Қырғызстан Ресейді ЕАЭО сотына берді
Қырғызстан еңбек мигранттарының құқықтарының сақталмауына байланысты Ресейді Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) сотына берді. Бұл туралы қырғызстандық Kloop.kg басылымы хабарлады.
27 қаңтар күні парламентте өткен еңбек және әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитет отырысында Міндетті медициналық сақтандыру қорының төрағасы Азамат Мұқанов Ресей тарапын ЕАЭО туралы келісім талаптарын орындамай отыр деп айыптады. Оның айтуынша, Ресейде жұмыс істейтін қырғызстандық мигранттардың отбасы мүшелеріне міндетті медициналық сақтандыру полисі берілмей келеді.
Мұқанов бұл талап ЕАЭО-ға мүше бес ел қол қойған келісімде нақты көрсетілгенін атап өтті. Атап айтқанда, құжаттың 96–97-баптарында еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелеріне жұмыс істеп жатқан елдің азаматтарымен тең дәрежеде әлеуметтік және медициналық қызметтерге қол жеткізу құқығы бекітілген.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімнің «Еңбек көші-қоны» бөліміне сәйкес, мүше мемлекеттер көші-қон саясатын өзара келісім негізінде жүргізуге және адам құқықтары мен бостандықтарын сақтауға міндетті. Сондай-ақ, жұмысшылар мен олардың отбасы мүшелері одақ аумағында жедел медициналық көмек пен әлеуметтік сақтандыру қызметтерін пайдалануға құқылы.
Басылым мәліметінше, Ресейде ЕАЭО елдерінің азаматтары 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу құқығына ие болған. Бұл үшін еңбек мигранты жергілікті жұмыс берушімен жасалған еңбек келісімшартын ұсынуы тиіс.
Алайда өткен жылдың қараша айында Ресей Мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володин шетел азаматтарына тегін медициналық көмек алу шарттары қатаңдатылғанын мәлімдеген. Жаңа талаптарға сәйкес, шетелдік азаматтар Ресей аумағында кемінде бес жыл заңды түрде еңбек еткен жағдайда ғана тегін медициналық қызметке қол жеткізе алады.
Қырғызстан тарапы бұл өзгерістер ЕАЭО келісіміне қайшы келеді деп есептейді. ЕАЭО сотының бұл іс бойынша шешімі алдағы екі апта ішінде шығуы мүмкін.