Ким Чен Ынның күзеті Путинмен кездесуден кейін оның қолы тиген жерлерді сүртіп шыққан

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Ресей президенті Владимир Путинмен Пекиндегі кездесуінен кейін оның күзетшілері мемлекет басшысының қолы тиген барлық заттарды сүртіп, пайдаланған стаканын алып кеткен.
Бұл – КХДР-дің шетелдік тыңшылыққа қарсы стандартты протоколы, деп хабарлайды Reuters.
Кремль тілшісі Александр Юнашев Telegram-арнасында жариялаған бейнекадрларда Ким Чен Ынның күзетшілері келіссөз өткен бөлмені мұқият тазалап жатқанын көруге болады.
«Қызметкерлер Кимнің барлық ізін жойды. (...) Путин мен Ким өте риза күйде кабинетті тастап шығып, бейресми жағдайда шай ішуге кетті», – деп жазды ол.
Жеке дәретхана және қоқыс пакеттері
Ким Чен Ын Қытай астанасына жеке брондалған пойызбен келген. Ол сапарға өзімен бірге портативті дәретханасын ала жүретін әдетін сақтаған. Жапонияның Nikkei басылымы Оңтүстік Корея және Жапония барлау қызметтеріне сілтеме жасап, бұл қадам Солтүстік Корея көшбасшысының денсаулығы туралы мәліметтің сыртқы барлауға түспеуі үшін жасалатынын жазды. Мұндай тәжірибе әкесі Ким Чен Ирден бері жалғасып келе жатқанын Stimson Center сарапшысы Майкл Мэдден де растады.
«Арнайы дәретхана мен қоқыс пакеттерінің мақсаты – тіпті достас мемлекеттердің барлау қызметі де биологиялық үлгі алып, талдау жүргізе алмауы үшін», – дейді сарапшы.
Айта кетсек, бұған ұқсас шараларды Ресей президенті Владимир Путиннің командасы да қолданады. Францияның Paris Match газеті жазғандай, оның қызметкерлері шетелдік сапарлар кезінде президенттің қалдықтарын жинап, арнайы чемоданмен Мәскеуге жеткізеді. Бұл – Путиннің денсаулығы туралы ақпараттың сыртқа шықпауына бағытталған сақтық шарасы.
Дезинфекция – кездесудің алдында да, кейін де
Reuters-тің мәліметінше, Ким Чен Ын күзетшілері тек кездесуден соң ғана емес, оның алдында да барлық затты дезинфекциялайды. Мәселен, 2018 жылы Қытайда өткен саммитте олар Ким келер алдында орындық пен үстелді антисептикпен өңдеп шыққан. Ал 2023 жылы Путинмен өткен кездесу кезінде күзетшілер оның отыратын орнын тіпті металл іздегішпен тексерген болатын.