Қырғызстан Нипах вирусына байланысты Үндістаннан мал әкелуге шектеу қойды
Қырғызстанда 2025 жылғы 28 қаңтардан бастап Үндістаннан Нипах вирусына бейім жануарларды, сондай-ақ жануар тектес өнімдерді әкелуге уақытша шектеу енгізілді.
Қырғызстанның ветеринария, мал шаруашылығын дамыту, жайылымдар мен жем-шөп қызметінің мәліметінше, қабылданған шаралар елдің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Нипах вирусы – жануарлардан адамға жұғатын қауіпті зооноздық инфекция. Осыған байланысты ведомство азаматтарға шығу тегі белгісіз жануар тектес өнімдерді сатып алмауға, сондай-ақ өнімнің ветеринариялық ілеспе құжаттарының болуына назар аударуға кеңес берді.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, жағдай тұрақты бақылауда.
Бұған дейін Үндістанда Нипах вирусын жұқтыру жағдайларының тіркелуіне байланысты шұғыл шаралар енгізілгені хабарланған болатын. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы Үндістанда жүрген қазақстандық туристерге арнайы ұсынымдар жариялаған.
Айта кетейік, Нипах вирусының таралу қаупіне байланысты бірқатар елдер де шекарадағы санитарлық бақылауды күшейтті.