Ким Чен Ын КХДР-ды «өзгертуге» уәде берді
Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын елдің 20 өңірінде жаңа жобаларды іске қосу арқылы КХДР-ды «өзгертуге» уәде берді.
Бұл туралы 30 қаңтар күні мемлекеттік Кореяның орталық телеграф агенттігі (KCNA) хабарлады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, жоспар медициналық мекемелер, ойын-сауық кешендері мен өнеркәсіп нысандарын салуды қамтиды. AFP агенттігінің нақтылауынша, өзгерістер ел аумағының үштен бірінен астам бөлігінде жүзеге асырылмақ.
Ким Чен Ын КХДР-дың оңтүстік-батысындағы Хванхэ-Намдо провинциясында құрылыс жобасының басталуына ресми түрде старт берді.
«Бүкіл ел бойынша қалалар мен аудандардың шамамен үштен бірі өзгереді», — деді солтүстіккореялық лидер.
Мемлекеттік БАҚ таратқан кадрларда Ким Чен Ынның өзге де лауазымды тұлғалармен бірге жер қазып жатқан сәті, ал айналасында жиналған жұрттың қол соғып, Солтүстік Корея жалауларын бұлғап тұрғаны көрінеді.
Бұған дейін KCNA 28 қаңтарда биліктегі Кореяның Еңбек партиясы орталық комитетінің отырысы өткенін, онда партияның IX съезіне баратын делегаттар сайланғанын хабарлаған. AFP мәліметінше, бұл съезд соңғы бес жылда алғаш рет өткелі отыр, алайда нақты күні әлі жарияланған жоқ.
Солтүстік Корея билігі елді «социалистік ертегіге» айналдыру жоспарлары туралы мәлімдемелерді жүйелі түрде жасап келеді. Мәселен, 2022 жылдың қыркүйегінде партия екі жаңа заң арқылы ауылдық жерлерде түбегейлі өзгерістер жүргізуді көздеген.
Сонымен қатар, КХДР-да экономикалық дағдарыс сақталып отыр. Ол ядролық және зымыран бағдарламаларын дамытуға байланысты енгізілген халықаралық санкциялармен, сондай-ақ бірқатар табиғи апаттардың салдарымен байланысты екені айтылады.