Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:47

Ким Чен Ын КХДР-да жасанды интеллектіні дамытуға тапсырма берді

Ким Чен Ын мен дрон
Фото: ЖИ

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) жаңа сынақтарын бақылап, елде жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын жедел дамытуға пәрмен берді.

Бұл туралы 19 қыркүйекте AFP агенттігі Солтүстік Кореяның мемлекеттік БАҚ-тарына сілтеме жасап хабарлады.

Кореяның орталық ақпарат агенттігі жариялаған кадрларда соққы беретін дронның әуеге көтеріліп, нысананы жойған сәті көрсетілген. Ким Чен Ын сынақ нәтижесіне ризашылық білдіріп, «дрондар қазіргі заманғы соғыс жүргізудің маңызды құралына айналды, сондықтан оларды Қарулы күштерді жаңғыртудың басты міндеті ретінде дамыту қажет» деп мәлімдеді.

Ол сондай-ақ дрон өндірісін кеңейтуге және «жақында енгізілген жасанды интеллект технологиясын тездетіп дамытуға күш салуға» тапсырма берген.

Ресеймен ынтымақтастық

AFP деректеріне сәйкес, Солтүстік Корея алғашқы соққы беретін дрондарын өткен жылы таныстырған. Сарапшылардың пікірінше, бұл салада Пхеньян Мәскеудің қолдауына сүйенуі мүмкін.

Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғаннан кейін КХДР мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық айтарлықтай нығайды. Солтүстік Корея Ресейге қару-жарақ қана емес, сонымен бірге әскери контингент те берген.

Сонымен қатар бірқатар шетелдік БАҚ КХДР Ресейден атом сүңгуір қайық технологиясын алғанын жазды.

Жапония мен Оңтүстік Кореяның басты қауіптерінің бірі болып саналатын КХДР өз теңіз күшін күшейту мақсатында Ресейден ядролық реактор алған.

Korea JoongAng Daily газетінің 17 қыркүйектегі хабарлауынша, 2025 жылдың алғашқы жартысында Ресей Солтүстік Кореяға атом сүңгуір қайықтарына арналған екі-үш модуль, соның ішінде реактор жеткізген. Сондай-ақ турбина мен салқындатқыш жүйелерді қамтитын өзге компоненттер де берілген. Бұл бөлшектер жаңа өндіріс емес, пайдаланудан шығарылған ресейлік атом сүңгуір қайықтарынан алынғаны айтылды.

Әскери-теңіз флотын күшейту мақсаты

Пхеньян ядролық және зымыран бағдарламаларынан бөлек, басқарылатын зымырандарға ие атом сүңгуір қайық және су сыйымдылығы 5 мың тоннаға жететін екі эсминец салу арқылы флотын кеңейтуде. Бұл – аймақтағы әскери-теңіз күштері басым АҚШ пен Оңтүстік Кореяға қарсы тұру үшін жасалып отырған қадам.