Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:21

Атеист-аңшы өлтірген киік еті арам ба? ҚМДБ нақты жауап беруден тайсақтады

Ату
Фото: БАҚ

Киік аулауға байланысты әлеуметтік желіде ерекше бір «пәтуа» тарады: «Егер киікті атеист атса, оның еті арам» болады екен.

 Бұл сөзге түрткі болған – діни ұстанымға негізделген аңшылық шарттары. Аңды атқан адам мұсылман, христиан немесе иудей болуы керек екен. Егер ол отқа, пұтқа табынатын немесе мүлде Құдайға сенбейтін адам болса – еті желінбейді екен.

Бірақ ақпарат таратқан телеграм арналар да, БАҚ-та ҚМДБ өкілі қай жерде, неге байланысты айтқанын, оның аты-жөні кім екенін нақты жазбаған.

1
Фото: әлеуметтік желіден скриншот

«Jas Alash» редакциясы мәселенің анық-қанығын білу үшін ҚМДБ өкілі Ағабек Қонарбайұлына хабарласты. Ол "қазір бұл жерде жұмыс істемеймін" деп өзге адамға сілтеді. Ал тағы бір ҚМДБ өкілі Қасымхан Талғатұлы аталған ақпаратқа байланысты бірнеше сұрағымызға тұспалдап қана жауап беріп, "иә" не "жоқ" деп кесіп айтудан тайсақтады. Оның орнына шариғатқа негізделген жалпы ережелерді жіберді. Сол ережелерге сүйенсек:

Біріншіден, егер аңшы «Бисмиллаһ» сөзін әдейі айтпаса немесе айту керек екенін білмесе, бұл аң адал емес» екен;

Екіншіден, «Аң адал болу үшін жануарды жіберген адам (бұл жерде аңға қосылатын ит немесе құс айтылған -ред.) мұсылман яки әһли-кітап (христиан немесе еврей) дінінде болуы керек. Ал егер муртад (діннен шыққан), пұтқа және отқа табынатын немесе атеист болса, ұстаған аңы желінбейді» екен.

Осылайша, ҚМДБ «атеист атса – харам» деген желідегі пікірді нақты растамаса да, оның мазмұнын жоққа да шығармай отыр. Тіпті жіберген жауабы арқылы бұл сөзді логикалық тұрғыда қуаттап тұрғандай. 

Қысқаша айтқанда, ҚМДБ бұл мәселеде нақты жауапкершіліктен жалтарып отыр. Жауап жолдады, бірақ оның астарында әдеттегі "жалпы ереже" бар. Кім айтты, неге айтты – ол жағы беймәлім. Қоғамда қызу талқы тудырған мәселе тағы да жауапсыз қалып отыр. Сондықтан Jas Alash бұл сөзді расында да ҚМДБ өкілі айтқан-айтпағанын, айтса нақты кім айтқанын білу үшін Дін істер комитетіне ресми сауал жолдады.