Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:16, 25 Тамыз 2022

Кімге қарыздармыз?

None
None

Алаш арыстарының исі қазақтың болашағы үшін жасаған жасампаз істері қисапсыз. Сом тұлғалардың арасындағы қазақтың саяси сауаттылық мәдениетін әлемдік деңгейге көтерген «Алашорда» қозғаласының белді мүшесі, біртуар ғалым – Әлімхан Ермеков еді.

«Алаш» париясының екінші жетекшісінің еліне жасаған шоқтығы биік үлесінің бірі – 1920 жылдың 24 тамызында Мәскеуде Ресей большивиктер партиясының көсемі Владимир Лениннің төрағалығымен өткен Кеңес одағының халық комиссарлар кеңесінде «Қазақстан Республикасының жер декреті» туралы жобаны ресми түрде бекітіп, автономиялық республика мәртебесін беруге өлшеусіз үлес қосуы. Бұл кезде ол небәрі 29 жаста еді.

— Республикамыздың ұлан-ғайыр шекарасын шегендеуге қатысты тағдыршешті кеңес талас-тартысқа ұласқан. Одақтық жиынға Ресейдің ғалым қайраткерлері, сарабдал саясаткерлері, марқасқа шенеуніктері қатысқан. Қазақтың байырғы жерін еншісіне қайтаруға байланысты басқосуда баяндаманы «Алашорда» Ұлттық-территориялық автономиясы үкіметі төрағасының орынбасары Әлімхан Ермеков жасайды. Әлекең төрт сағатқа созылған шиеленіске айналған жер аумағын бөлу туралы қарсы сұрақтарға тойтарыспен жауап қайтарып, ақыры, алғаш қазақ даласына қатысты тарихи шешім қабылдатып шығады. Осынау ұлы жеңістің арқасында, 1904 жылы Сенат шешімімен Сібір казактарына уақытша пайлануға берілген Ертістің сол жақ қиырындағы 10 шақырымға дейінгі құнарлы жерлер мен Каспийдің сол жағалауындағы бұғаздар мен түбектерден бастап, «миллиардтық қор» деп аталған Нарын даласынан Астрахань губерниясына дейінгі бабаларымыздың бағзы қоныстары соғыссыз бейбіт жолмен, саясаттың шеберлігімен төл халқымызға қайтарылды. Кеңесте Ресей заманының кіл мықты көшбасшылары Әлімханның орыс тілін ораторлық шеберлікпен меңгергеніне қайран қалған. Ана тілінің  уызына қанып өскен дара талант,  сондай-ақ ағылшын, француз, неміс, итальян тілдеріндегі ғылыми еңбектерді еркін оқып білген – дейді әлімхантанушы, Ақтоғай ауданында ұзақ жыл басшылық қызметте болған Тұңғышбай Мұқанов.

Алаш зиялылары айтқан екен...

Одақ астанасындағы жауапты кеңесте «Алашорда» үкіметінің 15 мүшесі бірі қалмай барады. Баяндамашының уақыт бедерін ұзақ күтіп, алаң көңіл білдірген қайраткерлер: «Апырмай, Әлімхан неге кешігіп жатыр?» – деп тыпыршыған екен. Сол кезде, сабырлы қалпынан таймаған Ахмет Байтұрсынұлы: «Біздің Әлімханмен төрт сағат сөйлесуге жараған Ульяновта мықты екен!» – деп қылжақтап тіл қатыпты. Бұл мәліметті 1992 жылы Алаштың үш арысы – Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаевтың туған өлкесі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында өткен ғылыми конференцияда  «Алаш» қозғалысындағы ниеттесі, рухани сырласы  жазушы Жайық Бектұров дүйім жұрт алдында үздік сыр етіп әңгімеледі. Қаламгердің сөзі күні бүгінге дейін өлкетанушы Тұңғышбай Өміртайұлының  жеке қорындағы таспада сақтаулы.

Қуғынға ұшыраған тағдыр

Әлімхан Ермеков «Алашорда» партиясы мүшелерінің арасында ең ұзақ қыспаққа алынған азамат. Ғұмырының 17 жылы түрмеде өткен. Алмас қылыштай өткір қайраткер 1939 жылы жалған жаламен «халық жауы» атанып, қаралы хабар әкелген 58-бап бойынша бас еркінен айрылады.

— Тұтқында жүрген бір күні Әлімхан жылыну үшін байқаусызда түрме бастығының бөлмесіне еніп кетеді. Сол арада аз уақыт аялдап  қалған сәтінде лагерь басшысы  жазу үстелінде  қауырт  жұмыс істеп отырады.  Оның қағаздағы жазған дүниесіне байқаусызда көзі түсіп кеткен Әлімхан оған: «Сіз қателесіп жазыпсыз...» деп биязы түрде ескерту айтады. Терең білім иесіне көңілі ауған абақты әміршісі  Әлімханды ұзамай 50 кісілік тар қапас ғимараттан жайлы орынға ауыстырып, өзіне орынбасар етіп сайлаған. Әлекең түрмеде жүргенде-ақ, кемеңгерлігімен қара озған. Біле білсек, қыспақта отырған шағында сұңғыла Ермеков «жазасын өтеушілердің айыбын жеңілдету және жазадан босату» жөнінде өтініштерді заңға сәйкестендіріп жазуға ат салысқан. Алаш зиялысы басына бұлт үйірілген тағдырластарын «Сіз, қарғашым» деп аялап тіл қатқан. Оның осынау ерекше қасиеті мен қылығын классик қаламгер Мұхтар Мағауиннің  қуғын-сүргінге ұшыраған аталас туысы Мұқан баяндап кеткен екен, – дейді әсерлі әңгімені сабақтаған Білім беру саласының озық қызметкері, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы  Тұңғышбай Мұқан.

Ермеков пен Құнанбай әулетінің әдемі жалғастығы

Қазақтың мәуелі бәйтерегі іспеттес Ермековтер әулеті жайлы көп дүние кеңес кезеңінде құпия болып келді. Алтын сандықтай ішін ашсаң, көздің жауын алатын інжу-маржанға толы бақ дарыған әулеттің шежіресіне үңілсең, небір жұмбақ жәйттің шешуіне куә боласың. Текті шаңырақтың құпия сыры тәуелсіздіктің таңы атып, ұлтымыздың ақтаңлақтарын ақтау жылдарында мәлім болды. Ғасырға бөгілген ақиқаттың бетін Әлекеңмен жақын араласқан танымал адамдар мен бертінде өмірден озған ағайындары ашып берді. Бақсақ, халқымыздың әйгілі қос шынары – Құнанбай мен Ермек заманында мұраттас, дос болған. Атадан балаға ұласқан сыйластық байланысы Әлімхан мен Абайдың ұлы, Құнанбайдың немересі – Тұрағұлға жалғасқан.Әлімхан зайыбы Рахиламен (Томскіде оқып жүргенде бас қосқан, жоғары білімді дәрігер) Тұрағұлдың ауылына демалысқа барғанда, Әлімханның тұңғышы Мағауия дүниеге келеді. Тұрағұл досының баласына сүйікті ағасы Мағауияның есімін берген. Мағауия Әлімханұлының төлқұжатында Семей облысы, Абай ауылында туғандығы жазылған. Бұл дерек 2022 жылға дейін көзі тірі болған Ермековтердің тікелей ұрпағы Қожанбаев Мәдениеттің «Шығар биігім – Қызыларай, шырқар әнім – Ақтоғай» деген естелік кітапта келтірген.  

Шағын тақырыптың атауын қысқаша тарқатсақ, 1851 жылы Қарқаралыда Құнанбай қажы мешіті ашылатын болады. Абайдың болыс әкесі орыс, ағылшын тілін меңгерген Әлімханның атасы – Ермекке имандылық үйін мұсылманша, діни әдебиеттермен және шетелдің жоғары сапалы жиhаздармен жабдықтауға өтініш білдіреді. Ниеттес жолдасының адалдығы мен зеректігін жоғары бағалаған Құнанбай Меккеге қажылық сапарға аттанғанда жанына Ермекті ерте шығады. Қасиетті мекенге келгенде, Ермек сырқаттанып, Мединенің топырағында жер жастанады.

«Үлкен өзендер үнсіз ағады»

 Әлімхан Әбеуұлы Томскіде оқып жүргенде орыстың озық ойлы зиялыларымен қоян-қолтық араласқан. Біртуар Әлімхан Орталық Азияның этнографиясын зерттеген, фольклоршы Григорий Потанинді Ақтоғай ауданының Қызыларай ауылына ертіп келіп, Едіге батыр жырының толық нұсқасын қағазға түсіруге және қазақ ауыз әдебиетінің 27 ертегісін орысшаға аударуға көмектескен. Тұңғышбай ақсақалдың айтуынша, атақты саяхатшы Потанин Әлімханмен кездескенде: «Мен екінші Шоқанды көргендей әсерге бөлендім» деген екен.

  Қазақ жерін бекемдеуге өлшеусіз үлес қосқан сарабдал саясаткер, еліміздің тұңғыш математик профессоры, қазақ тіліндегі математика терминдері сөздігінің алғашқы авторы, «Алашорда» үкіметінің вице-министрі Әлімхан Әбеуұлы қандай құрметке болса да лайық. Алайда, нар тұлғаны насихаттау шаралары ел көлемінде мүлдем ескерусіз қалған. Ел ордасы – Нұр-Сұлтанда, рухани қала – Алматыда тым құрығанда, сом тұлғаның кескіні бейнеленген ескерткіш те жоқ. Тек, аядай ауылы Ақтоғайда тас мүсіні мен мектеп, көше аты, сондай-ақ Қарқаралыда ескерткіші тұр. Отанына баға жетпес олжа әкелген Әлімханға жер жастанған мекені –Қарағандының қақ төрінде бір ескерткіш бұйырмай келеді. Айтпақшы, Ермеков өмірінің соңғы кезеңіне дейін (1970 жыл) Қарағанды техникалық университетінің профессоры болып қызмет еткен. Көңілге медеу боларлығы, кеншілер қаласында марқасқа мемлекет қайраткеріне көше аты беріліп,  бақиға аттанарға дейін тұрған Абай көшесі 58-үйге есімі жазылған белгі ілінді.

 «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың» деген сөзді бүгінде Әлімханның кіндігінен тараған ұрпағы жаңғырту үстінде. Атасының туған еліне жасаған жасампаз міндетін Әлімханның немересі Алик қияңдағы Германияда жалғастыруда. Неміс елінде кәсіпкерлікпен шұғылданатын Алик Еуропаның мықты мемлекетінде «қазақ балаларын оқыту» жөнінде арнайы қор құрып, ұлтының ұландарын ұлы істерге ұмтылуына сеп тигізіп жүр.

Тегтер: