Кімнің жыны келіп жүр?
Жә, делік. Бәріміз жанталасып жаңа Қазақстан құруға кірістік. Бірақ 21 ғасырдың тәуекелдеріне төтеп беретін, модернизацияланған жаңа мемлекетке өзіміз дайынбыз ба?
Бұ жаңа Қазақстан деген – модернизацияға негізделген парадигма. Ал модернизация ең алдымен менталитеттен басталады.
Ел президентінің өзі айтты. Коррупция, бармақ басты, көз қысты, тамыр-таныстық пен жершілдіктен арылу маңызды екенін. Елімізді дамытпай кері сүйрейтін, мемлекетті іштен ірітіп, халықтың тұрмыс-тіршілігін төмендететін жеті құртымыз – осы. Бірақ Тоқаевтың биылғы бастамалары, жолдауы мен реформаларын әлі түсінбей отырған шенеуніктер бар.
Биыл жазда елдің бұрынғы премьер-министрі Ералы Тоғжанов Солтүстік Қазақстанға барып келген еді. Бірақ Тоғжановтың СҚО сапарын баспасөз тек мақтап, жақсы жағынан жазды. Құмар Ақсақалов өйттім-бүйттім деп мақтанды, бірақ өз жұмысының олқылықтары мен кемшін тұстары туралы жақ ашпай қойды.
Шындығын айтқанда, солтүстік өңірдің жағдайы 90-шы жылдарда қалып қойған. Бұл облыста қазақстандық кен орындарын рейдерлік жолмен күштеп тартып алу тәжірибесі әлі бар. «Беспредел» деген сөз бар еді. СҚО шенеуніктері тура сонымен айналысады.
Өткенде СҚО әкімдігі тау-кен байыту комбинатының жерін сатып жіберді. 430 адам жұмыссыз қалды. «Тиолайн» компаниясының атқарушы директоры Виктор Долгалевтың сөзінше, бұл жер телімін сатуға болмайтын. Ол таулы жер телімі еді. Компанияның лицензиясын ешкім тартып алған жоқ, ол жер телімі «Тиолайн» компаниясының атында тұрған. Бірақ СҚО билігі заң деген дүниеге былш еткізіп түкіре салыпты.
СҚО-ның ауылдары құрып барады
Билікке бағынбайтын тәуелсіз баспасөзден СҚО туралы шын жаңалықты оқысаңыз, көңіл күйіңіз бұзылады. Кейбір ауылдарда 5-10 адам ғана тұрады. Ондай ауылдарды шенділер даму әлеуеті төмен елді мекендер деп атап қойыпты. Тенгриньюс.кз порталы атап өткендей, ол елді мекендер жақын арада жойылады. 2019 жылы СҚО билігі 635 ауылдың 65-ін жоюды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Бұл деген – СҚО-дағы әрбір оныншы ауыл.
Олардың жоспарына пандемия мен соның салдары киілігіп кетті. Үш жылдың ішінде ауылдардың халі одан сайын мүшкілденді. Ауылдарда не демографиялық, не әлеуметтік өсім жоқ. Журналистер жазғандай, ауылдарды жою – қағаз жүзінде ғана жасалады. Ешкімді үйінен көшіріп жатқан жоқ. Ешкім ескі үйлерді танкпен таптап жатқан жоқ. Әлгі елді мекендер қағаз бетінен сызылады, жойылды деген есептерге енеді.
Ал бұл дегеніміз – әлгі ауылда тұратын адамдар тірі елеске айналады. Енді олардың инфрақұрылымын дамытуға қаражат бөлінбейді, енді не жол салынбайды, бар жолдары жөнделмейтін болды. Олар сусыз қалады. Жұмыссыз, дәрігерлік көмексіз қалатын болды. Ауылдан қашудан басқа амалы қалмайтын болды.
СҚО-да 10 адамнан аз тұрғын тұратын 30-дай елді мекен бар. Айыртау ауданында – «Қопа» (8 адам), «Прекрасное» (6 адам). Аққайың ауданындағы «Борки» ауылында 6 адам, «Сенное» деревнясында 4 адам, «Үлгі» деген елді мекенде 2 адам тұрады. Есіл ауданының Алқа елді мекенінде 10 тұрғын тіркелген. Калиновка ауылында 5 адам, Славянка ауылында 1 адам тұрады. Жамбыл ауданының Амангелді ауылында 7 адам жүр. Сауыткөл ауылында 2 адам отыр.
Қалған аудандар бойынша статистика мынадай:
Жағжан Жұмабаев ауданы
Сейфолла — 8 адам,
Камышлово — 8 адам,
Изобильное — 1 адам.
Мамлют ауданы
Орленок — 6 адам.
Ғабит Мүсірепов ауданы
Князевка — 9 адам,
Дубровка — 6 адам,
Привольное — 5 человек,
Мәдениет — 5 адам,
Құйған — 5 адам.
Тайыншы ауданы
Тапшыл — 10 адам,
Теңіз — 7 адам,
Комсомольское — 5 адам,
Сарыбай — 5 адам,
Глубокое — 5 адам,
Трудовое — 4 адам,
Талдыкөл — 3 адам,
Мирное — 1 адам.
Тимирязев ауданы
Северное — 8 адам.
Уәлихан ауданы
Қарамырза — 3 адам.
Шал ақын ауданы
Тельманово — 7 адам.
Осы аталған елді мекендер жойылатындар тізімінде бірінші тұр. 2019 жылы СҚО әкімдігіндегі экономика басқармасының бұрынғы басшысы Арсен Қазбеков атап өткендей, солтүстіктегі 408 ауылды басымдық берілетін ауылдар қатарына жатқызуға болатынын атап өткен. Дамудың орташа әлеуеті бар деп 297 ауыл белгіленген. Қалған ауылдарда дамудың көрсеткіштері төмен дейді. Ол ауылдарда тұрғын саны 50 адамға жетпейді.
Петропавловск.news порталы жазғандай, СҚО-да 2022 жылға қарай болашағы жоқ ауылдар саны 120-ға жеткен. Билік ол ауылдарға ақша жұмсаудың қажеті жоқ деп отыр. Бір кездері дүркіреп отырған Коваль селосында небәрі 12 үй қалған. Халқы тақыр кедей. Не мектеп, не аурухана, не кітапхана, дәріхана түгілі дүкен жоқ ол жерде.
Ауылда қалған тұрғындар СҚО шенеуніктерінен көмек сұрайды. 76 жастағы Раиса Кочеткова жылап отыр. Бір кездері жайнап тұрған Коваль селомыз көз алдымда құрып барады деп.
Ауыл халқы дәрігерлік көмектің жоқтығына, балаға білім беретін мектептің жоқтығына шағымданады. Сапалы ауыз су жоқ. Көрші ауылға суды тасып жеткізіп отыр, ал біздің ауылға су бермейміз дейді. Өзеннің лас суын ішуге болмаса да ішіп отыр.
— Жазда көрші ауылдың адамдары біздің өзенге келіп, суға шомылады. Сол суды біз ішеміз. Ауылда адам тұрмасын деп әдейі істеп отыр. Дүкен жоқ, дәріхана жоқ. Дәрігер жоқ. Түк жоқ, – дейді село тұрғыны Раиса Кочеткова.
Бір кездері ауылда әжептеуір халық тұрған. Қазір бәрі көшіп кетті. Тек туған жерін тастағысы келмейтін бірен-саран адам қалды.
— Қиын болса да тұрып жатырмыз. Бұрын әйтеуір жұмыс болатын, қазір ол да жоқ. Азғантай зейнетақы аламыз. Мал ұстаймыз. Бізде 3 сиыр, жылқы мен 20 қойымыз бар, – дейді Коваль ауылының тұрғыны Людмила Денисова.
Ауыл адамдары қорасындағы шөбі мен қолындағы малына ғана қарап отыр. Ал
Құмар Ақсақалов айтатындай, СҚО-да бәрі керемет болса, бұл қалай? Тенгриньюс.кз порталына берген бір сұхбатында әкім Ақсақалов өңірдің әрбір тұрғынына қалтқысыз қызмет етемін депті. Әкімдік өңір тұрғындарының мәселесімен дұрыстап танысып, бәріне көмектесуге тырысады дейді. Өтірігіңе береке бергір-ау, онда неге әкімдік тау-кен байыту комбинатының мәселесі мен құрдымға кетіп бара жатқан ауылдардың жайына назар аудармайды? Түсінбедік.