Қылыш тұмсық, қысық көз нарын сары
Көктің серкесі, сайын дала аспанын күзеткен дала сермендесін қазақ халқы ықылым заманнан бері құрметпен баптап, әспеттеп келеді.
Ұлтымыздың дәстүрлі философиялық танымы «Жеті қазынадағы» алар орнын айтпағанда, түз құсының қазаққа бітім-болмысымен сіңіп кеткені қашан? Ер азаматтың қуаты саналатын қыран бүркіт қазақ үшін әрдайым өжеттіліктің, қайсарлықтың, шыдамдылықтың, ең бастысы, азаттықтың символы іспеттес. Көк байрағымыздағы қыран бейнесі соның айқын дәлелі.
Бағдат Мүптекеқызы Республикалық Құсбегілік федерациясының вице-президенті: Қыранның тілеуі жақсы
Саят құстарының ішіндегі ең ірісі, қарулысы – бүркіт.Ол қоян, түлкіден бастап, ірі қоңыр аңдар: елік, арқар, таутеке, тіптен тарихта аюға түскендері бар. Бүркіт салып, саятшылық құру – тым ертеден қалыптасқан дәстүр, дәстүрлі өнер, ұлттық мәдениет. Шыңғыс хан Саян-Алтайдағы түркі тайпаларын қол астына біріктіргенде олардың көсемдері кезінде сый-құрметтің төресі саналған, қолдарына қыран ұстап, сән-салтанатпен барып қағанға кірген. «Он баласы, он мың жылқысы, он мың қойы бар әулетке барсам екен» деген қыранның тілеуі қазақ үшін қандай керемет! Қазақтың билік құн жүйесінде қыран құс, түзу мылтық, жүйрік ат – үшеуінің бағасы бір, бұларды үш жақсы десе, төртіншісі – бүркіт осылармен парапар.
Қазақ бүркіт отырған маңайдың қасиеті бар деп есептейді. Кәріқұлақ көне көз құсбегілердің айтуына қарағанда, бүркіт отырған үйде жын-шайтан болмайды, пәле жуымайды, «бүркіт бір сілкінсе, мың пәле қашады» дейді. Бүркіт қанатымен үй, кілем, сырмақ, басқа да дүниелерді сыпырмайды. Сондай-ақ қазақтарда бөгде біреу бүркітімен ауылға келсе, құсының иығына үкі тағатын немесе ақ шүберекпен түйіншек беретін.
Құсбегілік құсы алғаш рет бау ашып аң ұстаса, ауыл адамдары қарсы алып, шашу шашады. Егер біреудің бүркіті ұнап, оны тамырлық, туыстық, замандастық жолмен «қалап», «сұрап» алса, үстіне «тұғырына жапқаным» деп дүние-мүлік береді. Ал қазақ балаларына, жерге көп қойылатын бүркітке байланысты аттар осы құсқа қатысты байырғы наным-сенімнің тікелей әсері деп бағалауға болады.
Үйден тым алыс кеткенде жолыңдағы ауылға құдайы қонақпын деп бара қалған бүркітшіге үй иесі малын сойып, кешке оның құрметіне ауыл жастарын жиып, ән-күйге ерік беріп, шағын той жасаған. Үй иесінің өтінішімен бүркіті үйге кіргізіліп, сойылған малдың етінен ауыз тигізіп, «береке қонсын» деп, босағаға қойылып, иығына үкі тағылатын да, келесі иығына сүт тигізіп, тұғыры майланатын. Бұл – бүркітшіге және самғау көктің әміршісіне көрсетілетін құрмет еді. Осылайша, көптеген қасиетке бай, киелі санаған бүркітті қазақ жеті қазынаның біріне жатқызады.
Тілімізде тек бүркіттің ғана 200-ден аса атауы бар: шегір паян, мартулы қыран, іш жарғыш, құр тырнақ, кәрі шөгел, барқын, бұқатана, жөлер, перен, жаудыркөз, шау, шомбал, қана, жанбауыр шөгел, жарық жемсау, т.с.с.
Халқымызда ертеден бүркіт тұқымдастарды «қылыш тұмсық», «кезеген кекшіл», «жанбауыр шөгел», «сеңсең қоңыр», «жығалы», «құртты қызан», «паң сары», «ақ иық», «нарын сары», «мұзмұрт», «сауысқан құйрық сары», «сасқалақ сары» деп, тек-текке бөліп, күш-айласына қарай кәдесіне жаратыпты. Ал бірде Алтай бүркітін сынағанда «қылыш тұмсық, қысық көз, ақиық», «қызға берместің өзі» деп бағалайды. «Ойдың ор құсы» деген де бар, оның иығы ор болады, оған арнап «Тапсаң құстың орын сал, таппасаң зорын сал» дейді. Ал енді бірде: құстың ру-жұрағатын: Ақиық Алтайда, Саршолақ Қобдада, қарагер Боғдада, ақшегір Нарында, сабалақ сары Сауырда, жасыл құс Анамбар тауында, ақ бүркіт Африкада дейді.
«Аспанда ұшсам – қанатым талады, жерге қонсам – Жалайыр Шора алады» дегенқанатты бір ауыз сөзін қалдырған Шора құсбегі, Шегірпаян, Әбдрахман, Кәрібай, атақты жазушы Сәбит Мұқанов жазатындай, Орта жүзде Сибан руынан шыққан Қатанның Оразы, Орта жүздегі Тіней құсбегі секілді әлі де парақтары ашылмай жатқан киелі өнеріміздің ар жағында қазақтың асқақ рухын бейнелеген қырандар тарихының иелері қаншама! Абай мен Шоқандай асылдарымыз, Жаяу Мұса, Ақан Сері, Сегіз серілеріміздің, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовтердей аяулыларымыздың айнымас серігі болған, аштық жылдары бір бүркітімен бір ауылды асыраған Өкпе Дүйсенбайұлы секілдіұлттық құндылықтарымыздың жанашырлары арқасында шоқтығы биік құсбегілік – бүгін міне, ұлттық спортымыздың қатарында қайтадан жандана бастады.
Кейінгі жылдары жиі естіліп, көгілдір экраннан таратылған хабарлар арқылы халық құсбегілік өнерден хабардар. Бұл жерде 1980 жылдардың ішінде республикада белгілі этнограф Жағда Бабалықұлымен бірге Алматы облысындағы Жалайыр Шора атындағы Бүркітшілер мектебінің тұңғыш шаңырағын көтергенде, қайта қолға алған осы құсбегілік өнер қазақ даласына толығымен тарап, жер-жерде қолына құс қондырып, атакәсіпті жандандырушылар саны бүгінде екі жүзге жақындап қалғанын айтуымызға болады. Жамбыл облысында Жаппар Сатылғанов ашқан Мойынқұмдағы «Қауырсын» клубы, сол кездері бабалар мұрасын қолдарында ұстап отырған аз ғана бүркітші қарттардың бейнесі бар «Қазақтелефильмнің» жалғыз ғана «Тастүлек» деректі фильмі халқымыздың ұлттық рухы, бабалар аманатын аяқсыз қалтырмай, оған қолдау көрсетуді мақсат тұтқан біздерге 2005 жылы «Қыран Федерациясы» қоғамдық қорын» құруға себеп болды. Бабалар мұрасын жалғастырып, қазақтың құсбегілік тарихын түгендеуге қолдан келгенше атсалысып келеміз.
Ұларбек Нұрғалымұлы, ақын: Бүркіт пен бүркітшінің жаны бір
Қыран құсқа байланысты сөздер өте көп. Бесінші-алтыншы сыныпта оқып жүрген кезімде Болатбек деген әдебиет мұғалімім: «Алса – бүркіт, алмаса – лау мінген шүршіт» деген сөзді әкеңнен сұрашы деген. Бұл күрделі сөз шынын айтқан кезде. Лау деген Шыңғыс ханның тұсында шетелден келген елшілер көліктерін сыртқа тастап, ішке Шыңғыс ханның көлігімен келетін болған. Соны лау деп атайды. Шүршіттер, яғни қытайлар соның үстінде қоқиып отырады екен. Олар арбамен жүреді ғой. Шыңғыс ханның атына мінген кезде шошайып отырады екен. Өйткені атқа дұрыс мініп үйренбеген, тақымы қалыптаспаған. Сонда «түлкі алса – бүркіт» екен да, ал «түлкі алмаса – кешке дейін қолына шошайтып қондырып жүрген шүршіт» деген сөз екен. Осы секілді сөздердің мағынасы өте көп. Біздің томаға тұйық деген сөздің өзі бүркіттің томағасынан шыққан деген секілді түсінік бар.
Босағада бесікте жатқанда бүркіттің шаңқылын естіп өстік. Бүркіт деген адаммен етене боп кететін құс. Әкемнің сыртта жүргенін аттан түскен кезде аяқ дыбысынан білетін бір үн шығармаса да. Осылай, қазақ баласын құсбегілікке баулитын үйірмелер ашуға болады, әрине, әрекет жасау керек. Бірақ өте қиын. Оған деген махаббат, оған деген бір ерекше тазалық керек адамға. Бұл, жалпы, құсты, бүркітті ұстаудың өзінің философиясы, былайша айтқан кезде, адам жерде жүреді, ұшқысы келеді, ұшып барып бір жерге бірдеңені ілгісі келеді, аспанда қалықтағысы келеді. Ал бүркітті ұстағанда ол адамның жаныменен бірігеді. Адамның жанында кәдімгідей өзінің бір бөлшегі, бір ағзасы ұқсап кетеді. Түлкіге жіберіп, оны ұстаған кезде сол ағзасынан өзінің жанының бір бөлшегі ұшып шыққандай рахатқа бөленеді. Абай атамыздың «Бір қызық ісім екен сұм жалғанда» деп айтатыны сол ғой.
Бүркітке қызығушылар көп болады. Бірақ кейде бүркіттің қыңыр мінезіне мінезі сай келмейтін адамдар болады. Бір күні бір кісіге әкем бүркіт берген. Ол аң ұстамай, шекшиіп жем жемегенде, білегін қысқан кезде әлгі кісі топшыдан қағып қалған болса керек ұрып. Оған бүркіт қырсығып қалады. Одан ары тамақ жемейді, оған ашуланып, быт-шыт болады. Сөйтіп бүркітін бұзып алады. Содан кейін, менің әкем барып «мынаны ұрыпсың ғой» деген кезде, басында қорқып, «жо-жоқ» деген. «Жоқ, мен білем ұрған бүркіт қалай болады, өштескен бүркіт қалай болады» дегеннің бәрін айтқан кезде мойындады. Содан кейін соны күн-түн демей жаңағы шалға топшысынан, қанатынан, арқасынан, желкесінен, басынан сипатып отырып, бір күн, бір түн қасында болып, әрең көндірген.
Балапанды баулыған кезде балапанының астына бүркіт жұмсақ нәрсе салмайды. Қатты қарағайдың бұтақтарын салады. Балапан кішкене жатады да, аяғына, шынтағына батқаннан кейін қайта тұрады. Сөйтіп отырып буынын бекітеді. Жұмсақ болса жата беріп, сарбуын болып қалады. Қазақтың «балаңды аясаң аяма» деген сөзі содан шыққан ғой.
Бекен Қайратұлы, жазушы Шын бүркіт шырғаға түспейді
Кезінде осы даладан өткен Марко Полоның «Әрбір үйде бүркіт тұрады» деген жазбасы бар. «Марко Полоның осы жазбасының негізінде мен көк туға бүркітті бейнеледім» деп Шәкен Ниязбеков ақсақал айтушы еді. Ал еуропалық саяхатшы Рубрук «көшпенділер аңшы құстарды көп ұстайды» деп жазған. Демек, қазақ даласы бүркітшіліктің нағыз отаны екендігінде сөз жоқ. Жалпы мына әрбір халықтың әлемге қосқан үлесі болса, қазақ халқының қосқан үлесі – бүркітшілігі. Қазақ бүркітті қолына ерте кезден қондырғаны туралы археологиялық деректер бар. Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан б.з.д ІІ-І ғасырға жататын Аралтөбе деген қорған бар. Қателеспесем, осыған 1999 жылы археологтар қазба жұмыстарын жүргізді. Сонда екі бүркіттің патшамен жерленген сүйегі табылды. Сол сияқты Шілікті қорғанында басы артына қайырылған шеңгелі, көзі перизат тастармен көркемделген, 36 қыран құстың құйма жапсырмасы табылды.
Қазақ халқы өзінің тұрмыстық жырлардағы, тұрмыстық әдебиетіндегі кейіпкерлерді негізінен тұрмыста қолында бар нәрселердің образдарымен жасайды. Қазақтың қолында бар тұрмыстық құндылықтар – жылқы және бүркіт. Былайша айтқанда, атбегілік және құсбегілік өнерінің жиынтық образының кейіпкерлері бұл екі дүние. Сондықтан қазақ «мінгенім астымдағы қырагер ат», «мінгенім астымдағы ұзын құла ат, Қобданың екі жағы малға суат» дейді. «Бір бала» деген өлеңде «бала бүркіт түлкіден аянбайды» дейді. Бала, ол – аңғал. Алғаш құсқа түскенде оның жүрегі, тұяғы, былайша айтқанда, есептеп үлгермей қалады жауын. Сондықтан ол ешқашан аянбайды. Осылай жас балалардың, жас жігіттердің бекемдігін, жаудан аянбайтындығын, ел қорғау жолында жан беріп, жан алысатын қайраткерлігін сипаттап отыр деп түсінуге болады.
Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» кітабының бірінші томының бірінші жолында Бату ханның ойнап жүрген өз ұлын аспандағы бүркіт шүйіліп келіп, іліп алып кетеді. Сонда әлемді тітіркендіріп отырған патша, жарты әлемді жаулап алған қаған, түкірігінен қан, қақырығынан зәр түсіп отырған адамның бір бүркітке шамасы келмей қалады. Қыран-бүркіттің мықтылығы, теңдестігі, қарапайым тірлікке бой бере бермейтін, оның сыймайтын ерлігі осылай сипатталады.
Біздің жақта «Мен бір жүрген Алтайдың мұзбалағы» деген сияқты сөздер айтыстарда жиі айтылады. Алтайдың мұзбалағы деген бүркіттің ішіндегі ең мықтысы. Тауда туады, тауда өседі, қыран болады. Еске түсіп отыр, өткен ғасырдың 40-50 жылдары Ақтан Бабиұлы деген халық ақыны болған. Сол кісі «Бүркіт» деген үлкен поэма жазған. Дастан Моңғолияда жазылған. Дастанды классикалық моңғол ақындары аударып, дастан моңғол тілінде жарық көрді. Сөйтіп, 60-жылдары моңғол тіліндегі ең мықты дастан ретінде танылып, орта мектептің оқулығына кірген. Орта мектептің оқулығы деген – бүкіл халық оқиды деген сөз ғой. Осылайша, «Бүркіт» дастаны үлкен моңғол жұрты жатқа оқитын әдеби нұсқаға айналды. Көркемділігі соншалық, 60-жылдары моңғол радиосынан беріп тұратын.
Дастанда халықтың этно тұрмысы айтылады. Бүркітті ұстағаны, оның түрлері, қайтіп қажеттенгені жырланады. Дастанда қазіргі жастар бүркіт пен тоғысайды айырмайды дейді. Біз бүркіт деп айта саламыз бәрін. Бүркіттің түр-түрлері бар. Шалмайтын бүркіт бар, шалатын бүркіт бар. Тоғысай бүркіттен аумайды, бірақ ол түлкі ала алмайды, тышқан қуады. Қуарық деген құс бар. Бүркіттен еш айырмашылығы жоқ, тіпті айыру мүмкін емес. Ол шырғаға жақсы, бірақ жәнтік ала алмайды. Қазіргі таңда, біздің бүркітшілер сайыс өткізеді. Олар түлкі алмайды, шырғаға түсіреді. «Жаман бүркіт шырғашыл» деген. Шырғаға нашар бүркіт түседі. Қарақұс, қуарық, тоғысайларды бүркіт деп салып жүр қазіргі адамдар. Біріншіден, бұны айырмайды. Екіншіден, шын бүркіт шырғаға түспейді.
Қазіргі заманда бүркітпен аң ауламайды. Еуропалық стандарт бойынша, бүркітпен аң аулауды халықаралық деңгейде тыйып тастаған. Бұл жан-жануарды қорлау боп есептеледі. Сондықтан шырға дегеніміз – түлкі емес, түлкінің терісі ғой. Ескі дәстүрімізді ұмытпау үшін, түлкінің терісін сүйретіп, өтірікті өркендетіп жатқан жайымыз бар.
Қазіргі таңда өлікпен суретке түсу мақтан ғана. Бұрынғы қазақ аңды жатқан жерінде атпайды. Ысқырып, тұрғызып, үркітіп барып атады. Сол кезде әділ болады. Аң қашады, сен қуасың. Жұрттың да әділдігі, аңның да әділдігі. Екіншіден, қазақ аңды күзде аулайды. Көктемде туар кезде ауламайды. Өйткені олардың күйікке түсетін кезі. Сосын буаз аңдарды атпайды. «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырында Қарабай деген бай Сарыбайға буаз маралды аттырып, малдың киесі тиіп, Сарыбай шалқалап барып өледі.
Дайындаған Нұрмұхаммед Райымбек