Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:53, 20 Қаңтар 2022

Кім кімді алдады?

None
None

5 қаңтар күні Павлодар облысының 4 мыңға жуық тұрғыны елдегі бейбіт шерулерді қолдау ретінде облыстық әкімдік алдына жиналып өз наразылықтарын білдірді.

Жұртшылық жанар-жағармаймен қатар, азық-түлік, баспана бағаларының да шарықтап кеткеніне наразылық білдірді. Алайда статистикалық деректерде «500-ден астам адам бой көрсетті» деген ақпарат жүр.  Сонда шенеуніктер мен полицейлер кімді алдамақ?

Сәрсенбі күні түс қайта Орталық алаңдағы облыстық әкімдік алдына жұрт жинала бастады. Олардың көздегені біреу – жергілікті биліктің елдегі өзекті мәселелерге назарын аударту еді. Мысалы «JEBE» қоғамдық бірлестігінің өкілдері батыстағы ағайынды қолдайтынын білдірді.

— «Ертіс-Баян өңірінің азаматтары Жаңаөзенде басталған наразылықтар мен талаптарды орынды деп санайды. Бұл – батыстағы ағайынға ғана емес, жалпы қазақ халқына ортақ мұң. Талап тез арада орындалып, жалақы көтеріліп, азық-түлік, жанар-жағармай бағасының түскенін қалаймыз. Бірақ талаптарды қоғамдық тәртіпті бұзбай, заң аясында білдірген жөн деп санаймыз», — деді бір топ азамат.

Бейбіт шеруге жиналғандар алдына бірден Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов пен Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов шықты. Аймақтың басшысы көпшіліктің талап-тілегін тыңдаған соң, оны жаңа үкіметке жеткізуге уәде берді.

— «Батыс өңірінің өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл аймақтарда жеке көліктердің 90 пайыздан астамы газбен жүреді. Ал біздің облыста 400 мыңнан астам көліктің тек 9 мыңы сұйытылған отынды пайдаланады. Сондықтан екі облыстағы жағдайды салыстыруға келмейді. Дегенмен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланған жиын барысында жанар-жағармай мен азық-түлік бағасын реттеуге қатысты міндеттер белгіленді. Соған сәйкес аз уақыт аралығында тиісті шешімдерді қабылдаймыз. Сіздердің талап-тілектеріңізді үкіметке жолдаймыз», — деді Ә.Сқақов.

Сөйтіп қос тарап бір-бірін түсінісіп, бір мәмілеге келгендей болып еді. Алайда кешке қарай митингке шыққандардың бір бөлігі әкімдікке кірер есіктегі шыныны сындырып ішке кірмек болды. Бірақ полиция өкілдерінен құрылған қарсы топ тұрғындарды сыртқа қарай ығыстырып жіберді. Қалқанмен жабылған тәртіп сақшыларына жұрттың бетін қайтаратын шулы гранаталарды қолдануға тура келді. Есесіне халық оларға мұз лақтырды. Ал құқық қорғаушылар көзге түскен белсенділерді ұстап автобустарға отырғыза бастады. Бірақ алаңға шыққандар да қайтқан жоқ. Бүлікшілер жолаушылар автобустарын «тұтқынға» алып, жолаушыларды сыртқа шығарып, полицияның техникаларына тосқауыл болу үшін қоғамдық көліктерді жолдың қақ ортасына қойды. Полицейлер бұл «баррикададан» да өтіп, қарсы шыққан тарапты ары қарай ығыстырды.

Бұл жағдайдан соң Павлодар облысында бірден коменданттық сағат жарияланып 23.00-ден 7.00-ге дейін көшеге шығуға тыйым салынды. Қалаға кіреберісте екі блок-бекет қойылып, облыс орталығына кірмек болғандардың көліктері жіті тексерілді. Азық-түлік, жанар-жағармай, көмір мен дәрі-дәрмекті тасымалдайтын кәсіпкерлерге ғана коменданттық сағатта жүріп-тұру үшін рұқсат қағаздар таратыла бастады. Облыстық әкімдік пен басқа да стратегиялық маңызы бар нысандарды күзетуге арнайы жасақ өкілдері қойылды. Бірақ 5 қаңтардан соң ешқандай бас көтеру болған жоқ. Жағдай тұрақтала бастады. Сәрсенбі күні жабылған ірі сауда орталықтары мен дүкендер қайта ашыла бастады. Ал 12 қаңтар күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқылардың бірі болып Павлодар облысында төтенше жағдай режимін алып тастады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше митингтен соң, 16 адам медициналық көмекке жүгінді. Олардың барлығына амбулаториялық жағдайда ем жасалып үйлеріне қайтарылды.

5 қаңтар күні кешкісін облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үндеу жариялап, әкімдік алдына 500-ден астам адам жиналғанын мәлімдеген болатын. Кейін облыстық полиция департаменті орталық алаңдағы тәртіпсіздіктерден соң, 900-ден астам адамның ұсталғанын хабарлады. Бейбіт шеруге 500 адам қатысса, қалай 900 тұрғын ұсталады?! Жұмбақ.

— «Бейбіт шерулерді ұйымдастыру мен өткізуге қатысты заңнамаларды бұзғаны үшін 909 адам ұсталды. Сот шешімі бойынша 345 тұрғын 15 тәулікке дейін қамауға алынды. 288 адамға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Ал 8 шетелдік азамат еліне қайтарылды. Сондай-ақ коменданттық сағат талаптарын сақтамаған 811 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 349 көлік айыппұл тұрағына қойылды», — деп хабарлады полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.

Айтпақшы демалыс күндері әлеуметтік желілерде қоғамдық тәртіпті сақтай білгеніне қарамастан, бас полицейдің жұмыстан босатылғаны туралы ақпарат тарады. Нұрлан Мәсімовтің жуырда екі айға қамауға алынған ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің жақын туысы екенін еске сала кетейік.

Тегтер: