Қырғызстан парламенті спикері қызметінен кетті
Қырғызстан парламенті – Жогорку Кеңештің төрағасы Нурланбек Тургунбек уулу (Нурланбек Шакиев) қызметінен кетті. Ол бұл шешімін парламент отырысында өзі жариялады.
Саясаткер отставкаға өз еркімен кеткенін, ешқандай қысым болмағанын айтты.
«Шешімімді белгілі бір адамдармен байланыстыру дұрыс емес деп санаймын. Мен ешқашан бір немесе екі адам үшін жұмыс істеген емеспін, әрдайым ел мен қырғыз халқының мүддесі үшін қызмет еттім. Өткен уақытта елде маңызды әрі қажет шешімдердің қабылдануына үлес қостым. Саяси тұрақтылықты сақтау үшін фитнасыз жұмыс істеуді үйренуіміз керек», – деді ол.
Нурланбек Тургунбек уулу депутат ретінде қызметін жалғастыратынын қоса айтты.
Жаңа спикер кім болады?
Жергілікті дереккөздердің мәліметінше, парламенттің жаңа төрағасы болып Марлен Маматалиев сайлануы мүмкін.
Отставкалар тізбегі жалғасуда
10 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиевті қызметінен босатқан еді.
Осы шешімнен кейін БАҚ-та Түркияда іссапарда жүрген парламент спикері де қызметінен кетуі мүмкін деген ақпарат тараған болатын.
Қауіпсіздік құрылымдары қайта ұйымдастырылуда
Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің өкілеттіктері қысқартылып жатыр. Атап айтқанда:
-
Мемлекеттік шекара қызметі дербес құрылымға айналдырылды;
-
Комитеттің 9-қызметі бөлек шығарылып, елдің жоғары лауазымды тұлғаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Мемлекеттік күзет қызметі құрылды;
-
Бұл жаңа құрылым тікелей президентке бағынады.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы отставкалар мен құрылымдық өзгерістер Қырғызстан билігінің ішкі қайта конфигурация кезеңіне өткенін көрсетеді.