Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:05, 04 Шілде 2024

Кинологияның күйі қалай?

кинология
Фото: ақорда

Кез келген төтенше жағдайда құтқарушы иттердің маңызы басым. Жарылғыш заттарды іздеуде, үйіндінің астында қалған адамдарды құтқаруда және басқа жағдайда жоғалған адамды іздеуде үйретілген қызметтік иттердің көмегіне жүгініп жатамыз.

 Жуырда Атырау облысының төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағы құтқарушы иттерді сынақтан өткізіп, сертификаттады. Бұл іс-шараның мақсаты – құтқарушы иттердің дайындығын тексеру, кинологтардың біліктілігі мен білімін пысықтау.

Бұл аттестациялық тексеру үш кезең бойынша өткізілді: І кезең – мойынсұну және ептілік, ІІ кезең – табиғи орта жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары, ІІІ кезең – қираған ғимараттар мен құрылыстардың үйінділері жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары.

І кезең жедел-құтқару жасағының базасында өткізілді. Қатысқан үш бельгиялық құтқарушы иттер: Абрек, Гром, Онай кинологпен бірге мойынсұну және ептілікті анықтауға бағытталған жаттығуларды орындады. Әрбір жаттығу 5 балдық шкала бойынша бағаланды.

«Табиғи ортада зардап шеккен адамды іздеу» тақырыбы бойынша ІІ кезең Атырау қаласы Ақжар ауылында Жайық өзенінің жағасында өткізілді. Құтқарушы иттер белсенді түрде зардап шегушілерді іздестірді.

ІІІ кезең «Қираған ғимараттар мен құрылыстардың үйінділері жағдайында іздестіру-құтқару жұмыстары кезеңі» деп аталды. Бұл кезең Атырау қаласының Балықшы ауданында ескі қираған ғимаратта өткізілді. Әрбір кинологиялық есеп берілген аумақта 20 минут ішінде іздестіру аймағынан 3 зардап шегушінің екеуін табуы қажет. Іздестіру аймағы ескі қираған балабақша ғимараты болды, жалпы көлемі 2 мың шаршы метр.

«Зардап шегушіні тапқан кезде, кинологына үру арқылы белгі беруі тиіс. Көп жағдайда зардап шегушінің ізін таба алмаған кезде, иттер иіс арқылы іздеуге кіріседі. Барлық адамның өкпесінен бірдей иіс бөлінеді. Құтқарушы иттер осы иіс арқылы іздеп табады», – деп атап өтті жедел-құтқару жасағының кинологиялық бөлімшесінің бас құтқарушысы Т.Сәрсенғалиев.

Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша белсенділігі мен кәсіби дайындығы үшін Атырау облысының жедел құтқару жасағының 3 құтқарушы иті сертификаттаудың «А» класына өтіп, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге рұқсат алды.

Жалпы, аз-кем тоқталсақ, бұл сала мамандарының айтуынша, қызметтік иттер екі бағыт бойынша таңдалады. Оның біріншісі – тұқымына қарай таңдалса, екінші – олардың қабілеті ескеріледі. Негізінде біздің Қазақстанда құтқару қызметінде жүрген иттердің басым бөлігі белгиялық, неміс овчаркасы. Ал спаниэль сияқты кішкентай иттер есірткі, жарылғыш заттарын іздеуге қолайлы. Кинолог Нұрбек Төлегенұлының сөзіне сүйенсек, иттер күшік кезінен бастап есірткі іздеуге үйретіледі. Есірткі іздеуге иттерді тамақ арқылы және доп арқылы үйретеді. Ал адам іздеуге ашуланшақ иттер таңдалып алынады екен. Үйретілген иттер бұйрықты түсінеді. Сол бойынша жұмыс істейді.

«Бұл салада мамандар жыл сайын біліктілігін арттырып отырады. Алматы мен Астанадағы кинология орталықтарына барып, тәжірибемізді жетілдіріп отырамыз. Құтқарушы иттер көшеден сатып алынбайды. Оларды арнайы тексерістен өткізіп, Алматыдағы кинология орталығына жібереді. Сол орталықта иттер тегіне қарай тексеріліп алынады. Жалпы, төтенше жағдай кезінде құтқарушы иттердің маңызы басым. Сосын «иісшіл иттерге есірткі беріледі, сондықтан олар есірткіні тез табады» деген пікірлер бар. Бірақ олай ойлау – қате. Олар есірткіні ғана емес, ақша, қылмыс айғақтары сынды, тағы басқа да заттарды табады. Зілзала болып жатқан Түркияда да иісшіл иттер қаншама адамды тонналаған үйінділердің астынан тауып алып, белгі беріп жатты. Оның бәрі үйретуге байланысты», – дейді Н. Төлегенұлы.

Қ.САЙЛАУ

Тегтер: