Қыран құс һәм қазақтың рухы

Қыран баптау, құс салу қыр қазағының ежелгі аңшылық салтының ажырамас бір бөлігі. Қарлы шың, құлди құздарды мекендеген кермиық қырандарды қолға қондырып, аңға салған саятшылық өнер көшпенділер мәдениетінің көнермес бір көрінісі іспетті.
Ел тарихында ертеден саятшылық өнер Арқа, Жетісу, Тарбағатай, Еренқабырға, Боғда, Алтай-Сауыр жерлерінде қалыптасып, содан бері құсбегілік әрі күнкөріс қамы, әрі сән мен салтанаттың айшығы, әрі бекзаттық белгісі болып келе жатыр. Ендеше, бүгінде осы тулақтай жердің төсінде, теңгедей көктің жүзінде дүбірлеген тұлпарлар тұяғы шарқ ұрып, қалықтаған қыран үні әлі қүнге дейін үзілмей жаңғырып тұрса, бұл да осы төл өнерімізді қастер тұтар азаматтардың арқасы деп білеміз. Солардың бірі – сонау кеңес өкіметі кезінің өзінде құсбегілікті әлемге танытып, қыранын Франция көгінде қалықтатқан, елімізде алғаш рет бүркітшілер мектебінің ашылуына мұрындық болған Сәрсенбек Дәулетбақов еді. Алматы облысының Кеген ауданының «Құлағанжар» тау бөктерінде қазанның 12-15 аралығында атақты бүркітшіні еске алуға арналған «Салбурын» дүбірлі додасы халықаралық деңгейде атап өтілді. Турнирге Қытай, Моңғолия, Түркия, Португалия сияқты алыс-жақын елдерден 70-ке жуық саятшылар қатысты. Төрткүл дүниеге тұғыр жайған төл өнеріміз бен өткен тартысты сайыс турасында ұлттық спорттың жанашыры, «Қыран» Федерациясының атқарушы директоры, Республикалық «Құсбегі» федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы әңгімелеп берген болатын.
—Өз сөзіңізде Жалайыр Шора атындағы Бүркітшілер мектебі ашылған тұста бірқатар ел ағаларының көзін көріп, тәлімін алдым деп мақтанышпен айтып жүресіз. Жалпы бүгінде аты аңызға айналған ағалармен, соның ішінде есімі ұлықталып жатқан бүркітші Сәрсенбек Дәулетбақовпен таныстығыңыз қалай басталды?
—1989 жылы Алматының орталық стадионында тұңғыш рет бүркітшілердің халықаралық фестивалі өтті. Оған сол кезде Алматы қаласының атқару коммитетінің төрағасы болған Заманбек Нұрқаділов, қоғам және мемлекет қайраткері Заманбек Батталханов, этнограф Жағда Бабалықұлы сияқты ағаларымыз атсалысып, еліміздің түкпір-түкпірінен фестивальге қатысатын бүркітшілерді іздестіре бастады. Сол кезде жиналған Айтбай Жетібайұлы, Шәкен Ошанбайұлы, Әбілхақ, Абдолла Тұрдыбаевтар сияқты кіл хас бүркітшілердің алдында Сәрсенбек Дәулетбақов ақ боз атымен ойқастап, шеруді бастаған еді. Ол кісімен сол кезде таныс болдық. Кейінірек 1997 жылы Қазақ радиосында қызмет етіп жүргенімде осы Сәрсенбек, Айтбай ағаларды арнайы іздеп барып, үндерін таспаға түсіріп алғаным бар еді. Сәрсенбек аға сырқаттанып жатқан екен, маған кетерімде аманат айтып, «қыранымды ұстайтын балалардың реті келмей тұр» деп тұғырындағы бүркітін ауылдағы бүркітшілерге тапсыруды өтінген еді. Сезгендей-ақ, өзі содан екі күннен кейін бақиға аттаныпты. Сайыстың алдында күн райы бұзылып, қар жауғанымен, ертесінде күн қайта айығып, жадырап сала бергенде жұрт мұны Сәрсенбек атамыздың адуын мінезіне балап жатты. Ол кісі өзі жігіттің жеті өнерін бойына жинаған әрі белді балуан, әрі зергер адам еді. Өзі ат жаратып, бәйгеге қосқан сері адам болатын. Франция киногерлері ол кісі жайлы деректі кино түсірген. Бізде ел аузында «аюға түскен алабас бүркіт» деген сияқты аңыз-әпсанаға айналып кеткен әңгімелер бар. Сәрсенбек ағаның бүркіті де орман ішіне кіріп кетіп, сілеусінге түскен кезінде оператор есінен танып қалған көрінеді. Қазір сол бүркіттің әуелеп ұшқаны мен сілеусіннің қашқан кадрлары бар да, дәл түйіліп келіп басқан сәті таспаланбай қалыпты. Осындай аңызға айналған атамыздың есімін қайта жаңғырту көптен ойымда жүрген еді. Биыл соның реті келіп, Сәрсенбек атаның баласы Жанболаттың және Кенжебек Келгенбеков сияқты азаматтардың ұйытқы болуымен сайыс жоғары деңгейде өтті. Турнирде 60-қа жуық бүркіт, 14 ителгі, 10 қаршығаның бабы сыналды.
—Саятшылық салтта аңшылардың өзіндік белгіленген аңға шығу кезеңдері болады. Сіз айтқан – «Сонар», «Салбурын» атаулары да аңшылық уақытының атаулары ғой. Осы туралы айта кетсеңіз.
—Дұрыс айтасың, сонардың да бірнеше түрі болады. Кей жылдары қар ұзақ уақыт жаумаған қыстың басында саят ісінің ырғағын бұзбау үшін аңға шығуды қарасонар дейді. Ал топтасып, ұзақ уақытқа жорық жасауды ұзақ сонар деп атайды. Қансонар – жаңадан қар түскен кездегі аңшылық. Ал Сабурынның жөні бөлек. Бұны тек спорттық іс-шара деп қарауға болмайды. Біз ЮНЕСКО-ның «Материалдық емес құндылықтарды қорғау» ұйымына Салбурынның 3 күндік, 5 күндік бағдарламасын дайындап, «Салбурын-қазақтың аңшылық мерекесі» деген атаумен жолдағанбыз. Шынында ертеректе аңшылар, мергендер, құсбегілер мен саятшылар атшы-қосшыларымен, олардың ішінде әнші, күйші, жыршылар да бар, ел-жұрттан аулақ иенге шығып, жадағай қостарын тігіп, айлап жатып аң аулайтын болған. Күндіз аңшылықтан келген соң халық жиналып, ойын-сауық, ән-күй ойнап, думан құрады. Демек, бұл тек аңшылық маусым емес, әрі мәдени-сауықтық шара болатын. Біз де сол Салбурынның бірқатар элементін осы жолғы турнирде жандандырып, жаңғыртуға тырыстық. Бұл әлі де көп күш жұмсауды талап ететін жұмыс. Егер жақсылап ұйымдастырар болсақ, Сабурын Көшпенділер ойынының да орнын басатын дүние.
—Апай, өзіңіз де хабардар боларсыз, моңғолиялық бүркітші қыз Айшолпан бүгінде түрлі әлемдік деңгейдегі фильмдер мен кітаптардың тақырыбына арқау болып, қаймана жұртқа осы құсбегілік өнерді танытып жүр. Бәлкім, бізге де осындай мәдени насихаттар жүргізу керек шығар?
—Сонау екі мыңыншы жылдардың басында Айшолпаннан бұрын біздің Қазақстанда Мақпал Әбдіразақова деген бүркітші қыз шыққан. Оны да өз әкесі бүркітшілікке баулып өсірген болатын. Сонау 2006 жылы Англияға барғанымда сол Мақпалдың қолына қаршыға ұстап, тазы жетектеп тұрған фотостендін апарып бердім. Сол кезде бүкіл шетелдік журналистер кезектесе суретке түсіріп жатты. Демек, біз де дарындардан кенде емеспіз, ақсап тұрғанымыз – соларды бағалап, насихаттай алмай келе жатқанымызда. Менің осы істің басында жүргеніме, міне, 35 жыл болды, әлі күнге дейін қыз баланың бүркітшілікпен айналысуына болмайды деген пікірді естимін. Ал енді, мен айналыспасам, кім айналысады, төл өнерімізді кім сақтап қалмақ? Осындай сөздердің кесірі Мақпалға да тиді
Қазір айтылып жүрген кейбір пікірлердің сыңайы, федерация өзін-өзі қаржыландырсын дегенге саяды. Бұл бәс тігіп, жарысқа қосатын жүйрік ат емес қой, ұлттық спортқа мұндай дүниені енгізуге болмайды. Оған мемлекет қамқорлық жасауы керек. Сәбит Мұқанов: «Қазақтың саятшылық, құсбегілігі біздің ұлттық спортымыздың биік шыңы» деген. Біз жетпіс жыл бойы өзіміздің төл өнерімізден ажырап қалдық. Баяғыда қазақ қырғыздарды «босағасына құс салдырмаған маңқа қырғыз» деп мазақ ететін болған. Қазір олар бізден асып кетті. Әлкей Марғұлан атамыз: «Саятшылық өнер арқылы халық табиғатпен қоян-қолтық араласып, оған жақындығын сезінетін, енді осы сезім сейілсе, бір кезде дамып, қанат жайған халық мәдениетінің де бір бөлшегі ұмытылғаны емес пе?» деп өкініш білдіреді. Біз әлі сол өкінішпен өмір сүріп келеміз.
Сұхбаттасқан Қосқанат Бауыржан
Алматы облысы