Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:20, 14 Сәуір 2025

Қырғызстан Ресей елшісінен түсініктеме талап етті: Мәскеудегі рейд халықаралық дауға айналды

1
Фото: Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі

Қырғызстан билігі Ресей Федерациясының Қырғызстандағы елшісі Сергей Вакуловты сыртқы істер министрлігіне шақырып, Мәскеу қаласындағы «Бодрость» моншасында қырғыз азаматтарына қарсы жүргізілген рейдке қатысты ресми түсініктеме талап етті.

 Бұл туралы Қырғызстан СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік Ресей елшісіне «Бодрость» моншасында жүргізілген операцияның құқықтық негізін түсіндіруді және ұсталған азаматтарға күш қолдану себептерін нақтылауды сұрады. Сонымен қатар, егер құқық қорғау органдары тарапынан заңсыз күш қолдану фактілері расталса, кінәлі қызметкерлерді жауапқа тартуды талап етті.

Қырғыз тарап сондай-ақ мұндай әрекеттер екі ел арасындағы одақтастық пен стратегиялық серіктестікке нұқсан келтіруі мүмкін екенін атап өтті және алдағы уақытта мұндай оқиғалардың алдын алу үшін нақты шаралар қабылдауды ұсынды.

11 сәуірге қараған түні Мәскеудегі қырғыз мигранттары жиі баратын моншада жүргізілген рейд қоғамның ашу-ызасын туғызды. Куәгерлердің айтуынша, ОМОН арнайы жасағы есікті бұзып кіріп, демалуға келген адамдарды аяусыз соққыға жыққан.

Facebook желісінде Миржан Балибаев есімді қолданушы болған жайтты сипаттап:

«Адамдар жұмыстан кейін тынығуға келген. Бірақ суға түсудің орнына – ОМОН шабуылына тап болды. Жерге етбеттеп жатқызды, ұрып-соқты. Көпшілігінің денесінде көгерген жаралар бар. Бұл – тексеріс емес, бұл – қинау» деп жазды. 

БАҚ дерегінше, моншада шамамен 60-қа жуық Қырғызстан азаматы болған. Такси жүргізушісі Алиханның айтуынша, олар моншаға туыстарымен барған кезде, есік бұзылып, дүрбелең басталған. Адамдар қашуға тырысқанымен, ешкімге еркіндік берілмеген. Бетке ұру, электрошокер қолдану, күш қолдану жиі кездескен.

«Бізді асүйге жинады, денелі азаматтарды бөліп алып кетті. Сақалды ер адамдарды жеке алып кеткен. Біреуінің сақалын сол жерде қырып тастаған. Қарсылық танытқанда – бетінен ұрды», – дейді Алихан.

Оқиға орнында полицей басшылығы тек бес сағат өткен соң келген.

Қырғызстан Жогорку Кенешінің депутаты Жанар Акаев бұл оқиғаға Facebook парақшасында үн қатып, Мәскеудегі ОМОН шабуылын «жабайылық» деп бағалады. Ол Қырғызстан билігін және сыртқы істер мекемелерін дереу әрекет етуге шақырды:

«Азаматтарымызды жаппай ұрып-соғып, адам ретінде қарамау – ақылға қонбайды! Біз ЕАЭО-ның мүшесіміз, стратегиялық серіктеспіз. Бірақ ондаған азаматымызды осылай қорлауға көз жұмып қараймыз ба?» – деп жазды депутат.

Мәскеудегі «Бодрость» моншасында Қырғызстан азаматтарына қарсы жүргізілген рейд тек әлеуметтік желілер мен БАҚ-та емес, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа да әсер ететін маңызды оқиғаға айналды. Қырғыз билігінің ресми наразылық нотасы мен қоғамның ашық талабы бұл мәселенің халықаралық деңгейде талқылануына себеп болуы мүмкін.

Тегтер: