Кино туралы түс немесе Шәкен Аймановпен арадағы диалог
Таң ата ақыры көзім ілініп кетті.
— Қанатжан, қалайсың!
— Сіз бе, мүмкін емес?! Сәлеметсіз бе, Шәкен Кенжетайұлы?!
— Ал, ұрпағым, айта ғой не болып жатыр өзі, сендерде? Қандай жетістіктерің бар?
— Шынын айтқанда, Шәкен ата, айта қоярлық ештеңе жоқ…тіпті жағдайымыз жақсы деп те айта алмаймын. Бәлкім өзіміз де оған кінәлі шығармыз, кім біледі?! Бірақ мен неге басқалар үшін жауап беруім керек?
— Балам, неге сен жауап бермеуің керек? Сұрақтарыма жауап бер! Қазақ кино өнерін осындай деңгейге дейін түсіруге қалай дәттерің жетті? Қазақфильмнің қазіргі күйін көрген менің әріптес-замандастарым, қабірінде бір аунап түскен болар. Совет Одағы кезінде ең мықтылардың бірі болған киностудияны қалай ғана тұралатып тастадыңдар?
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: "МИЛЛИАРДТАҒАН ТЕҢГЕ ТАЛАН-ТАРАЖҒА САЛЫНДЫ". КИНОГЕРЛЕР ТОҚАЕВҚА ТАҒЫ ДА ҮНДЕУ ЖОЛДАДЫ
— Шәкен ата, ондай одақтың құрығанына біраз жыл болды ғой.
— Немене сонда? Мемлекет киноға ақша бөлуді қойды ма? Партия идеологияға мән бермейтін болды ма? Өнер ешкімге керек емес болды ма сонда? Сенбеймін!
— Ата, өнер салалары бүгін креативты индустрия деп аталатын болды. Қазір билікте мүлде басқа партия, идеологияны ойлайтын бұрыңғы партия жоқ.
— Сен солай ойлайсың ба? (Мырс ете қалды)
— Иә, енді биліктің механизмі қатты өзгермеген шығар, дегенмен бізде қазір капитализм ғой…
— Ее, мұны мен нағыз капитализм дей алмас едім. Киноға мемлекеттен ақша бөлініп тұра ма?
— Иә.
— Онда не болып қалды?
— Бұл енді күрделі мәселе, Шәкен ата. Негізгі проблема қаржының бөлінуі мен кино саласын дамытуға жауапты шенеуніктерде шығар...
— Оның не қиындығы бар? Менің заманымда ол оңай болды деп ойлайсың ба? Совет уақытында өнер саласында билікке ұмтылған, небір құлқын қамын ғана ойлағандар болмады деймісің? Немесе жауапты қызметтерде мансапқұмарлар мен бюрократтар отырмады дейсің бе? Кез-келген өкіметте ондайлар болған және бола береді. Десе де өз халқына қызмет ететін, талантты адамдарды түсінетін, қолдайтындар табылатын.
Кино деген насихат жүргізудегі ең мықты құрал емес пе, онсыз қалай идеологияны жүргізбекшісіңдер?
— Білесіз бе, соңғы отызжылдықтағы идеология бізде бір жақты және қарабайыр жүргізілді. Бір сөзбен айтқанда, байлық деген табысқа жетудің синонимі болып кетті. Мәдениет саласы ұмытылып, есік сығалап қалды. Ал енді қазір… мен тіпті ендігі идеология қандай екенін айта алмай тұрмын.
— Қазір анықтаймыз.
Айманов алақанын шақ еткізіп, қатты соғып қалып еді, қолында дәу телефоны бар, кеудесі темір салпыншақтарға толған, қауырт қызметкер кейпін суреттегендей асығып-үсіккен, жап-жас жігіт пайда бола қалды.
— Ассалаумағалейкүм, аға!, — деп амандаса сала, мен сізді танып тұрмын, сіз Әзірбайжан… тез телефонын шұқылап, аа, иә Мәдиұлы, Мәмбетов емессіз бе? Сіз қайтыс болып кеткен сияқты едіңіз ғой, егер қателеспесем” деп тағы телефонына үңілді.
Шәкен Айманов қарқылдап күліп жіберді.
— Сен өзің қалжыңбас екенсің ғой, ә?
— Тыңдап тұрмын, аға сізді, - деп жас шенеунік құрмет көрсеткендей, басын иіп қарап қойды.
— Айта қойшы, егер өзі бар болса, қазір қандай идеология?
— Білмегеніңіз ұят қой, - деп басын шайқаған жігіт, бірақ бұл ө дүниеліктер үшін кешірімді деп, зырылдай жөнелді.
— Біз қазір Жаңа Қазақстан, әділетті Қазақстан құрып жатырмыз. Былайша айтқанда, еститін үкімет! Осы біздің идеология, анығында, біздің партияның идеологиясы. Тағы нақтырақ айтсам, парламенттегі барлық партиялардың идеологиясы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «ҚАЗАҚФИЛЬМНЕН ТАЗАЛАЙТЫНДАЙ БІЗ «МУСОР» ЕМЕСПІЗ». АНИМАТОРЛАР АЗАМАТ САТЫБАЛДЫҒА ЖАУАП БЕРДІ
— Жақсы, егер елде идеология бар деп санасаңыз, онда неге киноны дамытуға қажетті маңыздылық берілмей отыр?
— Неге сіз олай дейсіз? Осы жылы мен және менің әріптестерім кино саласы бойынша бірқатар жиын өткіздік. Оны растайтын толып жатқан құжаттар бар. Мысалы, не үшін мемлекет өз құнын ақтамаған ұлттық фильмдерге миллиардтап қаржы бөліп отыр деген мәселені талқыладық. Қазақстанда Голливуд кинолары миллиардтаған ақша табады. Ресей фильмдері табысты болып жатыр. Жекелеген отандық фильмдер де қалыспай, жақсы касса жинап жатыр. Ал мемлекеттің қаражатына түскен кинолар түк пайда әкелмейді.
— Бұған не айтасың?- деп Айманов маған қарады.
— Шәкен ата, бұл рас, тәуелсіздік алғаннан бері ел бюджетіне түсірілген фильмнің ешқайсысы пайда әкелген жоқ. Оның өз себептері бар.
— Айт енді бізге.
— Біріншіден, барлық кинотеатрлар бизнес саласындағы жекелеген адамдардың қолында. Мемлекеттік “Казкинопрокат” баяғыда құрыған.
Егер отандық киноларды голливудтық фильмдердің прокаттағы табысымен салыстыратын болсақ, онда фильмге бөлінген бюджет пен оның жарнамасына бөлінген қаражатты да салыстыру қисынды болады. Бізде мемлекет тек фильм түсіруге ғана ақша бөледі. Оның жарнамасы мен көрсетіліміне тиын да бермейді. Дистрибьютерлер мен кинотеатрлар фильмді прокатқа шығарғаны үшін алдын-ала қомақты қаржы талап етеді. Оны қайдан аламыз?
— Тұра тұрыңыз, — деп шенеунік араласа кетіп, —дегенмен мысалдар бар ғой...
— Егер сіз арзан комедиялар туралы айтып тұрсаңыз, олар кино емес- деп кесіп айттым.
— Шәкен ата, қазір прокатта табысты болған, өте арзан сайқымазақ фильмдер көбейіп кетті. Шенеунік мырза, сіз және әріптестеріңіз кинематографияда касса жинау ең басты мәселе деп есептейтін болсаңыздар, онда “Кино туралы” заңға өзгеріс енгізіп, басты стратегиялық мақсат, ол пайда табу деп көрсетіңіздер. Сол кезде барлық киногерлер бірауыздан арзан комедия түсіруге үдере көшіп, барлық проблема шешіледі.
Егер нақтырақ айтсақ, шынтуайтында, “Кино туралы” заң “Киноны мемлекеттік қолдау заңы” деп аталуы тиіс. Ашаршылық туралы фильмді сайқымазақ комедиямен салыстыруға бола ма? Сапасыз дүние уақыт өте келе қандай нәтиже беретіні алдын-ала түсінікті емес пе? Көңіл көтеретін фильм керек, әлбетте. Бірақ қазір иттің итақайы кинорежиссер болды ғой. Мысалы, «Бишарашки», «Ағашки по вызову», «Байдың қызын аламын», «Қораға кірдік», «Ажырасам», «Сиситай», «Ищу тоқал для мужа», «Қашан туасың?», «Не египте мне мозги» деген сияқты фильмдерден қандай өнеге алуға болады? Киноны көретіндердің басым бөлігі жастар. Ертең олар есейеді, сонда қандай адам болып шығады? Мынандай сапасыз фильмдер көрген жастар кинодан топастанудан басқа не ала алады?
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «ҚАЗАҚФИЛЬМ» ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЕҢБЕКАҚЫЛАРЫН АЛА АЛМАЙ ЖҮР
Арықарай айтайық. 1985 жылы Қазақстанда 12 500 киноэкран болды. Бұрындары барлық ауылдағы клубтарда кинопроектор болатын. Ал қазір облыстық маңызы бар қалалар мен аудан орталықтарында кино көрсететін орын жоқ. Қазір бүкіл республикада 40 шақты кинотеатр мен 400 шамасында киноэкран бар. Осындай санаулы ғана экрандары бар елде бюджеті мардымсыз қандай фильм өз құнын ақтаушы еді? Киностудия деңгейінде түсірілген кәсіби кинокартиналар пайда әкелмек түгілі, өз ақшасын шығара алмайды. Бұл мәселеде мемлекеттік кинопрокатты жандандырмай ештеңе де өзгермейді. Ең бастысы, идеологиялық маңызы бар әлеуметтік, рухани, мәдени құндылықтарды насихаттайтын фильмдерден ақшалай пайда күту - ол мектеп және аудандық кітапханалар мен филармония, театрлардан табыс іздеумен парапар.
Сол кезде Айманов сөзге араласып:
— Мемлекет қаржысына көп фильм түсірдіңдер ме?- деді.
— Әрқалай болып жатады. Бір жылда кейде өндіріске 62 жоба жіберілсе, келесі жылы ешқандай фильм болмай қалуы да мүмкін. Қисынсыз жағдайлар көп. Сапасына байланысты айтарым, сценарийлерді таңдау процесіне сыни пікірлер көп айтылады.
Совет уақытында “Қазақфильмде” Ғ. Мүсірепов, О. Сүлейменов, Т. Әбдіков, Қ. Мұхамеджанов, Д. Исабеков, А. Сүлейменов, Ә.Кекілбаев, Ә. Тарази, Қ. Сқақов, М. Әуезов, С. Санбаев, Б. Мұқай және т.б. сынды қазақ әдебиетінің мақтан тұтар тұлғалары енген комиссия мүшелері болатын. Отандық мәдениет саласының бұл қайраткерлері сөз қадірін білетін, олардың кәсіби деңгейі мен талаптары сапалы фильм жасауға негіз болатын. Қазір ондай редакция алқасы мүлде ұмытылған. Бүгінгі басшылығы жиі ауыса беретін киностудия мен ұлттық кино қолдау орталығында сценарийді таңдап, фильмдерді қабылдайтын сарапшылар кеңесін көшеден жинап келгендей, арасында бір-екі ғана нағыз маманы бар. Мемлекет бюджетінен идеологиялық фильм түсіруге қаржы бөлу мәселесін шешетіндер арасында тәжірибесі аз жастар мен өнерден хабары жоқ бөгде адамдар, тіпті шетелдік азамат та бар. Дауыс беру процесіне таңдауға жауапты шенеуніктер де киліге берген соң, қандай сапалы фильм жайлы айтуға болады? Сондықтан да толыққанды фильм шықпай жатыр. Оның есесіне, авторлық фильмдер қаптап кетті.
— Шынымен бәрі нашарлап кеткен бе, сен әлде асырып, жауды төндіріп айтып жатқан жоқсың ба?
— Олай емес! Соңғы бес жыл ішінде мәдениет министрі мен “Қазақфильм” президенті бес рет, Ұлттық киноны қолдау орталығының басшысы 4 мәрте ауысты. Меніңше, ауыс-түйісулер тек киносаласында ғана емес, барлық жерде осылай бір орыннан екіншісіне лақтырады да жатады. Оның салдарынан қызметке уақытша келушілер бар да, проблема сол қордаланған күйінде қалады. Олардың киноға, мәдениет саласына жаны ашымайды. Бесінші министр “Кино үйін” жөндеуден өткізуге көмектесем деген уәдесін беріп келеді. Ол кезінде өзіңіз киногерлер одағы үшін тасын қалап кеткен Кино үйі ғой. «Қазақфильм” киностудиясы 1969 жылы ашылған күннен бері әлі күрделі жөндеуден өткен жоқ.
Соңғы жылдары бюджеттік бағдарламалар бойынша киностудияға 15 млд тг аса ақша бөлініп, оның басым бөлігі «Қазақфильмді» модернизациялауға жұмсалды.
— Солай!, — деп шенеунік иығын көтеріп, — ақша игерілді, модернизация жасалды!
— Иә, ақша игерілді, бірақ ол не берді? Әшейін қомақты қаржыны алып, желге шашқандай болды, бұл менің ғана пікірім емес, көп киногерлер солай ойлап отыр.
Қазіргі таңда «игерілмеген» деген жаңа тенденция пайда болған. Кино өндірісін қаржыландыруға жауапты шенеуніктер фильмдерге бөлінген қаржыны жарты жылдап бермей қояды да, жыл соңында «игерілмеген» деп миллиардтап бюджетке қайтарады. Міне, жұмыс та аз, ақшаны үнемдеді деген желеумен өздері сыйақы алып отырады. Ал басталмай қалған киножобалардың артында түсіру тобындағы қаншама адам тұр, олардың отбасы, бала-шаға, кредиттері, оған шенеуніктердің түкіргені бар. Шенеуніктер шығармашылық топтың, өнер адамдардың осылай бір жыл уақытын ұрлағанын түсінбейді. Одан кейін келесі жылға киноға бөлінетін қаражатты игерілмеді деген желеумен қысқартып тастайды. Соның салдарынан кино түсіру процесі үш жылға созылады да, оның экранға шығуы тіпті кейінге қалады. Мысалы, 2024 жылдың маусымындағы байқаудан (питчинг) өткен киножобаларды жүзеге асыруды 2026 жылға дейін созуға мәжбүрлеп отыр. Кино өндірісі не екенін білмейтін, бұл саладан хабары жоқ дилетанттардың пайымдауынша, 2025 жылы кино түсіріп болған топ бір жылдан кейін 2026 жылы қайта бас қосып, монтаждау жұмысын жалғастыруы тиіс екен. Бұл шамамен ота жасап жатқан хирург отаны аяқтамастан, келесі айда жалғастырамыз деп науқасты палатаға жіберуімен бірдей емес пе? Бұдан асқан миға қонымсыз ақымақтықты елестете алмай отырмын, Шәкен ата. Осылай тоқтамай шағымдана беруге болады, сізге осының бәрін айтып қайтемін. Құбылаға қарайтын бет жоқ!
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: КҮЗЕТІ КҮШТІ САТЫБАЛДЫ «АЛТЫН АДАМДЫ» ҚОРҒАЙ АЛМАПТЫ
— Ал басқа республикалардағы жағдай қалай? —сұрады Айманов.
— Өзбекстанда 2021 жылы Кинематография істері бойынша агенттік құрылды. Әзірбайжанда да осындай агенттік бар. Қырғызстанда президент жанында құрылған кинематография істері бойынша кеңес болса, Ресейде де кино саласын мемлекет тарапынан қолдау қатты дамып жатыр. Бізде болса 2019 жылдан бері «Евразия» кинофестивалін де дұрыстап өткізе алмай келеді. «Евразия» кинофестивалін өткізуді тағы да «Қазақфильмге» тапсырды. Өздері түсіреді, өздері өткізеді, өздерін-өздері марапаттап, әлемге масқара болып отыр. Бұрын бұл фестивалді Киногерлер одағы ұйымдастырушы еді. Осылай тырбаңдап көршілерден біршама кейінге қалып барамыз, қалып та қойдық.
— Голливудты қуып жете алмаспыз, ал сен не айтасың?
— Мұндай басқарумен олар бізге қарай жүгірсе де жете алмайтын шығармыз. Бізге басқаларды қуудың не керегі бар? Қазақ киносының әлемдік аренада өз орны болуы тиіс қой.
—Мәселен?
— 3 жыл бұрын Қазақстан президенті «Ұлы Дала киношежіресі» деген үлкен бағдарламаны бастайтын құжатқа қол қойды. Оған сәйкес, әр 2-3 жылда ауқымды тарихи фильм түсірілуі керек. Алғашқы жоба бойынша, аты әлемге танымал шетелдік режиссер фильм түсіруі керек болған. Оның мақсаты – кино түсіру процесі мен оны жарнамалауда отандық мамандар шетелдік тәжірибеден керегін алып, жаңа технологияларды үйренуі тиіс еді. «Көшпенділер» фильмінде кеткен қателіктерден сабақ алуымыз керек емес пе? Біз ол жобаны жарнамалап, әлемдік деңгейге шығара алмадық. Қазіргі заман тақырыбымен әлемді таңқалдыра алмаспыз. Біздің бай тарихымыз қазақ киносының әлемдік сахнадағы өзіндік орнын иеленер еді.
Қазақстан ұлы көшпелілер өркениетінің мұрагері ғана емес, «Жібек жолы» орналасқан жүздеген қалалары бар көне тарихқа толы шежірелі мемлекет. Түрлі өркениет пен діндер тоғысқан киелі жеріміз қазақ ұлтының мәдениетін дамытуға серпін берді. Біздің тарихымыз, ұлы ата-бабамыз мұраға қалдырған қасиетті жеріміз, міне осы дайын тұрған Қазақстан идеологиясы!
— Енді сол бастама немен аяқталды?
—Әдеттегідей... —дедім мен, — біздің шенеуніктер бұл тапсырманы тоқтатып тастады.
— Рұқсат етіңіз, — шенеунік киліге, — Экономикалық жағдай, Геополитикалық ахуал ... Жаңа статус... Саммиттер... Жолдау...
Шәкен Айманов шенеуніктің сөзін ұнатпай, саусағын шертіп қалған еді, шенеунік ауада жоқ болып кетті.
— Сонымен?
— Шәкен-ата, үмітсіз шайтан дейді ғой қазақ, 90 жылдары да қиын болған, бірақ қазақ киносы аман қалды ғой. Ерте ме, кеш пе, билік те бақшаға күтім жасаса, суғарып, арамшөптерінен тазаласа, жемісін де тез беретінін түсінеді деп ойлаймын. Көлеңкелі, саялы бақ жан мен тәннің рақаты, ал шенеуніктер болса...
Осы тұста мен оянып кеттім.
Қанат Төребай