Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:18, 01 Желтоқсан 2024

Кипр Kazakhstan Kagazy компаниясының экс-басшысын «алтын төлқұжаттан» айырды

алтын төлқұжат
Фото: Shutterstock

Кипр үкіметі инвестициялық бағдарлама аясында 77 шетелдікке берілген «алтын төлқұжаттарды» жойды. Бұл туралы Politis басылымы хабарлады.

Бұл тізімде ресейлік, украиналық  кәсіпкерлер және Кazakhstan Kagazy-ның бұрынғы басшысы Мақсат Әріп те бар. Ол наурызда Қазақстанның өтініші бойынша БАӘ-де ұсталды.

Сонымен қатар, келесі тұлғаларға берілген Кипр азаматтығы жойылды: ФСБ бұрынғы тергеушісі Сергей Ковбасюк, Шереметево директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Александр Пономаренко, «Альфа-Групп» компаниясының негізін қалаушы Алексей Кузьмичев, «Русал» компаниясының негізін қалаушы Олег Дерипаска, «Меркурий» компаниялар тобының иесі Игорь Кесаев, «Сафмар» тобының негізгі акционері Михаил Гуцериев, Пробизнесбанктің бұрынғы иесі Александр Железняк, Әлішер Усмановтың қарындасы Гүлбахар Усманова және т.б.

1
Фото: politis.com

Бұл тізімге ресейлік кәсіпкерлерден бөлек, бірнеше украиналықтар да енген. Олардың арасында алаяқтық және ақшаны жылыстату үшін Киев түрмесінде отырған миллиардер Игорь Коломойский, сондай-ақ «УкрЛандФарминг» компаниясының иесі Олег Бахматюк бар.

Төлқұжаттарын жоғалтқан шетелдіктер Кипр үкіметінің шешіміне шағымдана алады.

Айта кетейік, Мақсат әріп Қазақстанның өтініші бойынша наурызда БАӘ- де ұсталды. Ол Kazakhstan Kagazy зауытын 2003-2008 жылдар аралығында басқарған. Оған 150 млн доллар ұрлады деп айып тағылған.

«Алтын төлқұжат» деген не?

«Алтын төлқұжат» бағдарламасы Кипр үкіметінің бай шетелдіктерге азаматтық беру үшін экономикаға инвестиция салуын талап ететін келісім болды. Осы бағдарлама негізінде Кипр азаматтығын алу үшін:

· кем дегенде 2,15 млн еуро инвестиция;

· Кипрде жылжымайтын мүлік сатып алу немесе бизнес ашу;

· мемлекетке қайтарылмайтын жарнаның белгіленген сомасын төлеуге міндетті.

Азаматтық алған адамдар Кипр төлқұжаты арқылы ЕО елдеріне еркін қол жеткізе алады. Алайда 2020 жылы «алтын төлқұжаттар» беру бағдарламасы көптеген заң бұзушылықтарға байланысты тоқтатылды. Әл-Жазира жүргізген журналистік сауалнамада тіпті сотталған шетелдіктер мен іздеуде жүргендерге де азаматтық берілгені анықталды.

«Алтын төлқұжат» бағдарламасы бойынша 6779 шетелдік Кипр азаматтығын алса, оның 2886-сы ресейліктер.

Тегтер: