Киевте әскери қызметкердің көлігі жарылды: күдікті бірнеше сағатта ұсталды
Киевте Украина Қарулы күштері әскери қызметкерінің автокөлігін жару дерегі бойынша 24 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Бұл туралы Украина Қауіпсіздік қызметі ресми мәлімдеді.
Жарылыс 4 қаңтарда күндіз Киевтің Оболонь ауданындағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. Демалысқа келген 30 жастағы әскери қызметкер көлігінің жүксалғышын ашқан сәтте жарылыс болған.
Нәтижесінде әскери қызметкер мен оның танысы түрлі дәрежедегі жарақаттар алған.
Алғашқы хабарларда әйелдің жарақат алмағаны айтылғанымен, кейін оның да зардап шеккені нақтыланды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмысты Ресей арнайы қызметтерінің тапсырмасымен әрекет еткен, жұмыссыз 24 жастағы киевтік әйел ұйымдастырған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол Telegram-арналар арқылы «оңай табыс» іздеу кезінде алданып қалған.
Күдіктіге жарылғыш құрылғыны дайындау жөнінде нұсқаулық беріліп, бөлшектерді сатып алу үшін банк картасына ақша аударылған. Жарылыс сәті жақын маңға қойылған телефонмен түсірілген.
Күдіктіге террорлық акт жасау бабы бойынша айып тағылды (Украина ҚК 258-бабы, 1-бөлігі). Бұл бап мүлікті тәркілеумен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Прокуратураның хабарлауынша, қылмысты орындағаны үшін оған 1,5 мың доллар уәде етілген, алайда полиция оның бұл ақшаны алмағанын нақтылады. Қазіргі уақытта тергеу органдары күдіктіні қамауда ұстау туралы сотқа өтініш бермек.
Оқиғаға байланысты тергеу жалғасып жатыр.