмай тоқтаған машиналардың үстінде мәйіт сұлбалары байқалады. Саны қанша екені белгісіз, әйтеуір аз емес. Бұған дейін бұл колоннаның Украина әскерилері басып кірген Суджа қаласына қарай жолға шыққаны хабарланған еді. Кейбір расталмаған ақпаратқа қарағанда, 30-ға жуық адам өліп, 100-ден аса жауынгер ауыр жараланған. Өзгелері 500 адам опат болғанын жазды. Соғыс жағдайы болғандықтан, ешкім бұл деректерді тез арада нақтылай алмады.
Осы оқиғадан соң Ресей Курск облысында федералды деңгейдегі төтенше жағдай жариялады. Екі күн бұрын ғана облыс билігі «бәрі бақылауда» деп есеп беріп, ахуалды аумақтық тұрғыдағы табиғи апатқа ұқсатып бағалаған. Өйткені бұған дейін Украина сарбаздары көршілес Белгород облысына шабуылдағанда ары кетсе 30-40 адам пайдаланып, бір-екі ауылды аралап қана кері қайтып кететін. Осы жолы да солай болады деп ойласа керек, Кремль алғашқыда аса қатты мән бермегендей көрінді. Бірақ күтпеген жерден шекарадан аттап жетіп келген украиналықтардың қарқыны күшті боп шықты. Алғашқы екі күнде кемі он шақты ауылды алып, халқы 20 мыңға жуықтайтын Суджа қаласының түбіне жетті. Шекарада оларға қарсы тұрар күш жоқ екен. Барлық әлеуетін майданның басқа жағына жұмсаған Ресей жүздеген шақырым шекараны аз ғана күшке күзеттіріп, бос қалдырыпты. Көбі тұтқынға түсті. Америкалық The Washington Post газеті Украина президентінің есімін атамаған көмекшісіне сілтеп, алғашқы екі күнде жүздеген орыс сарбазы тұтқындалғаны туралы жазды. Қару кезенген украиналық әскерилердің алдында қолын желкесіне қойып, айдауда кетіп бара жатқан орыс солдаттары көрінген видеолар да желіге көптеп тарады.
Осы тұста тағы бір мән беретін мәселе – майдан даласында жүрген күйеуі немесе ұлдарынан тылдағы аналары бұрынғыдай жылдам хабар ала алмайды. Президент Путин ұялы телефон пайдалануға тыйым салатын заңға қол қойған. Бұл шектеу Суджа маңында биыл мамырда ғана әскерге шақырылған жап-жас балалардың туыстарына қиын тиген. Meduza басылымы сөйлескен ресейліктердің ішінде ұлдарының қайда екенін білмейтінін айтқандар көп. Кейбірі балаларының тұтқынға түсуі мүмкін екенін жоққа шығармаған. Жағдай ушығып бара жатқан соң Белгород, Курск және Брянск облыстарында «терроризмге қарсы күрес» тәртібі енгізілді. Бұл тәртіп төтенше жағдайдан да қаталдау, бірақ соғыс жағдайы деңгейінен босаң.
Украина Курскіге шабуылды 6 тамызда бастаған. Ертеңінде Ресей қорғаныс министрлігі «жағдайды бақылауда ұстап отырмыз» деп мәлімдеген. Тіпті Путинге бас штабтың бастығы генерал Валерий Герасимов «жауды тоқтаттық» деп есеп берген. Бірақ Z-блогерлер таратқан ақпарат ресми мәліметке ұқсамады. Украина әскері 9 тамызда кемі 40 шақырым ішке кіргені, Суджаның әкімшілік орталықтарын оқ атпай-ақ басып алғаны хабарланды. Украина туын желбіреткен бір топ сарбаз Ресейдің «Газпром» компаниясы филиалының алдында тұрып: «Қала бақылауда. Бәрі тыныш. Барлық үй-жай аман» деп видео түсірді. Украина тарабының бұл ақпаратын Суджа ауданының басшылығы жоққа шығарды, бірақ тұрғындардың басқа жаққа көшіріліп жатқанын растады. Бақсақ, «көшіріліп» деген сөз орынсыз сияқты. Ресейлік Telegram арналарда тараған видеоларда өздерін Суджа ауданының тұрғындарымыз деп таныстырған адамдар ешкім көмекке келмегенін, құжаттары мен ең маңызды керек-жарақ заттарын іле салып, өздері қашқанын айтады. Президент Путинге «құтқара гөр» деп қол жаяды. Бұдан бір күн бұрын қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізген Путин үй-күйін тастап шығуға мәжбүр болған тұрғындардың жыртығына жамау болсын деді ме, 10 рубль (55 мың теңге) жәрдем беруді тапсырған. Елдің төтенше жағдай қызметі 10 тамызда 76 мың тұрғын қауіпсіз аумаққа эвакуацияланғанын хабарлады.
УКРАИНАНЫҢ МАҚСАТЫ НЕ?
Украина билігі Курскіге шабуылдың мәнін ашып айтпады. Президент Владимир Зеленский 8 тамыз күні әлеуметтік желідегі парағына жариялаған видеосында «Украина жеріне соғыс әкелген Ресей бұны енді өзі де сезінуі керек» деп қана өте шықты. Ол бас қолбасшы Александр Сырский үш жағымды жаңалық айтқанын жеткізді, бірақ тарқатып ештеңе демеді. Президенттен өзгелері де үндеген жоқ. Тым-тырыс. Киевтен әдеттегідей толымды мәлімдемелер айтылмағандықтан ба, АҚШ, Еуропа елдерінің басшылары да тіс жармады. Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесінде стратегиялық коммуникацияға жауапты координатор Джон Кирби «ештеңе өзгерген жоқ, қанша қажет болса сонша көмек беруге әзірміз» дейтін үйреншікті жауапты айта салды. АҚШ мемлекеттік департаменті «Киев бізге ресми түрде ештеңе деген жоқ, алдын ала хабар бермеді» дейтін қасаң мәлімдеме жасады. Арада екі күн өткенде, 10 тамыз күні ғана Зеленский Ресей жеріне Украинаның әскер кіргізгенін ресми түрде растады. «Агрессорға қысым жасау арқылы әділет орнатамыз» деді ол.
Бұл тақырыпта әскери сарапшылардың, Telegram арналардың уәжі қызық. Украинаның Deep State жобасының соғыс картасына қарап отырып әркім өзінше болжайды. Deep State – майдан шебіндегі өзгерісті күн сайын жаңартып отыратын онлайн карта. Картада екі тараптың әрекеті, басып алған немесе азат еткен жерлері, шабуыл бағыттары көрсетіледі. Оны кез келген оқырман ашып оқи алады. Картадағы деректер майдан шебіндегі ахуалды шындыққа өте жақын көрсетеді. Әрине, дәлме-дәл сызып шығу мүмкін емес. Дегенмен бұған дейін ешкім ондағы мәліметтерге дау айтпаған. Осы картадағы мәліметтерді күн сайын шолып, өзгерістерді қалт жібермей қадағалап отыратын украиналық блогер, отставкадағы полковник, әскери сарапшы Олег Жданов Курск облысына шабуылдың ең негізгі мақсаты – шайқас қатты болып жатқан бағыттардан орыс әскерін бөліп-жару деп түсіндіреді. Басқа да сарапшылар осы нұсқаға иланады. Жданов бұған дейін орыстардың күші басым көрінген кейбір тұстарда соңғы үш күнде атыс-шабыс бәсеңдегенін, шабуыл күрт сирегенін байқаған.
Батыс сарапшыларының айтуынша, Украина Курск аумағында басып алған ауылдарды ұзақ уақыт ұстап тұра алмайды. «Шекарадан өткен бір-екі мың сарбаздың есін жинап, күшін топтастырып алған орыс шабуылына қарсы тұруы екіталай. Ол үшін кемі 10 мыңға жуық әскер, жүздеген техника қажет» дейді ұлыбританиялық әскери сарапшы Фрэнк Ледвидж. Германияның DW (Deutsche Welle) арнасының эфирінен сөйлеген ол Курскіге шабуылдың астарында Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ресей билігін бейбітшілік келісіміне көндіру мақсаты жатуы мүмкін екенін айтады. Естеріңізде болса, Украина маусым айында Швейцарияда «Жаһанның бейбітшілік саммитін» өткізген. Бірақ сол жиында Украинаны қолдайтындарын білдірсе де кейбір елдің басшылары Ресейдің шақырылмағанына қынжылған. «Зеленский саммиттің екінші отырысын жыл соңына дейін өткізуге мүдделі. Бірақ Путиннен әскерді әкетуді талап етерде өзінің қолында да көзірі болғанын қалайды. Курск облысының жеріне сол үшін әскер кіргізуі ғажап емес» дейді ағылшын сарапшысы Ледвидж. Немістің әскери сарапшысы Вольфганг Рихтердің пікірінше, «Курскіге әскер кіргізу Украинаның жер жаһанға, әсіресе Батыстағы серіктестеріне Ресейден қорқудың қажеті жоғын дәлелдеу үшін істеген демонстрациясы болуы мүмкін». Жаны бар сөз. Қолындағы қаруымен Ресей жеріне атқылау үшін Киев үнемі Батысқа жалтақтап келді. Соғыстың тым ушығып кетуінен қауіптенген АҚШ пен Еуропа зымырандарының Ресей аумағына түсуінен сескенеді. Серіктестер арасындағы мұндай қайшылықты Мәскеу де ұтымды пайдаланып қалуға тырысып, ылғи ядролық қаруын айтып сес көрсетеді.
Шетелдік сарапшылардың ішінде Лондондағы қорғаныс саласын зерттеумен айналысатын корольдік колледждің профессоры Майкл Кларктың пікірі де ақылға сыйымды. The Sunday Times басылымына шыққан мақалада ол «Курскіге басып кіру арқылы Зеленский Украинаның майдан шебіндегі шегіністерін (жеңілісін) жуып-шаюды көздейді» дейді. Кларктың сөзінше, Украина қарулы күштерінің Қырым түбегі мен Қара теңіздегі сәтті операцияларына жаһан қанағаттанбады. Ал орыстар көп шығындалса да мысықтабандап алға жылжып келді. Амал жоқ Зеленский осындай қауіпті қадам жасауға мәжбүр. Кларк украиналықтардың басып алған аумақтарды қашанға дейін ұстап тұра алуы маңызды екенін айтады. «Киев 6-10 мың сарбаз жұмылдырып, арнайы операция бастаған соң оның нәтижесі де соған татитындай болуы керек. Яғни Киев бұл жерді босату үшін Мәскеуді орасан зор шығынға батырып, айтарлықтай құн төлеуіне мәжбүрлеуі қажет. Сонда ғана нәтиже болмақ. Әйтпесе, бұл контршабуыл соғысты басқа арнаға бұрып әкетпейді» дейді Кларк.
РЕСЕЙДІҢ ҚАРЫМТАСЫ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?
Суджа – Ресейдің Еуропаға тасымалдайтын газының басым бөлігі өтетін, елдің экономикасында алар орны маңызды аудан. Мұнда Батысқа жол тартатын газдың қысымын өлшейтін негізгі станция орналасқан. Станция алғашқы күннен-ақ шекарадан аттаған Украина сарбаздарының қарамағына өтті. Ақпаратқа қарағанда орыстар аса қатты қарсылық көрсетпеген. Алайда шабуыл газдың тасымалына да әсер етпеген. Станцияның өзіне немесе газ трубаларына зақым келмеген. Америкалық Bloomberg басылымының жазуынша, Еуропа әлі де Ресейден газ алып отыр. Соғыс басталғалы үзілмеген. Орыстың арзан газына Словакия мен Венгрия әсіресе мұқтаж. Дегенмен BBC агенттігі Суджадағы станцияның жұмысы тоқтаған күннің өзінде Еуропаға аса ауыр салдары болмайтынын жазады. Өйткені соғысқа дейін Еуропа газдың 45 пайызын Ресейден алатын, қазір бұл көрсеткіш 15 пайызға дейін түскен. 2027 жылы Еуропа Одағы Ресей газынан толық бас тартпақ.
Американың соғысты зерттеу институты (ISW) Украина шабуылын тойтару үшін Ресейде үш жол бар деп есептейді. Біріншісі – Кремль елдің ішкі ахуалына жауапты «Ұлттық гвардия» мен әскерге биыл көктемде ғана шақырылған жас балаларды Курскіге аттандыруы мүмкін. Екінші әрекет – Курск, Брянск, Белгород сынды Украинамен шектесетін облыстардағы шекарашының бәрін Суджаға қарай жұмсау. Үшінші жол – майданның өзге шебінде соғысып жатқан сарбаздардың біразын алдыру. Үш шешімді де институт сарапшылары оңай емес деген. Бірінші жолды таңдаса тәжірибесіз, дайындықсыз сарбаздар соғыса алмай қырылып қалуы ғажап емес. Екінші жол да тиімді болмайтын түрі бар. Өйткені шекараның өзге тұстары әлсіреп, Украинаның ол жақтан шабуыл жасамайтынына ешкімнің көзі жетпейді. Үшінші жол тіпті қиын. Ауыр, кескілескен майданда зор шығынмен күніне 10-20 метр ғана алға жылжып, әрең ұстап тұрған шеп әскердің жартысы кетсе сетінеп, көбесі сөгіліп кетуі мүмкін.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жерінің шетін жау баспаған Ресей күші мен бойына сенді ме, алаңсыз жатыпты. Тіпті өздеріне сенгені сонша Украинаны Курск облысына шабуылдайды деп күтпесе керек. Бұл аумақты қорғау мақсатында бірнеше жыл бұрын жасақталған «Солтүстік» әскери гарнизоны жылдам әрекет етіп, шекараға жетіп баруға қауқарсыз болып шықты. 11 тамыздағы ақпараттарға қарағанда, Ресей Харьков, Донбасс бағыттарында майдан шебінде жүрген сарбаздарын Курскіге қарай лақтыра бастаған. Әскер жетіп, орнығып, қарсы шабуылдың жоспарын бекітіп, іске кіріскенше әлі бірнеше күн, мүмкін апталар керек болуы да кәдік. Бір сөзбен айтқанда, шекарадан кіріп, оннан аса елді мекенді әп-сәтте бақылауға алған украиналықтарды сондай жылдамдықпен қуып шығу оңай болмайтын сынды.
Ресейдің Z-блогерлері ғана болмаса, ресми басылымдарының, федералды телеарналарының Курскідегі жағдайды көп сөз еткісі келмейтіні байқалды. Кремльден нақты пәрмен күтіп отырса керек. Абдырап қалған Кремльдің өзі де әлі нақты жауабын дайындап үлгермеген сынды. Арасында үні ауық-ауық естілетіні бұрынғы президент, қазір Ресейдің қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев қана. Өзінің Telegram арнасына жариялаған үндеуінде Украинаның әрекетіне «біздің майдан шебінде нақты бірнеше бағытқа шоғырландырған күшімізді басқа жаққа бөліп әкетіп, әлсіретудің амалы» деп бағалаған және әдеттегідей жауды аямауға, Украинаны тұтас қиратып, Киевті талқандап, одан да ары баруға шақырған.
Айгүл Баба