Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:46, 15 Желтоқсан 2024

Кино таспасындағы деколонизация. Біз отарлық идеялардың мұрагері емеспіз

кино
Фото: из открытых источников

Теміржол бекетіне пойыздың келіп тоқтағанын, одан жолаушылардың түсіп жатқанын көрген бір топ адам зәресі ұшып, залдан қашып шыққан көрінеді.

 Бұл оқиға 1895 жылы ағайынды Люмьер мырзалардың Париж тұрғындарына ұсынған «Ла Сиотоға пойыздың келуі» атты әлемдегі ең алғашқы 50 секундтық қана шағын киносының көрсетілімінде болған еді. Қазіргі күні 593 минуттық немесе 9,8 сағатқа дейін созылатын, ғарыш әлемінің өзін экранда көз алдыңа әкелетін көркем фильмдер жасалса да жұртты таңдандырмайтын болды. Осы тұста, сол бір тұңғыш кинодан соң дүниенің түп-тамырымен өзгергенін еріксіз мойындайсың. Алғашқы кинодан кейін небәрі 15-20 жыл өтер-өтпесте 2 сағат бойы көрсетілетін кинолар Италияда жасала бастаған екен. 1914 жылы аталмыш елде жасалған «Кабириа» (Cabiria) атты кино АҚШ президентінің шақыруымен Ақ үйде тұсаукесерін өткізген. Бұл – әлемдегі ең алғашқы киноның шығу тарихы еді.

Кино өнері ғасырдан астам уақыт ішіндегі даму жолында алғашқыда тарихи, көркем жанрларынан бастап, орта кезеңінде қиял-ғажайыпқа ұласты. Кино дегеніміз – белгілі бір дәуір мен қоғамдық көріністермен үндесетін тірі организм. Қоғамдағы түрлі шырғалаңдардан өтіп, бірде құлдыраса, бірде өрлейтін заңдылық та оған тән болса керек.

Кино – белгілі бір топты емес, бүкіл қоғамды жаппай қамти алатын, сол арқылы адам баласының көңіл күйіне, санасына зор ықпал ете алатын өнер түрі. Ұлттар мен ұлыстардың тілдері, салт-санасы өзара қандай айырмашалықта болса, белгілі бір елдің өнері мен мәдени мұрасы, дәстүрі де өзгеге мүлде ұқсамайтын ерекшеліктерінің болуы заңды құбылыс. Себебі әр халықтың ұлттық болмысы, тарихы, даму жолдары, әлеуметтік жағдайы, географиялық ахуалы бір-біріне ұқсай бермейтіні секілді көзқарастары мен дәстүрінің де өзіндік сипаты бар. Осы сипатымен кино дегеніміз белгілі бір дәуірдегі халықтың мінез-құлқын, ділін, тұрмысын бейнелейтін маңызды дерек болып қала бермек. Сол өнер түрі бүгінде тек мәдени сала ғана емес, күллі әлемді алдына телмірткен идеологиялық қуаты күшті қаруға айналып отыр. Көрерменге ұсынылған кез келген фильм – сол ұлттың болмысына, бүгіні мен өткеніне жауап беретіні рас. Осы орайда бүгінгі қазақ киносының жағдайы қандай деген сұрақ туары анық. Әсіресе бірнеше жыл империяшыл халықтың отары болған ұлт ретінде кино өнерінде де отарсыздану процесінің қалай жүзеге асып жатқаны анық. Кеңестік дәуірден қалған мұра мен отаршылдықтың ықпалы қазақ кино өнерінде айтарлықтай із қалдырды. Бұл ықпал тек мазмұндық деңгейде емес, кино өндірісінің құрылымында, тақырыптық ауқымында және ұлттық көзқарасты қалыптастыруда да көрініс тапты. Қазіргі таңда деколонизация – қазақ киносында аса өзекті мәселеге айналды. Кеңес Одағы тұсында қазақ киносы, көбінесе, партия идеологиясын насихаттауға бағытталды. Мұндай туындыларда ұлттық болмыс шынайы түрде көрсетілмей, қазақ халқының мәдениеті мен тарихы стереотиптік тұрғыда бейнеленді. Мысалы, малшы, шаруалар, көшпенділер образдары көбіне үстірт сипатталып, қазақ қоғамы прогреске ұмтылмайтын артта қалған қоғам ретінде көрсетілді. Бұл кезеңдегі кейбір фильмдер қазақ халқының дәстүрін танытқанымен, олардың мазмұнында да идеологиялық шектеулер бар еді. Алайда 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ киносы жаңа бағытта дами бастады. Бұл кезеңде ұлттық тарих пен мәдениетті дәріптеуге баса назар аударылды. Кеңес кезеңінде ұлттық қаһармандар көбіне «Кеңес адамының» бейнесімен үйлестіріліп, дәстүр мен модернизация арасындағы табиғи байланыс бұзылған сияқты. Деколонизация – бұл тек отаршылдықтың тікелей салдарын жою ғана емес, сондай-ақ мәдени сана мен ұрпаққа отарлық идеялар сіңген мұралардан арылу. Қазақ киносындағы басталған деколонизация процесі ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді көздейтіні анық. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ киносы жаңа бағытта дами бастады. Бұл кезеңде ұлттық тарих пен мәдениетті дәріптеуге баса назар аударылды. Әсіресе тарихи туындыларда қазақ халқының өткендегі қаһармандық кезеңдері көрсетілді. Алайда бұл фильмдерде кейде шетелдік ықпалдың бары байқалып, толықтай отандық деколонизациялық үдерістің аяқталмағанын көрсетеді. Ал соңғы жылдары жарық көрген жас режиссерлер әртүрлі авторлық фильмдер ұлттық болмыс пен қазіргі заман мәселелерін тереңірек қарастыруға тырысады. Бұл фильмдер деколонизация үдерісінің күрделілігін, оның ұлттық сана мен мәдениетке ықпалын шынайы көрсетсе керек.

Десек те, бүгінгі қазақ киносы кеңес үкіметі қалдырған кей сарқыншағынан әлі арылмай отырғаны жасырын емес. Отарсызданудың алғышарты – ұлттық тіл десек, прокатқа шығып, халыққа ұсынылып жатқан фильмдердің басым бөлігі қостілді туындылар. Көпке ұсынылып жатқан коммерциялық фильмдерді көре қалсақ, қазақ тілі әлі күнге жеңіл күлкі мен арзан әзілдің, надандықтың тілі ретінде көрініс тапса, ендігі әлемдік аудиторияға бет алған арт-хаус авторларының әлеуметтік мәселелер туралы фильмдерінде қазақ тілін көбіне-көп зорлық-зомбылық, болашаққа деген үмітсіздіктің бейнесі ретінде қолданады. Осы орайда фильмдерде орыс тілінің білім мен ғылым, абырой-атақтың белгісі боп қалуы қоғам санасына орнығып ап, әлі жойылмай тұрған отарлық сананың салдары болса керек. Қазақ киносындағы деколонизация – бұл өткенді қайта қарап, ұлттық мәдениетті жаңаша қырынан көрсетуге бағытталған күрделі әрі ұзақ үдеріс. Бұл процесс арқылы қазақ киносы отаршылдық мұрасынан толықтай арылып, шынайы ұлттық өнер ретінде дамудың жаңа кезеңіне өтері анық. Ұлттық болмысты бейнелеу мен жаһандық деңгейде өз орнын табу үшін киноның рөлі ерекше. Бүгін біз осы тақырып аясында кинотанушы Баубек Нөгербек пен режиссер Сәбит Құрманбековтің пікірін білдік.

Баубек Нөгербек
Фото: vosmerka

Баубек Нөгербек: Отаршыл ұлттың мысы мен қаупі әлі де басым

Кино өнерінің идеологиялық ықпалы мол. Соның ішінде кино деколонизациялық процестерге түрткі болуына ықпал ететін қозғаушы күш дер едім. Қоғамдық сананы оятуда кино өнерінің қуатына ешкім шүбә келтіре алмасы анық. Бірнеше ғасыр бойы империашыл ұлттың отары болған халық ретінде бүгінгі мәдениеттің қай саласында болмасын отарсыздану процесі жүзеге асып жатыр. Яғни соңғы отыз жылда ұлттық бірегейлікке ұмтылу үдерістері анық байқалады. Біріншіден, ұлттық құрамдағы қазақтың саны өсуіне байланысты болса, екіншіден, тарих, тілге деген көзқарастарымыз өзгере бастады. Кино өнері де бұл тенденциядан тыс қалған жоқ. Мысалы, Сатыбалды Нарымбетовтің жұмыстары осыған дәлел. Режиссер «Аманат» фильмінде Ермұхан Бекмаханов, Кенесары Қасымов және Қайым Мұхамедханов сынды үш тарихи тұлғаның ғұмырын бір фильмге арқау еткен. Әрине, сол кезде фильмде толығымен шындықты ашық айту мүмкін болмаған кез еді. Тіпті бүгінгі күннің өзінде Кенесары сынды тұлғалардың ғұмыры жайлы шындықты ашық айта аламыз дей алмас едім. Себебі бұрынғы отаршыл ұлттың мысы мен қаупі әлі де басым.

Осы орайда, кеңес үкіметінен қалған идеологиялық шеңбер мен канондардың бүгінгі кино өнеріне ықпалы жайлы сөз қозғағанда бір үлкен мәселенің басы қылаң ете қалады. Себебі тарихи фильмдерді көрсеткен және түсірген кезде Кеңес заманының орнауы туралы тақырыпта шешілмей тұрған түйін бар. Мәселен, бүгінгі кинода қазақтың жауы – қазақ қып көрсетеді. Кеңес үкіметінің қазақ даласына орнауына ықпал еткен, партияға қызмет еткен де тек қазақтар, ал Ресейдің еш қатысы жоқ сынды күй кешеміз. Бүгінгі тарихи киноларда шынайы кейіпкерлер өте аз, тіпті жоқтың қасы. Бұл, менің ойымша, кинодағы ең үлкен қателік.

Шынымен, отарсыздану мен ұлттық бірегейліктің алғышарты, бірден-бір көрінісі – тіл. Тілін жоғалтса да, ұлттық бірегейлігін жоғалтпаған халықтар бірен-саран ғана. Мысалы, ирландықтар толықтай ағылшын тіліне ауысып кетсе де, католик дінінің арқасында ұлттық болмысын сақтап отыр. Біздің тілдің жағдайы да ирлан тілінің жағдайына ұқсап тұр. Мәселен, бүгінгі шығып жатқан киноның 90%-ы орыс тілінде екені жасырын емес. Толық орыс тілінде де емес, шұбарланған түрде көрініс табады. Бұдан тілдің берекесі кететіні анық. Режиссерлер әдетте күлкі үшін деп, не өмірде барлығы осылай сөйлейді деп ақталады. Бұның бәрі – сылтау ғана деп ойлаймын. Біз, керісінше, кино өнері арқылы сауатты, көркем тілді дәріптеуіміз шарт. Себебі кино – бұқаралық өнер, идеология қалыптастырады. Бүгінгі кинода қазақ тілі – қарапайым халықтың, өмірден жолы болмаған кейіпкерлердің тілі. Ал өмірде жеңіске жеткен, жоғары тап өкілдерін бейнелейтін кейіпкерлер тілі орысша болып тұр. Себебі қоғамда әлі құлдық сана жойылмай тұр. Билік өкілдерінің орысша сөйлеп, кәсіптің орысша дамуы мәдениетке де ықпал етпей қоймайды, таптаурындар қалыптастырады. Кино өнерін толық отарсыздандыру мақсатында заң қабылданып жатқанымен, билік оған қоса неше түрлі сылтау да ойлап тауып жатыр. Прокатқа шыққан киноларды қазақшаландырып жатырмыз деген желеумен субтитрлар қоя салады. Фильмді толық орысша, бірақ қазақша субтитрмен беру заңға қайшы емес, бірақ тіл мәселесінің толықтай шешімі де бола алмайды. Сондықтан кино өнерін толық отарсыздандыру үшін прокатқа шыққан фильмдердің тым болмаса елу пайызы қазақ тілінде жүруі тиіс. Заң тұрғысынан қолға алып, қазақша сеанс санын көбейтсе. Түсіріліп жатқан ұлттық фильмдердің де тілі орысша. Осы күрделі мәселелер шешімін тапса, отарсыздану процесі де әлдеқайда ілгерілейді деп сенемін.

 Сәбит Құрманбеков
Фото: Жас Алаш

Сәбит Құрманбек: Ұлтаралық идеология бар да, ұлттық идеология жоқ

Бұл әу бастан қозғалып жүрген ұлттың түйткілді мәселелерінің бірі. Әлі күнге дейін бізде ұлттық идеология жоқ. Ұлтаралық идеология бар да, ұлттық идеология жоқ. Сол үшін де мәдениетіміз де, болашаққа қояр жоспар, арман-мақсатымыз да жалтақ. Біз әлі постколониалдық психологияда өмір сүріп жатқан халықпыз. Грузия, не қан жоса боп жатқан Украинаның өзі ұлттық болмысын қайта құрып жатыр. Кеңес үкіметі тұсында басталған бұл тақырып ашық айтыла бастады да, тоқсаныншы жылдары тоталитарлық жүйе салдарынан қайта жабылып қалды. Ал кино саласында деколонизация процесі баяғыда-ақ басталып кетті. Әсіресе Еуропа елдеріндегідей айту, бірақ жасырын айту үрдісі кең тарады. Кеңес үкіметінің орталық билік қысымы салдарынан фильмдерде шындықты жуықтап қана өтті. Мәжит Бегалин ағамыздың «Шоқанында» анық байқалады, тіпті кезінде «Қыз Жібек» фильмінде ұлттық идеологияны әсіре дәріптеді деп жауып қоя жаздаған. Ал нақты тақырыпты көтеру үшін Абдолла Қарсақбаев «Қилы заманды» түсіремін деп армандап жүрген. Біз де бес-алты жыл бұрын 1916 жылғы көтеріліс туралы фильм түсіреміз деп талпынғанда өзіміздің билік, өз жігіттеріміз қарсы болды. Себебі жалтақтық кеселі әлі де жазылмай тұр. Қазіргі билік те, өткен билік те «үлкен ағамыздан» сескеніп, ұлттық саясатты қолға ала алмай отырмыз. Қазір мәдениет саласы жетім баланың жағдайын кешіп отырғаны өтірік емес. Алдымен, экономика, екіншіден, сыртқы саясат деп мәдениет өте төмен жағдайда қалып қалды. Енді сол баяғы ұлттық саясаттың жоқ болуы салдарынан көршіміздің саяси билігі озбырлығын әлі де азайтпай отыр. Күні кеше айтып отырған «көбірек мектеп ашайық», «ортақ тарих жазайық» деген дарақылықтардың бәрі ұлттық идеологияның, ұлттық саясаттың жоқтығынан, мәдениет пен руханияттың ақсап тұруынан болса керек. Біз әлі толыққанды ұлт бола алмай отырмыз тіпті ұлттық тілде сөйлемеуіміз де осының айғағы. Мәдениетке назар аударылмаған жерде киноның да жағдайы құлдырайды. Әрине, коммерциялық киноның дамуы – қуантарлық жағдай, десек те коммерциялық кинода, күнде шығып жатқан комедияда идеология жоқ. «Міржақып. Оян, қазақ!» сынды фильмдерді түсіріп жүрген жастар бар. Бірақ олар сыбырлап айтып отырғандай күй кешесің. Біздегі тарихи кинода бір ғана тақырып, Құдай берген бір ғана жау – жоңғар.

Біз нарықтық заманда өмір сүріп жатқан толқынбыз. Кеңес үкіметі кезінде шет ел прокатқа шығаратын фильмдер аз еді, сондықтан өз киномызды көрдік. Сол арқылы тұрақты көрермендерімізді қалыптастыра алдық. Ал қазір көрермен бытырап кетті. Себебі өнім де, талдау да, көрермен де көп. Мейлі, жастар не түсірсе де, түсіре берсін деймін. Себебі өсімдік жақсы өсуі үшін тыңайтқыш керек болатыны секілді, қазір түсіріліп жатқан фильмдер де болашақта түсірілетін сапалы фильмдердің алғашқы баспалдағы. Неғұрлым көп фильм түсірілген сайын бәсекелестік пайда болады, көрерменнің талғамы артады, осы арқылы сын мен сапа өседі. Қазір біздің медиа кеңістікте солтүстік көршінің ықпалы басым, соның салдарынан зардап шегіп отырмыз. Солтүстік, шығыс, батыс облыстары Ресей каналдарын жиі көреді, ақпаратын тұтынады. Тіпті ол жақта біздің медиа туралы білмейтін адамдар да бар. Бұл – нағыз катастрофа. Біз бәрін де түсініп отырмыз, бірақ тілсіз адам сынды, көзіміз жыпылықтап, ештеңе айта алмаймыз. Бүгінгі кино түсіріп жүрген жастар нарықтың сұранысына жауап беретін кино түсіріп қана жүр. Қостілді фильм көп, оны түсірмесе жас режиссерлер ақша таппайды. Қаладағы қазақтың 70%-ы өзге тілде сөйлейді. Кино заңын қабылдар кезде дубляж, кино мәселесіне қатысты ұсыныс тастадық. Осыдан он жыл бұрын елге келген кез келген фильм халыққа қазақша ғана ұсынылуы тиіс дедік. Бірақ бұл ұсыныс қабылданбады. Кино – жұмсақ саясат. Мәдениетімізді, тіл мәмілесін қолға алмасақ, Ресейдің отары боп қана қала береміз. Тіл жоқ болған жерде, санамыз, ойлау жүйеміз де орыстана береді. Оны кім жеңе алады? Ақпарат көздері, кино мен бұқаралық өнер.

Дайындаған

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ