«Қинамайды абақтыға жапқаны...»
Бес рет тұтқындалып, екі рет айдауға түсіп, екі рет өлім жазасына кесілген Ахмет Байтұрсынұлының өмірін арқау еткен «Соңғы үкім» деген көркем фильм түсірілген еді.
Осы «соңғы үкім» тұжырымының Алаш арыстарына қатысты дәл келетінін бұрын байқай қоймаған шығармыз. Неше рет тұтқындалып, неше мәрте жазаға кесілген арыстарымызға шығарылған соңғы үкім ешқайсына арзанға түспепті. Тұтас өмірлеріне татыған ауыр үкімдер екен.
Оқырмандарымызға «Соңғы үкім» деген жаңа айдар ұсынғымыз келеді. Онда репрессияға ұшыраған қайраткерлердің қуғынға ұшырауларына себеп болған бұйрықтар мен шешімдер, тарихи оқиғалар, маңыздысы – өлімге кесілген соңғы үкім мәні баяндалмақ. Тұтас өмірін қамтымай, қажытқан, қартайтқан, сорлатқан жылдарына шағын шолу жасамақ ниетіміз бар.
Бұл жағынан келгенде біз жеке тұлғаларымыздың өмірін, шығармашылығын зерттеген ғалымдарымыздың деректеріне, пайым, тұжырымдарына сүйенбекпіз.
Алғашқы сөз, әрине, Ахмет Байтұрсынұлына...
***
Алашорда қайраткерлерінің ақсақалы болған екі Ахаң бар. Бірі – Бірімжанов, екіншісі – Байтұрсынұлы. Екеуінің арасы бір-ақ жас. Әлихан, Міржақып, Ахметтер (Байтұрсынұлы) Бірімжанов ақсақалды «Ахаң» деп ерекше құрметтеп, қадірлеген. Осы Ахаңдардың ішіндегі Байтұрсынұлының біздің тарихымызда алар орны бөлек еді. Тіл, әдебиет, ағарту ісін айтпағанда, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласты.
1905 жылы Ахмет Байтұрсынұлы Қарқаралыдағы орыс-қазақ училищесінде оқытушы болып қызмет етіп жүрген еді. Сол жылы Орыс революциясы болып, патшаның «Бостандық манифесі» шығады. Содан кейін атақты Қарқаралы петициясы жазылады. Байтұрсынұлы – авторлардың бірі. Тарихшы Светлана Смағұлова: «Осы құзырхат арқылы қазақ халқы қордаланып қалған маңызды, өзекті мәселелерін шешуге ұмтылды. Жерді тарылтпау, дінге қысым жасамау, тілге тиіспеу, қазақтарға сайлау құқығын қайтарып беру сияқты талаптардың төтесінен қойылатындығын патша үкіметі күтпеген еді. Ахметтің ұлт зиялыларының алдыңғы қатарынан көрінуі патша үкіметін шошытты» деп жазады. Ел ісіне, қоғамдық тіршілікке кірісіп араласуы әрі қуғынға түсуі осы оқиғадан кейін басталады. М.Әуезов: «...Қарқаралыдағы тұрғандағы соңғы 4 жыл Ақаңның саясат ісіне белсене кірісіп, жазумен де, ісімен де бой көрсеткен кезі, сол мезгілде 1905 жылы өзгеріс болған» деп жазыпты.
Патша үкіметі петициядан кейін қазақ зиялыларын аңдуды, қудалауды бастайды. Байтұрсынұлының бірінші рет қамауға түскен кезі осы тұс болатын. 1908 жылы 26 қарашасында Ахаң Қарқаралыдағы абақтыға қамалады.
Аз уақыт қамалып шыққаннан кейін, Ахаң училищедегі қызметін жалғастыра береді. Бірақ артынан салпақтаған тыңшылық үзілмейді. 1909 жылы 1 шілде күні қайыра ұсталып, Семей түрмесіне қамалады. 1910 жылдың 21 ақпанына дейін 7 ай қапаста отыруы – Ахметтің екінші рет темір торға қамалуы еді.
Тарихшы Кеңес Нұрпейіс: «Қарқаралы қаласында екі класты училищенің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Ахметтің өзі де полиция тыңшыларының жаласымен 1909 жылы Семей абақтысына жабылып, 8-9 айдай түрменің дəм-тұзын татқан. Осындай оқиғалар тізбегі жігіт Ахметтің қоғамдық-саяси күреске ертерек араласуына түрткі болған», – дейді.
С.Смағұлова 1909 жылы Семей облысының губернаторы А.Тройницкийдің бұйрығымен қамауға алынғанын жазады. Ахметтің қамалуына вице-губернатор Абаза да мүдделі болады. Семейден Омбыға генерал-губернаторға жіберген жеделхатында Ахметтің үкіметке қарсы және сепаратистік бағытта үгіт-насихат жүргізгендігі дәлелденгендігін хабарлапты. «Дала генерал-губернаторы Шмит те Ішкі істер министріне Ахмет Байтұрсынұлының үгіт-насихат жүргізгені үшін қамау мерзімін ұзартуды сұраған жеделхат жібереді», – дейді ғалым.
Ахмет Байтұрсынұлына тағылған айып: «Әкімшілік тәртібімен жер аударылған Ж.Ақбаев пен I Мемлекеттік Думаның бұрынғы мүшесі, Выборг үндеуіне қол қоюшы Ә.Бөкейханның тобында болды, аталған топ қазақ қауымын үкіметке сенбеуге және әкімшілік тәртібіне қарсы шығуға шақырды, Қарқаралы уезінің қазақтары атынан жасалған ұжымдық жеделхатты құрастыруға қатысты, қазақ қауымын облыста кіргізілген әскери жағдайға қарсы шығуға үгіттеуге күш салды».
Қазақ даласындағы қандай да бір саяси бас көтеру, сауатты қарсылық көрсету отарлаушы билікке ұнамайды. Тұтас бір ұлтты өздерінен кем санайтын биліктің қашанғы әдеті – қудалау, қамау, айдау. Ахметтің бір бақыты әйелі Бәдрисафа болатын. Жары алғаш қудалауға ұшырағаннан бастап, артынан еріп, қолы жеткен жерге дейін арызын көтеріп, сөзін өткізіп, жарын қолдаумен болады. Санкт-Петербург қаласынан шығатын «Современное слово» газетінің 1909 жылғы 19 қарашадағы №682 санында «Қазақ халқының ақыны түрмеде» атты мақалада жарияланыпты. «А.Байтұрсынұлының Семей түрмесіне түскенін естіген Мемлекеттік Дума депутаты Н.Скалозубов пен Ахметтің әйелі Бәдрисафа Ішкі істер министрі П.Г.Курловқа ақынның жазықсыздан қамауға алынғанын айтып хат жолдағандығын, осы іске әділеттілікпен қарауын өтініп, хат жолдайды» деп жазады С.Смағұлова.
Осыдан кейін Ахаңды Орынборға жер аударуға шешім шығады. Бұл 1909 жылдың 9 наурызы болатын. Туған жерден алыстаған сайын Ахаңның саяси ерік-жігері бекіп, көзқарасы нығая түседі. Орынборға барған соң оның күресі тоқтап қалмайды. Тіпті жанданып, жаңа сипатта шыға бастайды. Себебі өмірге 1913 жылы «Қазақ» газеті келеді.
Кеңес Нұрпейіс: «Əлихан Бөкейханның бағыт беруімен, Ахмет Байтұрсынұлының басшылығымен, Міржақып Дулатұлының қосшылығымен, озық ойлы, халық қамын ойлаған жекелеген дəулетті адамдардың демеушілігімен 1913 жылдан бастап Орынборда жалпыұлттық биресмилік «Қазақ» газеті шыға бастады. Оның бірінші санында жарияланған оқырмандарға арналған мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы газетті «халықтың көзі, құлағы һəм тілі» деп анықтай келіп: «Жұртым деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады» деген тұжырымы арқылы газеттің қоғамда алатын орнын, саяси маңызын барынша айқындап берді. Ахаң редакторлық еткен «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан білімпаз азаматтар оның беттерінде жариялаған жер, ұлт мəселесі, оқу-ағарту ісі, мемлекеттік құрылыс сияқты маңызды мəселелер жөніндегі мақалалары арқылы, кейде ашық айтылған пікірлері арқылы патша үкіметінің отарлық саясатын сынап, оған демократиялық мазмұндағы талаптар қоюмен қатар халықтың саяси санасын тəрбиеледі» дейді.
Кейін «Арыс» баспасы осы газетті кітап етіп шығарады. ХХ ғасыр басындағы қазақтың қоғамдық ойлау жүйесін, дүниетанымын өзгерткісі келген зиялы топ, ештеңеден тартынып қалмайды. Әрине, оның басында Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Патша үкіметінің цензурасына қарсы айтылған мақалалар басылмай қалып та жатты. Жария көрген өткір мақалалар үшін айыппұл төлеген кездері болады. Райхан Имаханбет: «Осы тұста əлеуметтік ахуалды баяндаған цензура көтермейтін мақалалар жариялағаны үшін əкімшілік бірнеше мəрте (1914-15) айыппұл төлетеді, кейіннен абақтыға қамайды. Бұл – үшінші рет қамалуы» деп жазады.
«Қазақ» газеті қазақтың рухани өмірінде жарық із қалдырды. Газет шығару ісінде, ұлтқа қажет ақпарат жеткізу майданында кейінгі толқынға үлгі болды. Бұл жылдар туралы өзі: «1913 жылы «Қазақ» газетінің ашылуын ұйымдастырдым, оның редакторы ретінде қызмет атқардым. Аталмыш газетті редакциялап жүргенде бірнеше мәрте әкімшілік жолымен айып тартып, тұтқындалдым, сондай-ақ Қарқаралы станциялық приставының почта абыройын төгетін мағлұматтарды баспасөзге шығарды деп айыптауына байланысты ісім сотқа берілді. 1917 жылдың соңына дейін редактор болып істедім» деп жазған екен.
1920 жылы сәуірде Ахмет Байтұрсынұлын Кеңес үкіметі өз қатарына тарта бастайды. Патшалық билік құлағаннан кейін өзіне мықты жақтастар іздеген үкіметтің əскери жəне саяси қызметкері М.Фрунзенің ұсынысымен Ахаң Ресей коммунистік партиясына кіреді. Кеңес Нұрпейіс: «Осыған орай Орынборда шығып тұрған большевиктік «Известия Киргизского Края» атты газеттің сол жылғы сəуірдің 15 күнгі санында арнайы мақала жарияланып, онда Ахмет Байтұрсынұлы сияқты аса ірі «қайраткер жəне əдебиетшінің... бейбіт ұлттық либерализмнен қазан революциясын жəне Совет үкіметін тануға дейін кезеңдерден өтіп... халықаралық Коммунизмге келуін... партияның ірі жеңісі жəне оның қазақтар арасындағы ықпалының өсуінің жақсы көрінісі» деп бағалады. Ал Ахмет Байтұрсынұлы болса коммунистік партияға бір жылдай ғана мүше болған болатын» деп жазады. 1929 жылы маусымның 2 күні ОГПУ тергеушісіне берген жауабында Байтұрсынұлы: «Мен партиядан 1921 жылғы тазалау барысында енжарлығым (пассивность) үшін шығып қалдым. Менің енжарлығым ғылыми жұмысқа тереңдей берілгендіктен жəне жалпы алғанда саясатқа аз көңіл аударғандығымнан көрінеді» деп түсінік берген.
Байтұрсынұлының 4-рет қамалуы – Қызылорда қаласында болады. Ахмет Байтұрсынұлын ОГПУ, кейін НКВД жендеттері 1929 жылы тұтқындап, 1930 жылы он жыл мерзімге концлагерьге кесілді. Алғашында Ахметке сот үкімі ату жазасын тағайындайды. Бұл үкім 1931 жылдың қаңтарында 10 жылға концлагерьмен алмастырылыпты. Бұл шешім тек 1932 жылдың қарашасында іске асады. Архангельскіге айдалады. Бұл Байтұрсыұлының бірінші рет ату жазасына кесіліп, екінші рет жер аударылуы болатын.
Смағұлованың жазуы бойынша, 1933 жылдың мамырында Байтұрсынұлына денсаулығының нашарлауына байланысты отбасымен бірге тұруға рұқсат береді. Ал 1934 жылы оның мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралуына жазушы М.Горькийдің жұбайы Е.П.Пешкова себепші болады. Бұл іске «Қызыл крест» қоғамдық ұйымы да араласқан болатын. Алматыға келген соң «халық жауына» дайын жұмыс бола қойсын ба?! Ол кездегі Алматы көшелеріндегі үрейді айтып жеткізу мүмкін емес. Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш» кітабында сол күндердегі Алматының бейнесі бар. Әр бұрышта бірін-бірі аңдыған адам, әр бұрышты бірінен-бірі қорыққан үрей қазақ қаласын сұрқайландырып тұрған. Ахаң Орталық музейде кеңесші, жеке емханада қарапайым қызметкер болып та жұмыс істеп, күн көреді.
Бірақ бұл беймаза күндердің де ақыры көпке бармайды. «1937 жылы 11 тамызда 58-баптың 10 және 11-тармағымен Ахмет Байтұрсынұлы тағы қамауға алынып, «халық жауы» деген айыппен 8 желтоқсанда атылды», – дейді Светлана Смағұлова.
Бұл Ахаңның соңғы рет қамауға алынып, ату жазасына кесілуі еді. Сол күні тұтқынға алған солдаттан Бәдрисафа: «Қайда алып кетіп бара жатсыңдар?» деп сұрағанда: «Арғы дүниеге» деп жауап беріпті. Тұрсын Жұртбай 25 қараша күні ату жазасына кесуге үкім шыққан деп жазады. Соңғы үкім.
Оған тағылған айып: «Байтұрсынов 1921 жылы Орынборда Уәлидимен байланысып, астыртын контрреволюциялық ұйым құрған, жазасын өтегеннен кейін, 1937 жылы Алматы қаласында контрреволюциялық Түрік халық партиясының белгілі мүшесі Ғ.Қабдалиевамен қылмыстық байланысы бары анықталған. Қылмысы осы».
Тұрсын Жұртбай өз зерттеуінде Ғайнижамал Қабдалиевамен кездесіп, сонау жылдардағы еске алуға ауыр күндерді бірге әңгімелейді. Өте әсерлі естелік. Ғайнижамалдың күйеуі Дайыр Әбікеевті жапон тыңшысы деп қамап тастайды. Бұл 1935 жыл болатын. Әбікеев Байтұрсынұлының Алматыға келгенін естиді. Түрмеге жағдайын білуге келген әйеліне: «Ғайнижамал, сол адамға баршы. Дүниенің неге астан-кестені шыққанын бір білсе, сол кісі біледі. Мен жапон тыңшысы деген айыптаудан қалай құтыламын? Ақталып шығуға мүмкіндік бар ме екен? Бұл өсек-аяңдардың, жаланың қайсысы шын, қайсы өтірік екенін білші. Біз әйтеуір бір босап шығуымыз керек қой?», – дейді.
Байтұрсынұлының Алматыға келуін ақталып келуі деп ұққан болулары керек. Ғайнижамал Ахаңның үйіне барады. Сұра дегенін сұрайды. «Қарағым, мен саясаттан алыстап кеттім. Қазір ештеңемен айналыспаймын. Егер Жапония КСРО-ға соғыс ашпақ ниеті болса, оны қазақтардан сұрамайды» деп жауап береді.
Ахаң сақсынып отырады. Ғайнижамал да оны түсінеді. Бірақ осыдан кейін Ғайнижамал Қабдалиеваны да қуғындау басталады. Оның тарихы мүлде бөлек. Ал Байтұрсыновқа қатысты айыптың төркіні осы ғана.
Оны оқып отырып, ондай ешқандай ұйымның болмағанына, жазасының да, кінәнің де орынсыз болғанын түсінесіз. Бірақ одан не қайыр? Бәлкім, өмірде болып жататын өкініш дегеніңіздің ең үлкені – ұлтқа қажет тұлғаларды жоғалту шығар.
P.S. 1988 жылы 4-қарашада Жоғарғы соттың шешімімен Ахмет Байтұрсыновтың ісі қылмыс құрамы жоқ болғандықтан жабылып, Ахаң ақталады.
Ол қараймаған да еді...
Бағашар Тұрсынбайұлы