Қылмысқа - жаза

Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкентте биыл тіркелген қылмыстардың саны айтарлықтай азайған. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысында айтылды.
Жиында құқық бұзушылықты алдын алу және осы бағыттағы өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ қала аумағында жол-көлік оқиғаларын азайту, кәмелетке толмағандар арасында қылмыспен күрес шаралары баяндалды.
Соңғы 9 айда үшінші мегаполисте қылмыстық құқықбұзушылық саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34,3%-ға азайғаны байқалады. Онша ауыр емес қылмыстар 38%, ауырлығы орташа қылмыстар 29,5%, ауыр қылмыстар 42,6% төмендеген.
Мегаполисте жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында кешенді жұмыстар жалғасуда. Қазір қала аумағында 16 мың жол белгісі бар. Биыл 520 жол белгісі қайта қалпына келтіріліп, 3 мыңнан астамы жаңадан орнатылды. Келесі жылы тағы 6 мың жол белгісін қою жоспарлануда.
Басқосуда құқық қорғау органы өкілдері келеңсіздік жиі болатын орындар мен уақыттарды, жасалу себептерін талдап, тиісті ұсыныстарын жеткізді. Құқықбұзушылықтар көбінесе жұма, сенбі, жексенбі күндері кешкі мезгілде тамақтану, ойын-сауық орындарында тіркеледі.
Шымкенте бүгінде тәулік бойы жұмыс істейтін 164 ойын-сауық орны анықталған. Осыны ескерген полиция өкілдері жергілікті деңгейде ойын-сауық мекемелерінің уақытын айқындауды ұсынып отыр. Қала әкімі мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін құқықбұзушылықпен күресте күш біріктіріп, қылмыстың жолын кесуде кешенді шараларды тиімді пайдалануға шақырды.
«Құқықбұзушылықты алдын алу мақсатында тамақтану орындары мен ойын-сауық орталықтарының жұмыс уақытын шектеуді заң шеңберінде қарастырамыз. Бұл ретте Астана қаласының тәжірибесін енгізу де тиімді деп ойлаймын. Қатаң тәртіп болған жағдайда ғана заңсыздықтарды жоямыз. Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтуда жол ережелерін ескермейтін көлік жүргізушілерімен де жұмысты күшейту қажет. Қылмысқа жол беретін барлық жағдайға тосқауыл қойып, тиісті шараларды күшейтуде бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», – деді қала әкімі. Кеңейтілген отырыста құқықбұзушылықтардың жолын кесетін тиімді ұсыныстар талқыланып, алдағы жоспарлар бекітілді.
Жалпы биыл Шымкентте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына баса көңіл бөлінуде. Президен жақында өткен республикалық педагогтар съезінде сөйлеген сөзінде білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуы секілді келеңсіздікті түбірімен жою керектігін атап өтті.
Осы мақсатта Шымкент қалалық жастар-ресурстық орталығында қалалық полиция департаментінің бастығы Думан Таевтың бастамасымен кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті.
Жиналысқа қаладағы 195 оқу орнының басшылары, әкімнің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қалалық мәслихат депутаттары Ерғали Білісбеков пен Мұрат Жолдыхожаев, сондай-ақ білім басқармасының, цифрландыру басқармасының, прокуратураның басшылығы, полиция қызметкерлері мен күзет агенттіктерінің өкілдері қатысты.
Кездесуде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға қатысты жасалған құқық бұзушылықтардың жолын кесу мәселелері талқыланды.
Мегаполистің бас полицейінің айтуынша, қаладағы білім беру мекемелеріне 325 қызметкер бекітілген, оның ішінде ювеналды полицейлер, учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдер бар. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін осы ғимараттарда 2618 бейнебақылау камерасы орнатылған. Барлық мектептер полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған.
Думан Ашкенұлы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық статистикасына да тоқталды. Айта кетейік, бүгінгі таңда Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 442-бабы бойынша көшеде түнгі уақытта көше кезген кәмелетке толмағандардың 5 мыңнан астам заңды өкілі жауапкершілікке тартылған.
Полиция генерал-майоры оқушылармен, колледж студенттерімен және ата-аналармен құқықтық сауаттылығын арттыру үшін түсіндіру іс-шараларын өткізудің маңыздылығын ескертті. Тәртіп сақшылары ағымдағы жылы оқушылар үшін үш жүзден астам профилактикалық сабақ өткізгенін де атап өтті.
Шымкент қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, жуырда учаскелік инспекторлар түнгі рейд кезінде көңіл көтеру орындары мен тойханаларда даяшы болып жұмыс істейтін 27 жасөспірімді анықтаған. Олар аталған мекемелерде демалыс күндері қызмет көрсеткен.
Тәртіп сақшылары заң бұзушылыққа жол берген кәсіпкерлерге қатысты хаттама толтырды. Ал баласын түнгі уақытта бақылаусыз қалдырған ата-аналарға айыппұл салынды. Сондай-ақ ата-анасының бақылауынсыз жүрген 3 жасөспірім кәмелетке толмағандарды уақытша бейімдеу орталығына орналастырылды.
М.СӘУЛЕБЕК
Шымкент қаласы