Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:55

Қырағы қазақ полициясы кинодағы қылмыскерді де ұстайды

Полиция
Фото: ЖИ

21 қазан күні кинопродюсер Айсәуле Әбділданың жазбасы әлеуметтік желіде резонанс тудырды.

 Продюсердің сөзіне қарағанда, 5 қазанда Алматыда фильм түсіріп жатқан сәтте полиция түсірілім көліктерін тоқтатқан. Инспекторлар «заң бұздыңдар» деп хаттама толтырған. Олар кино түсіріп жатқан топтың уәжіне құлақ аспаған, Алматы полиция департаментінен алған рұқсат қағазы барын да ескермеген. Көліктер айыптұраққа қойылып, жүргізушілер бір тәулікке қамалған. Іс кейін сотқа ұласып, нәтижесінде жүргізушілер 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған.

Көлітер
Кинодағы көліктер. Фото: Айсәуле Әбділда

Оқиға қалай болды?

Қазақ көрерменіне «Міржақып. «Оян, қазақ!» телесериалы және «Оян, қазақ» фильмімен танымал болған продюсер Айсәуле Әбділда мен режиссер Мұрат Есжан қазан айында кезекті рет «Қара алтын» фильмінің түсіріліміне кіріскен. Ол үшін қалалық мәдениет басқармасынан және қалалық полиция департаментінен рұқсат алған. Аталған фильм жас ұрпақтың ауылдан шыққанына қарамастан, үлкен жетістікке жете алатынын дәріптейтін фильм болған. Сценарий бойынша көліктер көшеден жүріп өтуі керек еді. Барлық мәселе осы жерден басталған. 5 қазан күні әл-Фараби-Назарбаев қиылысында үш көлік полиция тарапынан тоқтатылып, әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 4-тармағы – «көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік нөмірмен көлік басқару» айыбы тағылған. Сценарий бойынша оқиға 2000 жылдарды бейнелейтін болғандықтан, сол уақыттағы реквизит нөмірлер тағылған. Көліктер түсірілім алаңында болған, әл-Фараби мен Назарбаев көшесінің қиылысындағы көпір үстінде камералар қойылған.

Айсәуле Әбділда нөмір таққандағы ниет қылмыс емес, көркем шындық болғанын айтады. Алайда полиция қызметкерлері көрсетілген құжаттарды, түсірілім тобының уәжін ескермей, хаттама толтыра салған. Сол жерде айналада 60 шақты адам жұмыс істеп жатқан. Полиция мұны да ескермеген. Кейіннен көліктерді айып тұрағына алып кеткесін ертеңіне сот онлайн өткен. Продюсердің өзі оған қатыса алмаған, қатысу туралы өтініші қаралмаған. Соның кесірінен түсірілім тобы айып тұрағына 2 240 000 теңгедей ақша төлеген. Сот жүргізушілерді жалған нөмір таққаны үшін 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айырған.

Айсәуле мен Мұрат
Продюсер Айсәуле Әбділда мен режиссер Мұрат Есжан. Фото: жеке архив

Түсірілім тобының уәжі

Айсәуле Әбділданың сөзінше, түсірілімде қолданылған нөмірлер – реквизит. Продюсер мәселе туған кезде, әлеуметтік желіге шығып, үндеу жасауды қаламаған. Азаматтық құқығын еш жерді шулатпай қорғап көрейік деп үміттенген. Судьялар жағдайды түсінеді деп ойлаған. Алайда бәрі керісінше болып шыққан.

«Полиция осынша қатыгез болады деп ойламаппын. Істің мән-жайымен таныспады, оқиғаның байыбына бармады. Бізді тыңдамай қойды. Жүргізушілерді қамап тастағасын фильмнің продюсері ретінде бардым. Құжаттарымды көрсетіп шырылдап жүрмін, бірақ олар мені адам ғұрлы көрмеді. Қылмыскер сияқтысың. Олардың айтатын уәжі – көлікке тағылған жалған нөмірлер полиция департаментінің рұқсатында көрсетілмегені. Оны білмеймін ғой. Керісінше, ПД өкілдері ескертуі керек емес пе? Мен арыз жазуға барғанда норматив ұсынуы немесе сайттарына арнайы регламент жариялауы керек қой. Қазір дамыған заман емес пе?! Өздерінде өтінішті қалай толтыру керек екені жөнінде шаблон жоқ. Сосын еркін түрде өз білгенімше жазып бердім. Оны қабылдамай қойды. «Енді үлгі беріңіздер, соған қарай жазып берейін» десем – үлгі де жоқ.

Полиция өкілдеріне алғашында «айыппұл салыңыздар, төлеп берейік» деп те айттық. Көнбейді. «Істеріңіз қылмыстық жауапкершілік, біз сіздерді әкімшілік жазаға тартып отырмыз» дейді жұбатып. Алайда жалған нөмірді тағудағы мақсатымызға қарамай ма? Біз фильм түсіріп жатырмыз. Көліктеріміз жүріп те үлгермеген. Жолдың анадай жерінде камералар тұр, айналада 60 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Былайша айтқанда, көліктер түсірілім алаңында ғой. Ал полиция бәрін көрді. Әл-Фараби мен Назарбаев көшесінің қиылысындағы көпірде режиссер камералармен көліктерді келеді деп күтіп тұр. Оқиға 2000 жылдарды бейнелейді. Сол үшін сол кездегі нөмірлер тағылды. Эпизодты кадр ғана. Біз жалған нөмірмен қаланы аралап жүргеніміз жоқ. Рұқсат алғанда да қалалық ПД полиция қызметкерлері жетіспейді деп бермей қойды. Біз де жолды жабуды қаламадық. Онсыз да фильмдегі көліктер тоқтамай өтіп кетеді. Бар түсірілім сол ғана еді. Соған жеткізбей ұстап алды», – дейді Айсәуле Әбділда.

1
"Қара алтын" фильмінің түсірілім алаңынан. Фото: Айсәуле Әбділда

Сот шешімінің салдары

Продюсер оқиға орнында тұрып бірден жауапты қызметкерлерге, рұқсат берген ПД-ға қоңырау шалған. Бірақ демалыс күні болғандықтан ешкім телефон тұтқасын көтермеген. Оның қынжылатыны – сот кезінде де судья шешім шығарарда көліктердің фильм үшін, түсірілім алаңында жалған нөмір таққанын ескермеген. Тіпті сот бұйрығында бұл туралы бір ауыз сөз де жазылмаған.

«Жас Алаш» редакциясы да соттың үш жүргізушінің біріне таққан айыппен танысып шықты. Сот шешімі бойынша 2025 жылғы 5 қазанда Алматы қаласында К.Д.О. (аты-жөні қысқартылып алынды) Mercedes-Benz маркалы көлікті басқарып, әл-Фараби даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатып, Назарбаев даңғылының қиылысында полиция қызметкерлері тарапынан қасақана жалған мемлекеттік нөмір таққан деген айыппен тоқтатылған. Сот отырысында К. өз кінәсін толық мойындаған. Прокурор оны әкімшілік қамаққа алып, көлік жүргізу құқығынан айыруды ұсынған. Істің материалдарын зерттеген соң, сот мынадай шешімге келген: «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 4-бөлігі көлікті қасақана жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік нөмірмен басқарғаны үшін жауапкершілікті көздейді. Бұл бап бойынша айыппұл немесе бір жыл мерзімге жүргізу құқығынан айыру жазасы қарастырылған».

Сот К-ның өз кінәсін мойындағанын және оның кінәсі хаттамадағы мәліметтермен, полиция рапорттарымен, бейнежазбалармен және басқа да дәлелдермен толық дәлелденгенін көрсеткен. Сөйтіп, сот К-ның ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігімен көзделген әкімшілік құқықбұзушылықты жасағанын мойындап, оны кінәлі деп таныған. Осыған орай оған бір тәулік әкімшілік қамақ және 1 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру түріндегі жаза қолдануды шешкен.

Шынында да сот қаулысында жүргізушілер жалған нөмірді фильм түсірілімі үшін таққаны туралы бір сөз жоқ. Ал А.Әбділданы продюсер ретінде сотқа қатыстырмаған. Өтініш жазып, таңғы 07:00-ден соттың алдында күткен. Алайда сот түстен кейін басталған. Үш жүргізушінің ісін үш судья қараған. Судья әп-сәтте шешім шығарып тастаған.

«Түсінгенім, сені судья тыңдап отырмайды екен. Бәрі формалды болып тұр. Ұстаған кезде полиция қызметкерлері «уайымдамаңыздар, біз жай ғана тіркейміз. Сот сіздерді айыппұлмен жібере салады» деді. Алайда біздің сот бұлардан өткен сорақы! Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысында кино туралы бір ауыз сөз жоқ, жүргізушілер өздері қылмыс жасау мақсатында жалған нөмір тағып алған сияқты жазылған. Бұл деген шын болған оқиғаны бұрмалау емес пе? Егер Қазақстанда барлық қылмыскерді осылай ұстайтын болса, керемет гүлденіп жатыр екенбіз», – дейді «Қара алтын» фильмінің продюсері.

Айсәуле Әбділда
"Қара алтын" фильмінің продюсері – Айсәуле Әбділда

Саяси тапсырыс болды ма?

Кейінгі уақытта қоғамда көзге түсіп, белсенділік танытқан, беделі өскен адамдарға қарсы ақпараттық шабуылдар, әлеуметтік желідегі қитұрқы науқандар әрі жұмысына әкімшілік-бюрократиялық кедергілер жасау бары жасырын емес. Көп жағдайда бұл қысым заңның формалды нормалары арқылы жүзеге асады – «қауіпсіздік», «тәртіп» деген уәжбен шығармашылық пен азаматтық бастамалар тоқтайды. Бірақ «Қара алтын» фильмінің продюсері аталған оқиғаны саяси тапсырыс болды деп ойламайды.

«Саяси тапсырыс болмады деп жатқаным, ондай күдігіміз, жауымыз да жоқ. Мұрат екеуміз фильм түсіріп жүрміз, саяси тұлға да емеспіз. «Оян, қазақты» түсірсек, одан түскен млрд теңге мемлекетке қайтты. Кинотеатрлардан бір тиын да алғанымыз жоқ. Қазақстан арнасының бюджетіне барлық қаржы түсті. 10 есе ақтап бердік. Алайда «Оян, қазақ!» фильмінен соң мемлекет бізбен жұмыс істеуге құлықты болмай қалғаны рас. Енді осындай Қазақстан бойынша талқыланып, кинотеатрдан көрілген жоба жасағанымыздан кейін кезекті жобаларымыз да өтуі керек еді. Бірақ басқасы өтпей қойды», – дейді ол.

Продюсердің сөзінше, қазір елімізде кино түсіру қиындап бара жатыр. Қазір ірі орталықтар ҚҚС-мен жұмыс істейді. Алматыдағы көп локациялар қымбаттап кеткен. Соның кесірінен баға да өсіп жатыр.

«Коммерциялық фильмдер қазір қаптап кетті, оларға қаржы көп бөлінетінін біліп алған. Әлде жоғары баға ұсынып солай үйретті ме, әлде нарық солай боп кетті ме, түсінбей қалдық. Бұл біз сияқты бюджеті аз, жоқтан бар жасап жүрген киногерлер үшін қиын болып тұр. Екіншіден, көрінген жерде полиция келіп құжатың қайда деп қорқытып-үркітеді. Бірақ біз ПД-ға хат жазғанда олар жылдам жауап беріп, рұқсат қағазымызды қиналмай алуымыз керек қой. Қылмыс жасап жатқанымыз жоқ. Кино түсіреміз, оның салығын мемлекетке төлейміз. ПД-дан рұқсат алу мұң болды. Арыз жазсаң, кері қайтара береді. Ал өздерінде соған сай регламент жоқ. Көшеде фильм түсірсеңіз былай, мына нәрселерге рұқсат жоқ деген сияқты болу керек. Мысалы, біз АҚШ-та фильм түсірген кезде ешқандай мәселе туған жоқ. Ережесі көп, алайда оның бәрі сайтында жазылып тұр. Тіпті полиция қызметкерімен де сөйлеспейсің, сол жерде көрсетілгендерді жазып берсең болды. Адаммен сөйлесіп, рұқсат сұрап сабылып жүрмейсің. Бәрі жүйелі. Ал осы оқиғадан соң қалалық ПД-ға хабарлассаң, «көліктерді тіркеу керек еді, жалған нөмір тағылуы жайлы жазылу керек еді» деген сияқты айтады. Тағы да қайталап айтам, бізге түсіндіріп айтпаса, оны қайдан білеміз. Ақпараттың бәрін әркімнің аузынан естиміз. Дұрыс жүйеде олай болмауы керек», – деді Айсәуле Әбділда.

P.S. Осы жағдайдан соң түсірілім тобы жүргізушілерге 2 240 000 теңге сыйақы төлеген. Бұл сома көліктердің айып тұрағында тұрған ақысы. Кейін жүргізушілер күнделікті тауып отырған нанынан айырылғандарын алға тартып, өтемақы ретінде 6 млн теңге талап еткен.

Аталған оқиға бойынша «Жас Алаш» екі рет Алматы қаласының полициясына хабарласты, бірнеше сауал да жолдады. Алайда олардан мақала дайын болғанша жауап келмеді. Енді редакция Ішкі істер министрлігіне ресми сауал дайындап жатыр. 

Тұрсынбек БАШАР