Қыр жағалаған мұғалім
Қазығұрт ауданы Аққұм ауылында мектеп мұғалімдерінің интернеттің сапасыздығынан қыр жағалап жүрген фотосы біраз шенеунікті әбігерге түсірді. Аталған ауылда интернет сапасының жақсаратынын цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады. Дәлірегі «Транстелеком» мекемесі Аққұм ауылында секундына 20 Мегабайтқа дейін интернетпен және радиорелелік көпір технологиясы бойынша лимитсіз трафикпен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізетін болды.
Осы жағдайға қатысты Түркістан облысының цифрландыру басқармасы да пікір білдірді. Басқарманың жариялаған түсініктемесіне қарағанда, мұғалімдерге ай сайын интернет лиммиті беріледі екен. Алайда ұстаздар оны тиімсіз пайдаланатын көрінеді.
Біз осы мәселе бойынша аталған білім ұясына барып, мән-жайды анықтап қайтқан облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматовпен хабарластық. Оның айтуынша, осы жағдайдан кейін мектеп директорына сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берілген.
– Аққұм ауылында интернет бар. Бірақ оның сапасының нашар екендігі рас. Министрліктің бұйрығы бойынша мұғалімдер интернет сапасы жақсы болған жағдайда электрондық журналмен жұмыс істеуге міндетті. Егер интернеттің сапасы бұған мүмкіндік бермесе, қағаз жүзінде жұмыс істей берулеріне рұқсат етілген. Мектеп директоры ұжыммен келісе отырып, журналды қағаз жүзінде жүргізуі тиіс еді. Оқу процесін дұрыс ұйымдастырмағаны үшін ол тәртіптік жазаға тартылды, – деді Ғалымжан Алматов.
Жалпы, Түркістан облысында көп ауылдардағы мектептерде интернеттің сапасы көңіл көншітпейді. Ғаламтордың жылдамдығы құжаттағы мәліметтермен сәйкес емес. Білім ұяларындағы жағдайды көзбен көріп келген депутаттардың айтуынша, бір ғана Төле би ауданында мектептердің 30 пайызы ғана ғаламтормен қамтамасыз етілген. Кешегі пандемияның кезінде шәкірттердің қалай онлайн білім алғанын осыдан аңғара беріңіз.
Ең қызығы, Аққұмдағы мектептің мәселесі қызу талқыланып, оған министрлікке дейін араласып жатқан кезде Түркістан облыстық білім басқармасының бар-жоғы да білінбеді. Екі-үш жылдан бергі аралықта облыстағы мыңнан астам мектеп тікелей облыстық білім басқармасына бағынады. Осындай жағдайда басқарманың, оның басшыларының бір ауыз түсініктеме беруге шамасы келмеді. Бұл неғылған бейғамдық?
Тамыздың соңында облыстағы біраз мектептер жаңа оқу жылына дайын болмай шықты. Осыған байланысты облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданындағы Панфилов мектебіне арнайы барып, мердігерге ескерту жасаған. Сол кезде жергілікті басшылар мектептегі жөндеу жұмыстары 25 тамызда аяқталады деп сендірген еді. Алайда қыркүйектің басында мектептегі жөндеу жұмыстарының әлі аяқталмағаны әлеуметтік желіде жарияланды. Ал облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының осындай жауапты кезде не істеп жүргенін ешкім білмейді. Ол білім саласына қатысты жиындардан, шаралардан төбе көрсетуді қойды.
Жалпы, биылғы жаңа жыл Түркістан облыстық білім басқармасының басшылары үшін жайсыздау басталды. Антикор басқарманың басшысы Дінислам Болатханұлы мен оның орынбасарларының үстінен сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен қылмыстық іс қозғады. Рас, қылмыстық іс кейін қысқартылды. Алайда антикор «ұжымда сыбайлас жемқорлыққа төзбестік ахуалын қалыптастырудың орнына қарамағындағы қызметкерлерге заңсыз тапсырмалар жүктеп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бергені» үшін бас ұстаз бен оның орынбасарларының тәртіптік мәселесін қарау жөнінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға хат жолдады. Д.Болатханұлы мен орынбасары хаттың күшін жою жөнінде әкімшілік сотқа арызданды. Маусымда сот талап-арызды қанағаттандырусыз қалдырды. Мұнымен келіспеген басшылар облыстық сотқа шағымданған болатын. Жуырда облыстық сот алғашқы сатыдағы соттың қаулысын күшінде қалдырды. Түркістанның бас ұстазының ендігі қызметтік тағдырының не болары белгісіз.
P.S. Өткен аптада облыстық мәслихаттың сессиясында білім басқармасының атқарған жұмысы қаралды. Депутаттар басқарманың жұмысын «қанағаттанарлықсыз» деп бағалады. Жиында халық қалаулыларына есепті басқарма басшысының орынбасары Б.Ахметов берді. Бас ұстаздың қайда жүргенін білу үшін өткен аптаның соңында басқарманың баспасөз қызметімен байланыспақ болған едік. Бірақ ол әрекетімізден ештеңе шықпады. Дінислам Болатханұлы қашанға дейін елмен жасырынбақ ойнайды?
Бақытжан Әбдірашұлы