Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 09 Ақпан 2024

Қырағы Сыздықбековтің чекистік позициясы

Антикор
Фото: из открытых источников

Шымкент әкімінің жиналыс үстінде отырып, қол астындағы қызметкерін антикорға ұстатып жіберген бейнежазбасы желіде қызу талқыланып жатыр.

Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбеков әлгі бейнежазбаны өзінің инста парақшасына да салып, түсініктемесін де жазып қойды. 

Әкімнің сөзінше, қалалық басқармалардың бірінде басшы лауазымдағы азаматтың іс-әрекеттері күдік тудырған.

«Осыған орай, әкімдіктің бүгінгі аппараттық мәжілісі үстінде аталған азаматты тергеу жұмыстары жүргізілетін уақыт аралығына қамауға алу мүмкіндігі берілді. Көпшіліктің көз алдында болған бұл жағдай сол жиынға қатысқан әкімдіктің басшылық құрамымен қатар барша қызметкерге ой салар деп білемін. Әр нәрсенің сұрауы барын, бірінші кезекте сұрау салар адам бар екенін әріптестерімнің ұмытпағаны жөн. Мұндайдан арашалап, қорғап қалар ешкім болмайды», – деп жазды ол.

Жемқорлық салдарынан мемлекет тарапынан бастау алған көптеген жобаның халыққа пайдасы тимей жатқанын айтқан Сыздықбеков бес айдан бері бұл мәселені көтеріп келеді екен. Әкім басқа амалы қалмағандықтан осылай жасауға мәжбүр болыпты. «Мен сіздерге жау емеспін. Егер дұрыс нәтиже көрсетсеңіздер, мен де дұрыс қараймын. Осыған дейін ойлаған боларсыздар, бос әңгіме деп. Бұл бос әңгіме емес. Бұл – менің позициям. Мен бұдан ешқашан қайтпаймын» деген сөзіне халық қазір не сенерін, не сенбесін білмей дал. Тіпті бұқараның арасында «бұл саяси сахнадағы кезекті пиар, халыққа жақсы көрінудің бір амалы, арзан «ход» деген пікірлер де айтылып қалды.

Ресми дерекке сүйенсек, Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасының міндетін атқарушы Азат Момынов қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген. Бұған қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жуырда сейсмикалық қауіпсіздік, табиғи және техногендік сипаттағы басқа да төтенше жағдайлар саласында тексерулер жүргізген.

«Соның нәтижесінде лауазымды адам қаланың 216 тұрғын үйінің сейсмикалық тұрақтылығын технологиялық тексеру жөніндегі жұмыстарды орындауға бөлінген аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобымен жымқыру бойынша күдікті. Қазіргі уақытта ол Шымкент қаласының ПД УҰИ-да қамауға алынды. Келтірілген залал сомасы – 120 млн теңге» дейді ведомство өкілдері.

Негізінде, біз бұл арада әкім Ғабит Сыздықбековтің де, әкімдік қызметкері Азат Момыновтың да сөзін сөйлеуден аулақпыз. Бірақ жиналыста отырып ұсталып кеткен мемлекеттік қызметкерді бұрын-соңды көрген жоқпыз. Рас, әкімдердің, министрлердің қарамағындағыларды тұрғызып қойып сөгіс беріп, сілкіп алатынын көргенбіз. Тіпті соңғы кезде әкімдер қарамағындағыларға зіркілдеп жатқанын мақтан көре ме әлде жұмыстарын осылай көрсету сәнге айналған ба, қазір қай облыстың әкімі болсын бірден жұртты жиып алып шүйлігіп отырған бейнежазбасын әлеуметтік желіге жүктей қоюға шебер. Кейде әкімдердің орашолақ сөздеріне, орынсыз әрекеттеріне қарап олардың мемлекеттік қызметкерлердің этикасын оқығанына, оны білетініне де күмәнданасың.

Заңгер Жандос Өмірәлиевтің сөзіне сүйенсек, «мемлекеттік қызметкерлерге сөгіс берудің өзінің ережесі бар. Тәртіптік жазаға тарту ережесі бойынша алдымен ескерту, одан соң сөгіс, одан соң барып қатаң сөгіс беріледі. Заң бойынша жиналыс үстінде біреудің ар-намысына тиіп зіркілдеу, ұстап әкетуге және ол бейнежазбаны әлеуметтік желіге таратып жіберуге болмайды. Қандай да бір видео жарияланған күннің өзінде күдіктінің бет пішіні жасырылуы керек. Қылмыс нақты дәлелденгенше кез келген ұсталған тұлғаның аты-жөні, тегі және атының бастапқы әріптері ғана айтылады. Мысалы, күдікті «М.А» деп қана ақпарат берілуі керек. Этика бойынша да, Қылмыстық кодекске сай да осылай».

Ал заңгер Камиша Есмұхамбетқызы былай дейді:

«Заңдық тұрғыда адамның құқығы сақталуы керек. Әкім, әрине, елдің көзінше жұмыс істегенін көрсеткісі келеді. Әкімнің айтқанын тыңдамайтын, тапсырмасын орындамайтын сәттер де болады. Бірақ ол жерде адамды ұстау жөнінде ордер қай мекенжайға берілді, ол ордер заңды ма, заңсыз ба? Қандай да бір тұлғаны ұстар алдында ол адвокат шақыруға құқылы. Міне, осы жағынан алсақ адам құқықтары еленуі керек. Бұл жерде мен әкімді де, екінші тарапты да жақтамаймын. Біз мәселенің қалай болғанын білмейміз, қасында болған жоқпыз. Заңдық құқыққа сүйенетін болсақ, жиналыста отырып адамды ұстамайды. Әкімде ондай құзырет жоқ. Әкім тек тапсырма бере алады. Және әкім «осындай шағым, арыз келіп түсті, сол шағымның негізінде тексеріс жариялауы керек» деп талап ете алады. Бұл арада ең бастысы – адам құқын шектеуге, оны бұзуға жол берілмеуі керек».

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхаммедов те бұдан нәтиже шыға қояды деп есептемейді. Әкімнің қызметкерін ұстатып жіберген әрекеті тамырланып кеткен жемқорлықтың түбіне балта шауып, басқаларға сабақ бола қоюы екіталай. Бұл арада басқаша тәсіл керек. Бізде жемқорлыққа қатысты заң да, талап та, ереже де бар. Өкінішке қарай, қатаң заң мен қатып қалған ережеден жемқорлық пен заңсыздық отыз жыл бойы тыйылған жоқ. Бұл арада әрбір мемлекеттік қызметкердің ар-ұяты оянуы керек. Мысалы, өркениетті елдерде әкім, мэр, оның қол астындағы қызметкерлер міндетін дұрыс атқара алмаса, бүкіл халықтың алдына шығып кешірім сұрайды. Қызметінен кетеді. Саясаттанушы әдептілік пен ар-ұят жағынан Жапонияның мемлекеттік қызметкерлерінің деңгейі жоғары екенін де мысал етті.

Расымен де, 2018 жылы аталған елдің премьер-министрі Синдзо Абэ жер дауы үшін халықтың алдына шығып кешірім сұраған. Бұдан бөлек, 2019 жылы Жапонияның ұлттық жер, инфрақұрылым, транспорт және туризм министрі Кэйити Исии орынбасарының орынсыз сөзі үшін халықтан бас иіп, кешірім сұрап, орнын да босатып бергенін естіп, таңғалғанбыз.

«Бізде қай әкім, қай министр «міндетімді дұрыс атқара алмадым» деп елден кешірім сұрап еді?! Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің әдеп дағдысының қалыптаспағаны соншалықты, олар әу баста қызметке кіріскенде берілетін антты да дұрыс бермейді. Оның мағынасын да ұқпайды. Халықтың алдында ант берудің қаншалықты ауыр жүк екеніне пысқырмайды. Осы ант беруден бастап жауапкершілікті сезініп, ар-ұяттары оянғанда біз әр шенеунікті аңдып, ұстап, қамап отырмайтын едік. Ал әкімдердің жиналыстарда отырып алып қызметкерлеріне шүйлігіп, оны ұстатып жібергеніне келсек, қазір әкімдерге талап күшейді. Қандай да бір әкімнің қарамағындағы қызметкер жемқорлық бабымен ұсталса, ол әкімнің өзі де қызметімен қош айтысады. Осындай қатаң талап қойылғаннан кейін әкімдер оны орындап жатқандарын көрсету үшін қызметкерлеріне шүйлігіп, жиналыстарын әлеуметтік желіге жүктеп, ел күтпеген байламдар жасап жатқан болар. Бірақ мұндай қадамдармен жемқорлық тыйылмайды. Мемлекеттік қызметкердің мықты құралы – әдеп дағдысы жоғары, ар-ұяты таза болуы керек. Ол болмаса, бастаған істің де мәні болмайды», – дейді саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхаммедов.

Мемлекеттік қызметкерге керегі ең алдымен тазалық және әдеп дағдысы. Ал біздің қайсыбір мемлекеттік қызметкерлердің әдеп дағдысы дағдарыста, ар тазалығы қалтарыста қалғаны ащы да болса шындық. Тәртіп болғаны, қылмыстының ұсталғаны дұрыс. Бірақ 1937-дегі репрессияны еске түсіретін (қоғамда Сыздықбековтің әрекетін сол жылдардағы ұстап кетумен теңегендер көп болды) әрекеттер шенеуніктерге абырой әпермейді. Әйтпесе, осы күні Шымкент әкімінің «қырағылығына» риза болып, мақтап, тауыса алмай отырар едік. Қырағы чекистердің заманы өткенін, қазіргі қоғам қылмыскердің де құқығы, моральдық хақы бар екенін сезіне бастаған, мұндай тосын жайтты түршіге қабылдайтынын Сыздықбековтер ұғынбайтын сияқты. Әйтпесе, ұпай жинаймын деп ашық күнде басына бәле тілеп алмас еді. Ертең ол ұстатып жіберген Момынов ақталып шығуы да мүмкін ғой. Ондай жағдайда желі қолданушыларының тілімен айтқанда, «кино ойнап» отырған Сыздықбековтің «амалсыздан бардым» деген сөзі ақталуға жарамай қалғалы тұр. «Халық жауын» ұстағандай тепсіне сөйлеп, сценариймен жұмыс істейтін Шымкент әкімінің «қырағылығы» пиар жасаудың да жөні бар екенін көрсетіп берген оқиға болды.

Қарлығаш Зарыққанқызы