Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:05, 18 Ақпан 2025

Киік атқан құтылып, көлік айдаған тұтылып кетпеді ме?

штраф
Фото: из открытых источников

  Қызылорда облысна қарасты Шиелі ауданында “Қызыл кітапқа” енген киелі жануар киікті атқандар құрықталды. Күдіктілердің аймақтағы “Байқоңыр” әлеуметтік - кәсіпкерлік корпорациясы АҚ мекемесіне тиесілі қызметтік көлікті пайдаланғандары анықталып отыр. Алайда, мемлекеттік мекеме басшылығы жүргізуші машинаны рұқсатсыз айдап кетті деп ақталып отырғанға ұқсайды.

Қыс мезгілінде аң аулауға шығатын қызылордалықтардың қатары аз емес. Оның ішінде қырғауыл мен қоянды, тіпті киелі киікті нысанаға алатындар көп. Осындай қылмысқа барған азаматтарды жуырда Шиелі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері құрықтаған болатын. Бүгінде қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.

“Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.Өзге де мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабының талабына сәйкес жария етілмейді”, - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, заңсыз аң аулауға шыққан күдіктілер “Байқоңыр” әлеуметтік - кәсіпкерлік корпорациясы АҚ мекемесіне тиесілі “Hyundai Santa Fe” маркалы қызметтік автокөлігін мінгендері анықталуда. Айта кету керек, аталған мекеме Қызылорда облысында азық - түлік бағаларын реттеп, әлеуметтік дүкендердің жұмысын үйлестіруге жауап береді. Қызметтік көліктің беймезгіл уақытта дала жануарын атуға пайдаланылғандығы көпшіліктің таңданысын тудырып отыр. Алайда, корпорация басшылығының да өз айтатыны табылды.

“Аталмыш жағдай 2 ақпанда орын алған. Жүргізуші басшылыққа ескертпестен қызметті көлікті тізгіндегені анықталды. Қазіргі таңда қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Жауапты орган тарапынан тиісті қорытынды шыққан соң корпорация тарапынан да тиісті шаралар қолданылып, нәтижесін қосымша хабарлайтын боламыз”, - деп мәлімдеді корпорацияның баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы да осыған ұқсас жағдай Қызылорда облысында тіркелген болатын. Қаладағы электр құрылғыларын сататын дүкендердің бірінде ұрлық орын алып, қылмыстық оқиға орнынан облыстық соттар әкімшілігіне қарасты қызметтік көлік анықталған болатын. Қызметтік автомобиль беймезгіл уақытта тәріпке сай тұрақта болмаған еді. Сол уақытта да фемида өкілдері автокөлікт жүргізушісінің жұмыстан тыс уақытта көлік басқару әрекеті бойынша қызметтік тексеру жүргізіп, шопырды жұмыстан босатты.

Айнұр Төлешова
Қызылорда облысы