Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:10

Ким Чен Ын Курскідегі шайқасқа қатысқандарды «мемлекет қаһарманы» деп таныды

Ким Чен Ын
Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы Корей Орталық телеграф агенттігі (ЦТАК) хабарлады.

Салтанатты шара Корея еңбек партиясы Орталық комитетінің штаб-пәтерінде өтті. Оған Орталық әскери комитет мүшелері, қорғаныс министрлігінің жетекші командирлері, КХА-ның ірі әскери құрамаларының саяси комиссарлары, сондай-ақ қаза тапқан жауынгерлердің туыстары қатысты. Рәсім КХДР гимнін орындаудан және майданда жанын берген сарбаздарды еске алуға арналған бір минут үнсіздіктен басталды.

Салтанатта Жоғарғы халық жиналысы президиумының жарлығы оқылып, КХДР Батыры атағы мен орден-медальдар тағайындалды. Ким Чен Ын үздік қолбасшылар мен сарбаздарға марапаттарды өз қолымен табыстап, қаза тапқандардың портреттеріне медаль қадады.

Ол олардың жеңісін «әлемдік тарихтағы оқиға» деп сипаттап, бұл КХА-ның рухани әрі идеялық үстемдігін дәлелдегенін жеткізді.

Айта кетейік, 20 тамызда Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Ресейдің Курск облысында Украина Қарулы күштеріне қарсы операцияға қатысқан Корей халық армиясының офицерлерін қабылдаған еді.  Ким Чен Ын «Курск облысын азат ету операциясына қатысқан командирлер мен сарбаздар Отан сенімін аңызға айналған ерліктерімен ақтады» деп мәлімдеді. Ол сарбаздарды мемлекеттік наградалармен марапаттауға уәде берді.

Кимнің айтуынша, Корей халық армиясының Курск облысындағы әскери қимылдары оған «әлемдегі ең мықты армия» атағын бекемдеп берді және «жеңіске жеткізді».

Солтүстік Корея әскерилері Ресейде

2025 жылдың көктемінен бастап Ресей мен Солтүстік Корея әскери ынтымақтастықты күшейте түсті. Сәуір айында Мәскеу де, Пхеньян да Солтүстік Корея сарбаздарының Курск облысындағы шайқастарға қатысқанын ресми түрде мойындаған.

Оңтүстік Корея барлау қызметінің дерегінше, КХДР Ресейге кемінде 11 мың әскери жіберген, олардың 4 мыңнан астамы қаза тапқан немесе жараланған.

Сонымен қатар Батыс пен Оңтүстік Корея барлау деректеріне сәйкес, Пхеньян Ресейге артиллериялық оқ-дәрілер мен зымырандар жеткізіп отыр. Мәскеу бұл қаруларды Украинаға қарсы соққыларда қолданып жатыр. Ал КХДР, өз кезегінде, Ресейден қанатты зымырандарға қатысты техникалық кеңестер алуы мүмкін.

Әскери одақ туралы келісім

2024 жылғы 19 маусымда Владимир Путиннің Пхеньянға сапары барысында Ресей мен Солтүстік Корея стратегиялық әріптестік жөнінде келісімге қол қойған. Құжатқа сәйкес, екі елдің бірі шабуылға ұшыраса, екіншісі әскери көмек көрсетуге міндеттеледі.

2025 жылғы 12 шілдеде Солтүстік Кореяда өткен келіссөзден кейін Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров КХДР әскерилерін Украина аумағына жіберу мүмкіндігін жоққа шығармайтынын меңзеген еді.

Тегтер: