Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:34, 26 Мамыр 2024

Қилыбай жұмысын көлеңкемен күресуден бастады

Нұрдәулет Қилыбай

Маңғыстау облысының әкімі қызметіне жақында ғана тағайындалған Нұрдәулет Қилыбай өңірді жаңару жұмысын ағаш отаудан бастапты. БАҚ-та облыс орталығы Ақтау қаласындағы бірнеше шағын ауданда ағаштар кесіліп жатқаны жайлы ақпарат тарады. Жергілікті басылымдар «әкімдіктің жасыл желекке жаны қарсы» деп жазды.

Қала тұрғындары 8-шағын аудандағы «ҚазТрансОйл» ғимаратының жанындағы аллеяда ағаштардың кесілгенін байқаған. Аптап ыстықта көлеңке, азынаған желде пана болған тал-теректің қазір түбірі ғана қалыпты. Жергілікті жұрт онсыз да жасыл желегі сиреп бара жатқан қаладағы ағаштарды не үшін кесіп жатқанын түсінбей отыр.

Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тынәлиевтің сөзі мен ісі сәйкес келмейтін сияқты. Әкімдіктің сайтында қаланы көгалдандыруға күш салып жатқандарын жазыпты. Биыл Ақтауда 4581 түп жапырақты, 2650 түп қылқан жапырақты ағаш, 900 дана раушан гүлі және 20000 дана бұта отырғызу жоспарланған.

Бұл әкімдіктің уәдесі. Бірақ іс жүзінде ағаш егумен емес, отаумен айналысып жатыр. Бізге мәлім ақпарат бойынша 8-шағын ауданда ғана емес, өзге де бірнеше аумақта ағаштар кесілген. Мұны жергілікті тұрғындар да растап отыр. «Неге тірі, сау ағаштар кесіліп жатқанын түсінбедім. Бұл даңғыл бойында ғана емес, өзге шағын аудандарда да осы жағдай. Өсіп тұрған жас ағаштар қырқылып жатыр» деп жазды Ғани есімді тұрғын.

Тағы бір жергілікті азамат «7-12 мекенжайы маңында да 20 шақты ағаш кесілді, ол үшін ешкім жазаланбады. Күн ысығанда саялайтын көлеңке жер қалмады. Жазда күндіз серуендеу мүмкін емес, отыратын орын жоқ» деп күйінді.

Бірақ бұл ақпараттарды қала әкімдігі бір ауыз сөзбен жоққа шығара салды. Олардың айтуынша, тек қураған ағаштар кесілген. «Сонда тұрғындар өтірік айтып отыр ма?» деп қайталай сұрадық. Әкімдік өкілі «Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі осындай ақпарат берді» деп қысқа қайырды.

Кесілген ағаш орнына туя көшеттері егіледі екен. Тұрғындар бұл шешімді «Әкімдік шын ағашты отап, орнына пластик ағаш егеді» деп сынады. Оның үстіне мұндай ағаштан көлеңке түспейді екен, саясына адам отыра алмайды. Демек, шенділер қала ең алдымен халықтың өмір сүруіне жайлы болуы керек деген қағиданы естен шығарып алған сияқты.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, ағаш кесудің «көкесі» алда болатын сияқты. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, «қалада магистральдық инженерлік желілерді жаңарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты кейбір автомобиль жолдарының бойында орналасқан ағаштар басқа жерге көшіріледі». Тізімде 12 шағын аудандағы 14 мекенжай көрсетілген. Кесілген ағаштар сол маңайдағы басқа жерлерге қайта егіледі екен.

Ең өкініштісі, әкімдік ағаш кескелі жатқанын жергілікті тұрғындарға хабарламаған. Кәрі ағаш болған күннің өзінде шенділер халықпен байланыс орнатып, не істегелі жатқандарын түсіндіріп отырса, мұндай дау-дамай туындамас еді. Бірақ қазақ билігінің қолынан бұл келмейді. Шенділер үнемі өзім білемге салынып, бірдеңені бүлдіріп алады да, адам сенбейтін сылтау айтып, ақталып отырады.

Ақтау әкімдігі ағаштар көшірілетінін әлеуметтік желіде жұртқа ескерттік деп отыр. Ал оған дейін ағаш кесетінін ешкімге айтпаған. Егер наразылық білдіріп, дау шығармаса, басқа жерге көшірілетін ағаштар жайлы да жақ ашпауы мүмкін еді.

Ақтау жасыл желегімен, орман-тоғайымен мақтана алатын қала емес. Біз сөйлесек, қала тұрғыны кейінгі кезде көгал жерлер бұрынғыдан да азайып бара жатқанын айтады. Ол ел арасында айтылып жүрген Маңғыстауда ештеңе шықпайды деген пікірмен келіспейді. Оның ойынша, дұрыс мамандарды шақырып, жақсылап жұмыс істесе Ақтауда бәрі өседі. Қалалық театрда жұмыс істейтін актердің айтуынша, онсыз да орманы аз қалада ағаштардың кесіліп жатқанына жергілікті жұрттың бәрі қарсы болып отыр.

Халықпен санаспай, ойына келгенін істейтін шенділер Маңғыстауда ғана бар деуге келмейді. Бұл жалпы қазақ билігіне тән «ауру» екенін жоғарыда жаздық. Өкініштісі, сол аурудың емі табылмай тұр. Ал саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев ол үшін саяси жүйені өзгерту керек екенін айтты.

Қазыбек Бейсебаев

«Шенділердің халықпен ақылдаспай әрекет етіп, кейін дау шыққанда түрлі сылтау айтып ақталатын әдет бұрыннан келе жатыр. Мысалы, баланы қалай үйретсеңіз, солай істейді. Сол сияқты, тәуелсіздік алған 30 жылдан аса уақытта билік қашан бізбен ақылдасты. Сол 30 жылда қалыптасқан әдет әлі жалғасып жатыр. Елді ұзақ билеген экс-президентіміз бүкіл байлықты, шикізатты сатқанда кіммен ақылдасты? Қарағандыдағы атақты Қарметті үндістандық біреуге бере салды, онда да ешкіммен ақылдасқан жоқ. Ескі Қазақстанның осы әдеті Жаңа Қазақстанға еріп келіп отыр.

Тағы бір мысал, жаңа премьер-министрдің ең бірінші шешімі қандай болды? Сағатты ауыстырды. Халықпен ақылдасты ма, жоқ! Бұл істе жалпы халықтық пікірді білу керек еді.

Шенділер халықпен неге санаспайды? Себебі бізде саяси жүйе солай. Конституцияны қараңыз, ешқандай әкім, министр халықтың алдында есеп бермейді. Олар тек өзінен жоғары тұрған басшыға есеп береді. Кіші әкімдер облыс басшысына, ал облыс әкімі Астанаға барып есеп береді. Бұл тәртіпті өзгерту үшін саяси жүйені жаңарту қажет. Атқарушы билік халықтың алдында жауап беруі керек. Онсыз ештеңе өзгермейді. Қысқасы, халықтың ықпалы болуы керек.

Мәселенің бәрі халық алдында жауап бермегеннен шығып отыр. Мысалы, былтыр Семейде өрт болды. Әкімге сөгіс қана берді. Яғни шенділер жауапкершілікке тартылмайтынын біліп отыр. Сол үшін елмен санаспайды. Биыл су тасқыны болды, тағы ешкім жауапкершілік арқалаған жоқ. Өкінішке қарай, осыны өзгерту бағытында жұмыс жүріп жатқан жоқ. Тағы бір мәселе, біздің шенділер халықтың алдына шығып сөйлесе алмайды. Жұртпен диалог құруды білмейді», – дейді сарапшы.

Біздің елде көп шенді бұйрық орындаумен ғана айналысып жүр. Өзінен бір саты жоғары орын шаш ал десе, бас алуға дайын тұратын жергілікті басшылар үнемі ойланбай әрекет етеді. Кейін асығыс шығарған шешімдері халықтың сынына ұшырап, масқара болып жатады. Мұның бәріне халықпен ақылдаспайтын, КСРО кезінен қалған әпербақан билік жүйесі кінәлі екені анық.

Маңғыстаудың жаңа әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұған дейін халықпен сөйлесуден қашпайтын басшының рөлін сомдап жүргенін көрген едік. Әсіресе «галстуксыз» кездесулерде белсеніп кететін. Желіде оның «ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директоры болып тұрған кезінде жұртты ауызбіршілікке шақыра сөйлеген «шабытты» сөзі тарап жүр. Әкім Қилыбай директор кезіндегі ұстанымынан әкім болған соң айырылып қала ма деген күмән да жоқ емес.

Қуаныш Қаппас