Қырғыз парламенті экс-президент Ақаевтың өтінішін қабылдамады
25 қыркүйекте Қырғызстан Парламенті (Жогорку Кенеш) бұрынғы президент Асқар Ақаевтың экс-президент мәртебесін қалпына келтіру туралы өтінішін қарады.
Парламент депутаттары Ақаевтың өтінішін қабылдамады. Бұл шешімге 71 депутат дауыс берсе, 2 депутат қарсы болған.
Бұл шешімге түсініктеме берген Жогорку Кенеш спикері Нұрланбек Шәкиев бұл мәселенің маңызды екенін және қоғамда қызу талқыланып жатқанын айтты.
«Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қандай қиындықтарға тап болғанын бәріміз де көрдік. Жақсыдан гөрі жамандық көп болды. Бұл бірінші президент ретінде Асқар Ақаевтың кінәсі. Соның ішінде Ақсы оқиғасы. Ақсылық сайлаушылар бұл мәселені қадағалады. Парламент дұрыс шешім қабылдады деп ойлаймын. Бұған өз бағасын тарих пен халық береді», - деді Шәкиев.
Қыркүйектің 5-і күні парламент депутаты Чолпон Сұлтанбекова Ақаевтың экс-президент мәртебесін қайтаруға ниетті екенін хабарлады. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ақаевтың ниетіне түсініктеме бере отырып, бұл мәселе бойынша шешімді парламент қабылдауы тиіс екенін және ол ештеңе айта алмайтынын атап өтті.
Айта кетейік, Асқар Ақаев – Қырғызстанның тұңғыш президенті. Ол үш мерзім қатарынан ел президенті болды. 2005 жылғы 24 наурыздағы революция кезінде ол елден қашып кеткен. Ақаев Мәскеуде тұрақтап, Мәскеу мемлекеттік университетінде сабақ берді.