Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:00, 11 Маусым 2024

Қылмысы көп, жазасы жоқ Мексика

Мексика
Фото: pmzh.pro

Мексика тарихында тұңғыш рет әйел адам президент боп сайланды. Клаудия Шейнбаумның жеңгені туралы ақпарат шыға сала екі сағаттан соң Котиха қаласының мэрі (әкімі – ред.), тағы бір әйел саясаткер Илонда Санчесті біреулер өлтіріп кетті. 2024 жылғы сайлау кампаниясы кезінде Мексикада барлығы 36 кандидат қастандық құрбаны болған. 

Мексикада 100 миллион адам 2 маусым күні дауыс беру жәшігіне уыстап бюллетень салды. Әрбір адамға бір емес, кемі он шақты бюллетень берілген. Жо-жоқ, елдің бәрі жаппай дауыс ұрлаумен айналысып кетпеді, ондай бөтен ойдан аулақ болыңыз. Мұндай көріністің бір ғана басты себебі – президент, парламент, Мехико қаласының мэрі мен сегіз штаттың губернаторлары, жергілікті әкімдер, жалпы жиыны 20 мың лауазымға адам таңдау. Мексика заңына сәйкес елдегі шенеунік біткеннің көбі алты жыл сайын бір сайлаумен анықталады. Үш жыл сайын өтетін аралық сайлаудың дәрежесі бұдан әлдеқайда төмен.

Ел президенті лауазымына сүзгіден өтіп, ең соңында үш адам таласты. Оның бірі еркек Сакатекас Хорхе Альварес. Үшеудің ішіндегі ең елеусізі, үмітсізі еді ол. Екі әйелден оңбай жеңілді.

Ал басты екі кандидат – әйел болды. Екеуі түйдей құрдас – 61 жаста. Бірі – кәсіпкер әрі саясаткер, 2018-2023 жылдары Мексика конгресінің сенаторы болған Ксочитль Гальвес. Ол «Күш пен жүрек Мексика үшін» атты оппозициялық коалиция атынан ұсынылған. Елдегі есірткі саудасына қарсы күресте АҚШ-тың көмегі аса маңызды деп есептейтін саясаткер. Сайлау қорытындысына қарағанда ол шамамен 30 пайыз дауыс алды. 

Гальвестің қарсыласы «Ұлттық жаңару қозғалысы» (Morena) партиясының мүшесі, президент Андрес Лопес Обрадордың жақтасы Клаудия Шейнбаум еді. Ол 2007 жылы климаттың өзгерісіне қарсы күреске байланысты бір топ ғалыммен бірге Нобель сыйлығын алған. 2018 жылдан бері ел астанасы Мехиконың мэрі боп отырды. Шейнбаум сайлауалды кампаниясы кезінде Мексикада адамға қастандық жасау фактілерін азайтуға уәде берген. Осы уәде шешуші рөл атқарды ма, сайлау нәтижесінде ол 60 пайыз дауыс алып, жеңіске жетті. Алдағы алты жыл пәле-жаладан, қастандықтан аман болса Мексиканы Клаудия Шейнбаум басқарады.

Шейнбаум жеңісін тойлауға енді кіріскен сәтте елдің оңтүстік-батысындағы кіп-кішкентай Котиха қаласында мэр Илонда Санчес оққа ұшты. Әйел оқиға орнында жан тапсырған. Тұрғын саны 15 мыңға әрең жететін кішкентай қаланың мэрі қызметіне Санчес 2021 жылы кіріскен. 2023 жылы оны белгісіз біреулер кепілге ұстап әкеткен. Кейін босап шыққан мэр қылмыскерлердің қала қауіпсіздігін полицияда өздеріне бағынышты адамдардың қолына тапсыруды талап еткенін айтқан. Бұл оқиғадан соң Санчес қала тыныштығын қорғау үшін әскерилердің көмегіне жүгініп, өзі мен отбасы мүшелері оққағарсыз жүрмейтін күйге жеткен. 

АҚШ-тың оңтүстіктегі алып көршісі Мексика әлемде қылмыс өте көп істелетін, ең қауіпті елдердің бірі. Дүниеге – есірткі саудасымен танымал ел. Әртүрлі қылмыстық топтар күн сайын бірімен-бірі атысып, адам көп өлетін мемлекет. Жыл сайын елдің 30 мыңға жуық азаматы қастандықтан көз жұмады. 2020 жылы көрсеткіш 36 мыңға жетіп, рекорд орнатқан. Құрбандар ішінде қарапайым тұрғындардан бастап қылмыстық топ мүшелері, саясаткерлер де көп. BBC агенттігінің жазуынша, 2024 жылғы сайлау қарсаңында жергілікті жерлерде әртүрлі лауазымға кандидат кемі 129 саяси қастандық оқиғасы болып, 36 адам (Reuters агенттігі есебінше 37) өлім құшқан. Мәселен, сайлауға үш күн қалғанда, 29 мамыр күні Мексиканың Кюка-де-Бенитес қаласы мэрі лауазымына кандидаттардың бірі Хосе Баррьентосты үгіт-насихат жасап жүрген жерінен атып кеткен. Белгісіз біреу сайлаушылардың ортасында тұрған кандидатты дәл желкеден атқан. 

2018 жылы Кармен Ортистің Мексикадағы Апасео-эль-Альто қаласының мэрі сайлауына түсіп жатқан күйеуін біреулер атып өлтірген. Бұл оқиғадан соң әйел саясатқа белсене араласып, 2021 жылы сол қаланың басшысы боп сайланған. «Қорқыныштың екі түрі болады – біреуі қол-аяғыңды байлап, тырп еткізбейді, екіншісі алға қарай қадам басуға итермелейді» деген еді ол жеңіс күнгі сөзінде. Бірақ саяси өлім сол бойы азаймады. Бұрын да солай болған, қазір де сол қалпы.
Жаңа сайланған президент осындай қастандықтарға тоқтау салмақ. Алдыңғы президент Андрес Лопес Обрадор де күресіп келді. Обрадорды сайлаған 2018 жыл Мексика тарихында «ең қанды сайлау» боп есте қалған. Кейбір дерек бойынша, алты жыл бұрынғы сайлау науқаны кезінде 130 саясаткер қастандықтан қаза тапқан. Баскесерлердің жартысынан көбі әлі күнге дейін белгісіз. Бірақ жұрт мұндай оқиғалардың артында қылмыстық топтар тұрғанын жақсы біледі. Мексикада қылмыс әлемі елді бақылауға алып отырған көлеңкелі билік. Олармен қарапайым халық та, ресми билік те санасуға мәжбүр. Мәселен, 2023 жылдың соңындағы мына бір оқиға Мексикадағы биліктің әлсіздігі, заңның дұрыс жұмыс істемейтінін және қылмыстық топтардың ықпалы қаншалықты күшті екенін аңғартады. Былтыр, желтоқсан айының 7-сі күні Мексиканың Текскапилья ауылының тұрғындары футбол алаңқайында 10 адамды тепкілеп, таяқтап өлтіреді. Оқиғаны Батыс басылымдарының көбі жазды. Өлгендер жергілікті Familia Michoacana («Михоакана әулеті») қылмыстық тобының мүшелері. Олар бірнеше жылдан бері ауыл халқын «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап келген. Жергілікті халыққа салық салып, тапқан табыстарының бір бөлігін тартып алып отырған. Қарымтасы ретінде тұрғындарды өзге қылмыстық топтардан қорғауға уәде еткен.

Бірақ 2023 жылы ауылда егін жөнді шықпай, түсім аз болып, фермерлер қиын жағдайда қалған. Оны қылмыстық топ адамдары ескергісі келмей, бірді-екілі бас көтергендерін ұрып-соғып, салықты тіпті өсіріп жіберген. Ақыры ауыл адамдары әлгілерді келіссөз үшін футбол алаңына шақырған. Қаруланып келген оннан аса адам біраздан соң мылтық атып, ауылдың бірнеше адамын жаралаған. Бәлкім, өзгелері қашып кетеді деп ойласа керек. Алайда ұзақ жыл езгіден, қоқан-лоқыдан әбден қажыған, мезі болған тұрғындар тас лақтырып, таяқ сермеп, қарсылық танытып, бандылардың быт-шытын шығарған. Сол жанжалда қылмыстық топ жетекшілерінің бірінен және тағы 10 адамнан айырылған. Оқиға орнына көп өтпей полиция келіп, жанжал басылып, артынан тергеу басталған. Екі аптадан соң жергілікті прокуратура «тұрғындар өзін-өзі қорғауға мәжбүр болды» деп, істі тоқтатқан. Ешкім жазаға тартылмаған.

Халықаралық зерттеуші БАҚ-тың (мәселен, InSight Crime басылымы) жазуынша қылмыстың басым көбі Мексиканың бес штатында жасалады. Чьяпас, Гуерреро, Микоакан, Оаксака және Веракурз штаттары саяси қастандық жиі болатын өңірлер. Мысалы, журналистердің зерттеуінше, Мексика мен Гуатемала шекарасы орналасқан Чьяпас штатында қылмыстық топтардың билігі үстем. Олардың үстемдігіне қауіп төндіретін кез келген саясаткер міндетті түрде «сынады». Сынбаса өлтіріледі. Ол жерде әскер де, полиция да есірткі тасымалын кәсіп қылған қылмыскерлерге төтеп бере алмайды. Үкімет сәл қаттырақ қысым жасап, рейдтер жүргізе бастаса қылмыстық топтар қарапайым адамдарды кепілге алып, бопса жасайды. БҰҰ дерегі бойынша, Мексикада жыл сайын 20 мыңнан аса адам жоғалып кетеді. Оның жартысынан көбі 17 жасқа енді толған қыздар. Қылмыстық топтар кейде қыздардың ата-аналарынан ақша бопсалайды, алайда көп жағдайда оларды жезөкшелікке салады, сатады. Өлі табылатындары да көп.
Мексика тарихында қара таңбалы күндердің бірі ретінде аталатын 1994 жылдың 23 наурызындағы оқиғаның да нүктесі әлі қойылмаған. Билікке кім келсе де сол күнгі қазаның шындығын ашуға уәде береді. Өйткені әне-міне президент болуға шақ қалған кандидат, алдын ала сауалнамалар нәтижесі бойынша өзгелерден оқ бойы озық тұрған Луис Дональд Колосионы көпшіліктің көзінше екі рет атып, мерт қылған оқиға Мексиканы ғана емес, тұтас әлемді дүр сілкіндірген. Атқандар, тапсырысты орындағандар ұсталып, жауапқа тартылса да «мемлекетті тығырықтан құтқарушы» көретін саясаткердің өлімінен жұрт әлі күнге дейін әртүрлі астар көреді. Әсіресе сайлау сынды саяси науқан кезінде бұл тақырып қызу талқыланып, әрбір кандидаттың үгіт-насихатында жиі айтылады.

2020 жылы Чьяпас штатының 200 мыңдай халқы бар Окосинго қаласында балабақшада ойнатылған лотереядан бір ауланың 30 шақты шаңырағы 1 миллион доллар ұтып алады. Ол ақшаның біраз бөлігін тұрғындар сол балабақшаны жөндеуге, тағы біразын жаңа мектеп салуға жұмсамаққа уағдаласады. Бірақ араға тағы да қылмыстық топтар түседі. Los Petules қылмыстық тобы қаражаттың көбін алуға ниетті екенін аңғартып, қарапайым тұрғындарды қыспаққа алады. Тіпті бір адамын атып та кетеді. Ондаған шаңырақ зар жылап үкіметке, президентке, құзырлы органның бәріне арызданады. Қайран жоқ. Ешкім оларға араша түспейді. Ақыры қысым мен бопсаға шыдамаған тұрғындар үдере көшіп, елдің өзге өңіріне, кейбірі көрші АҚШ-қа жер аударады.

Алайда жаһанға адам құқығы туралы ақыл айтып үйренген Вашингтон іргелес Мексикаға келгенде дымы құриды. 130 миллион халқы бар, алып мемлекетті «тәрбиелеу» оңай емесі түсінікті. Тіпті өзіне қауіп. Күн сайын шекарадан ондаған мың мигрантты заңсыз өткізіп, пайда тауып отырған топтарға екі елдің билігі де тосқауыл қоя алмайды. Сондықтан да өз елінен қашу себебі түсініксіз, құжатсыз нөпір халықты бас-көз жоқ қабылдай беру «мемлекеттің тұрақтылығына қатер» деп білетін АҚШ жұртының жартысы, әсіресе республикашылдар тарабы екі елдің ортасына алып қабырға, қажет болса Қытай қорғанындай биік дуал орнатып тастауға бейіл. АҚШ-тың негізін қалаған мигранттар екенін ұмытпауға шақыратын демократтар шекараны тарс жабуға қарсы. 

Айгүл Баба

Тегтер: